15.11.2019, 12:29
Қараулар: 126
САРБАЗДАР СЫНЫБЫ АШЫЛДЫ

САРБАЗДАР СЫНЫБЫ АШЫЛДЫ

Хан ордасы ауылындағы Жәңгір хан атындағы орта мектепте «Жас сарбаз» сыныбы ашылды. Бұл бастама Елбасымыздың «әскери-патриоттық тәрбиені жандандыру керек» деген тапсырмасынан туындады. Нәтижесінде білім ошақтарында отаншылдық рухты көтерер сыныптар ашыла бастады. Ол жайында жаңа сыныпты ашу салтанаты барысында көпшілікке ұсынылған арнайы бейнебаянда баяндалды. Айталық, бұл ауданындағы алғашқы сынып.
Жаңа сыныптың жетекшісі Жанболат Оңаев аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, подполковник Асхат Санға рапорт берді.

Ертөре Хайыров бастаған «Жас сарбаз» сыныбының 17 оқушысы «Отанды қорғар сарбаз боламыз» деп ант қабылдады.
Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов жас сарбаздарды ант қабылдауымен құттықтап: «Бабаларымыз бізге байтақ елді мұраға қалдырды. Осы қазақ жерін қорғау, өркендету міндеті көп ұзамай сіздің мақсатыңыз болады, жас сарбаздар! Елді білектің күшімен қорғаумен қатар, білімнің ұшқырлығымен алға жетелеу де маңызды. Сондықтан оқу үлгерімін назардан қалдырмыңдар»,-деді.
Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, подполковник Асхат Сан: «Қазіргі таңда елімізде 173 мыңнан астам жас сарбаз өзіңіздей ант қабылдады. Сендер солардың алды болатынына сенемін!»-деді.
Салтанатты шара жерлес ақын ағамыз Айбатыр Сейтақовтың өлеңіне жазылған «Жас сарбаз» әнімен тәмамдалды.
Аудан басшысы бастаған топ жаңа сыныптың материалдық базасымен жіті танысып, жоғары сынып оқушыларының қару макетін бөлшектеу мен жинаудың әрекеттерін тамашалады.
– «Жас сарбаз» сыныбын жасақтауға жергілікті қазынадан екі миллион теңге қаржы бөлінді. Оған сыныпқа қажетті көрнекі құралдар мен 18 оқушыға әскери киім сатып алынды. Әскерилер киетін аяқ киім (берцы) Орал қаласында арнайы тігілсе, киімді ханордалық кәсіпкер Назымгүл Оразгельдиева тікті,-дейді аудандық білім беру бөлімінің басшысы Жұбан Ғұмаров.
Раушан БАҚЫТОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар