21.11.2019, 15:53
Қараулар: 77
ЖАС МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ

ЖАС МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ

Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов жастар жылына орай жас мемлекеттік қызметшілерді қабылдады.

– Жастар кез келген қоғамның алға сүйрер локомотиві іспетті. Қай елдің жастары өршіл, елжанды болса, сол елдің болашағы жарқын.  Туған жерге ту тігіп,  өз болашақтарын туған елімен, туған жерімен тығыз байланыстырған өздеріңдей мемлекеттік қызметтегі жастарға артылар жүк екі есе. Білемін, тәртіп қатаң, жауапкершілік мол, басқа мамандықтарға тиесілі боп жатқан бағдарлама игілігінен қалыс қалып жатсыздар. Осы «Дипломмен ауылға» бағдарламасының игілігін ауылға ат басын бұрған жас маманның бәрі бірдей тең көрсе деген тілек-ұсынысымызды дауысымыз жеткенше айтып жүрміз. Әлі де осы ұсынысымызды айта жүреміз. Осы шараны өткізудегі басты мақсатымыз жас мемлекеттік қызметкерлердің талап-ұсыныстарына құлақ түру,  ой-көзқарастарымен бөлісу еді. Кез келген жақсы ұсыныстарыңызды қолдауға, талап-пікірлеріңізді ескеруге тырысамыз, -деді аудан басшысы.

Аудандық қаржы бөлімінің басшысы Раушан Абдоллина жас мамандарға үлкен демеу боп отырған «Дипломмен ауылға» бағдарламасының іске асу барысына тоқталды.

Сайқын ауылдық окургі  әкімдігің бас маманы Бисен Қадыров мемлекеттік маңызды қызметті тек уақыт өлтіріп, ай соңындағы  жалақыға жету үшін емес, елге, жерге сапалы қызмет көрсетуге тырысайық десе, Мұратсай ауылдық округі әкімдігінің маманы Ақұштап Ғұмар жеке кәсіпкерлік пен мемлекеттік қызмет таңдау таразысына түскенде осы мемлекеттік қызметті таңдағанын айтып, жас мамандардың білімін жетілдіру курстары жиі ұйымдастырылса деген тілегін білдірді.

Өз кезектерінде сөз алған аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының І орынбасары Мейрамбек Аққалиев пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Асқар Әжіғалиев өздерінің қызмет бабындағы өсу жолдарын мысалға ала отырып, білімді, алғыр маманның еңбегі елеусіз қалмайтынын айтып өтті.

Өз тілшіміз