15.11.2019, 12:18
Қараулар: 622
Өмірден өткенмен, көңілден кетпейсің… (Абат дос туралы сыр)  

Өмірден өткенмен, көңілден кетпейсің… (Абат дос туралы сыр)  

…Қас-қағым сәт: адам келді өмірге, қайта кетті. Құдды ештеңе болмаған сияқты. Тек жердің төсін теуіп, топырағы суымаған бір төмпешік қана жатыр. Тірліктен татар дәмің таусылған күні бұл фәниден бұйыратыны – жарты кез ақтық пен бір уыс топырақ қана. Дүние жалған деген осы шығар, сірә?! Біздің де қатарлас, қанаттас жүрген асыл досымыз, қимас бауырымыз Абаттың ортамыздан кеткеніне қырық күнге таяп қалыпты.

Иә, өмір-өзен осылай өз ағысынан жаңылмай, алға тарта береді. Таң атады, күн батады. Жұмыр басты пенденің еншісіне бұйырған бәз-баяғы қу тірлік! Тек сол асыл азаматтың қазір біз үшін жомарт жүрегі, жылы жүзі, әлдебір сөзі, кейбір қылығы – сағыныш! Сондайда ет-жүрегіміз елжіреп, көкіректе қимастық сезім ұялайды. Желден жүйрік көңіл деген көк дөнен сонау алыста қалған бала күндерге шауып, бірге асық атып, доп қуған сәттерді ойша шоласың…

А.Сұлтанов 1960 жылы 10 маусымда сол кездегі Орда ауданының Бисен ауылында дүниеге келді. Бірінші класқа Б.Жәнекешев атындағы орта мектепке барды. Абат бала кезінен салмақты, әдепті оқушы болып өсті. Сабаққа зерек, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. «Таға аға мен Айжан апаның тәрбиелі ұлы» деп мақтап отыратын мектеп мұғалімдері. Айналасындағылармен тез тіл табысып, өскен ортасында ерте дос жинай білді. Соның  айқын бір көрінісі: ол бала кездегі, мектептегі құрбыларымен, жастық шақтағы, студенттік жылдардағы достарымен жұдырықтай жүрегі тоқтағанша байланысын үзген жоқ. Жалпы, адам туып, жастық шағын бастан кешіріп, дүниеден озғанымен, «жастар» деп аталатын кеңістік өзгермек емес. Әрине, бір толқын өтеді, келесі толқын жетеді. Десек те, барлық адамның жас кезінде бастан кешкен сезімдері, албырттықтары, лапылдап тұрған от-сезімдері ұқсас келеді. Оқу, жұмыс жағдайымен туған жерден жырақта жүргендіктен, балалық шаққа деген сағыныш сезім біздің жүрегімізді де жиі сыздататыны түсінікті. Сол балалық-балдәуреннің талай қызықты сәттерін көбіне Абат досымыз арқылы көз алдымызға елестетініміз заңды құбылыс шығар! Ой-хой, шіркін, балдәурен балалық шақ… Ендігі жерде сен желбіреткен сол достық туы әрқайсымыздың өмірімізді нұрландырып, бір-бірімізге деген ыстық сезімді еш суытпасы анық.

1977 жылы орта мектепті ойдағыдай аяқтаған ол Оралдағы Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институтының механизация факультетіне оқуға түсті. Алғашқы курстарда күреспен айналысып, белсенділер сабынан табылды.

Еңбек жолын  Әбекең  1982 жылы алған мамандығына сәйкес, Бисен совхозында автомеханиктіктен бастады. Келер жылы машина-трактор шеберханасына инженер-бақылаушы болып ауысса, бір жылдан соң ауыл  жастары оны Бисен совхозы бастауыш комсомол ұйымының хатшысы етіп сайлады. Дәл сол жылы тамыз айында Абат пен Шынардың тойы болып, досымыздың шаңырақ көтергеніне бірге қуанғанымыз да әлі есте. Жасыратыны жоқ, әр жыл оның өміріне өз жаңалығын сыйлап отырды. Бұл, әрине, жас жігітті қанаттандырғаны айқын. Осылайша, өз іскерлігімен танылған жетекші 1985 жылы аудандық комсомол комитетінің екінші хатшылығына сайланды. Тынымсыз күндер, әр совхозға, қала берді Оралға іссапарлар, жастармен етене жұмыс Абатты одан әрі шындай түсті.

