15.11.2019, 12:22
Қараулар: 132
«ЕКІ ЖҰЛДЫЗ» КӨРЕРМЕНГЕ ЖОЛ ТАРТТЫ

«ЕКІ ЖҰЛДЫЗ» КӨРЕРМЕНГЕ ЖОЛ ТАРТТЫ

Сонау «Ұлттық арна» эфирінен талай өнерлінің жұлдызын жаққан  «Екі жұлдыз» жобасындай ән додасы сайқындық көрермендерге де жол тартты. Аудандық мәдениет үйі ұжымы мұрындық болған бұл сайыстың алғашқы кезеңі сейсенбі күні  өткізіліп, 11  жұп өнер көрсетті

«Өнерге әркімнің-ақ бар таласы»  демекші, кәсіби әншілермен жұптасып  дүйім жұрттың алдында өнер көрсетуге тәуекел еткен жандардың арасында түрлі кәсіп иесі бар.

– «Екі жұлдыз» жобасы араға бірнеше жыл салып ұйымдастырылып отыр. Бұл жолы сайыс ережелеріне біраз  өзгеріс енгіздік. Қатысушылардың өнерін бағалайтын қазылар алқасы бір қойған ұпайды келесі жұпқа қоя алмайды. Тек вокалдық қабілеттері ғана емес, олардың әннің мағынасына орай көрініс қоюы, актерлік шеберліктері, дуэт ретіндегі үйлесімділіктері де  назарға алынады»,- деп осы жолғы ән жарысының бұрынғыдан өзгерек  болатынын тілге тиек еткен мәдениет үйінің директоры Жоламан Сисенғалиев залға жиылған көрермендердің әділдік танытып, шын жүйрікті анықтауға үлестерін қосса дейді.

Алғашқы іріктеу кезеңі болған соң қобалжудың орын алуы заңдылық. Әйткенмен, жұлдыздай жарқырап көптің көңілінен шыққан өнерпаздарды да атап өтелік. Бисен ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Эльдар Құдабаев пен «Ер Төстік» балабақшасының тәрбиешісі Нұргүл Сүйінішева орындаған попурри  балабақша қызметкерлерінің әдемі көрінісімен айшықталды.  Залға жиылған ағайын  оларға қосыла шырқағандары бір бөлек,  түрегеп тұрған көрермендер еріксіз билей жөнелді. Клуб қызметкері Миллат Насыров пен  «Нарын жастары»  жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ырысқаным Нәбиғалиева, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар мекемесінің кеңесші маманы Оралбек Хайретдинов пен саз мектебінің оқытушысы Саида Әжіғалиевалардың дуэті де ерекше әсер сыйлады.

Айта кетелік, он бір жұптың өнерін аудандық саз мектебінің директоры Қуаныш Дүйсекешев, аталмыш білім ордасының оқытушысы Самал Рахымжанова, «Орда жұлдызы» газетінің тілшісі, режиссер Арайлым Есмағұл бағалап, төрелігін айтты.

Арай МАРАТ