Ал, 1986 жылы облыстық комсомол комитеті үш азаматты: Ордадан Абатты, Тайпақтан Аманияз Ержановты, Жалпақталдан Ерболат Мұқаевты Мәскеу қаласындағы БЛКЖО Орталық комитеті жанындағы Жоғарғы Комсомол Мектебіне оқуға жолдады. Бір жылда бүкіл Кеңестер Одағынан жиналған жастар көшбасшыларымен тәжірибе алмасқан ол білімі толысып, еліне таным-түсінігі кеңейіп оралды. Әсіресе, 1988 жылы Ордада өткен облыстық «Әкелер даңқы жолымен» фестивалінде тапсырылған жұмысқа тиянақтылығын айқын көрсетті. Осылайша жастармен жұмыста әбден шыңдалған Абат Тағаұлы 1990 жылы Орда аудандық партия комитетіне нұсқаушы болып  ауысты. Одан кейін Орда аудандық тұтынушылар қоғамында, «Әулет» бірлескен кәсіпорынында, «Оралгаз» АҚ Орда аудандық бөлімшесінде басшылық қызметтерді  абыроймен атқарды.

1997 жылы  аудан әкімі аппаратына ұйымдастыру, бақылау және кадр жұмысы бөліміне қызметке шақырылса, көп ұзамай, аудан әкімі аппаратының жетекшісі қызметіне тағайындалды. Бұл қызметті де жоғары біліктілікпен, парасаттылықпен атқарып, ел құрметіне бөленді. Сол кездегі қиыншылықтарды көппен бірге көріп, айналасына өз шапағатын тигізе білгенін қазір көзкөргендер сүйсіне әңгімелеп жүр.

Жылыстап жылдар алға жылжыған сайын адам өмірінде де өзгерістер болуы заңдылық қой. Қанаты қатайған қыран құстай шыңдалған Әбекең де 2005 жылы қос ұлының болашағын ойлап, Орал қаласына қоныс аударды. Көпке сыйлы азамат жаңа ортаға да тез сіңісіп кетті. Әуелі Орал қалалық әкімі аппаратында бас маман, бөлім меңгерушісі болса, кейін ауыл шаруашылығы бөліміне басшылық етті. Бір қыдыру уақыт ҚР АШМ Орал қалалық аумақтық инспекциясының мемлекеттік инспекторы болды.

2011 жыл біздің Әбекеңнің өмірбаянына тағы бір жаңа бет қосты. Ол енді облыстық мәслихат аппаратына қызметке шақырылып, сатылап көтеріле отырып, 2014 жылы аппарат жетекшісі болды. Осы қызметті өмірінің соңғы сәтіне дейін зор жауапкершілікпен атқарып, үлкенді-кішілі әріптестерінің жүрегінен лайықты орын тапты. Азаматтық ажары да айшықтала түсті. Облысымыздағы өкілді орган мәслихаттың жұмысын жаңаша ұйымдастыруда, депутаттарды қажетті құжаттармен уақтылы қамтуда және аппарат жұмысын жетілдіруде өзіндік білім-білігін айқын көрсетті.  Мемлекеттік қызметтегі  еңбегі де  орынды бағаланып, «Қазақстан мәслихаттарына – 20 жыл» мерекелік медалімен, алғысхаттармен, «Құрмет» грамоталарымен марапатталды.

«Азамат ердің баласы, ас сөйлер де, көп жортар» дейді Махамбет ақын. Текті әулеттің тұяғы біздің Абаттың бойында да  ерге тән ізгі қасиеттер мол еді. Ол әке-шешесінің маңдайға басқан жалғызы болып, еркін һәм ерке өскен жоқ. Бала жастан аз сөйлеп, көп білуге құмартты. Көңіл көкжиегі де кең, әсерлі әңгімені ұйып тыңдайтын. Үлкенге деген құрметі тіптен бөлек-ті. «Қойдың бойында арқардың қаны болмаса, тастан секірмес еді» — дегендей, мұның бәрі Таға әкенің тәлімді тәрбиесінің жемісі болса керек. Әрі осындайда биік төбеге биік өре ғана шығаратынына еріксіз иланасың. «Ақылды адамдар бақытты күтпейді, оның алдынан шығады» деген қазақы қағида да осы біздің Әбес досқа қаратып айтылғандай. Ол қызметте ғана емес, тұрмыста да өз қатарластарының алдыңғы легінен көрінді. Қысқасы, қай кезде де барлығын нарлығымен ұғындыра білді. Азаматтығы мен адамгершілігіне құлаудай дақ түсірмей, ағайын-туыс, дос-жаранын да қамқорлап жүрді. Алда-жалда шешіле сыр ақтарған кезде: «Мен үшін адамдық қарым-қатынас бәрінен жоғары. Өзге бір жанға көмегің тиіп, дұрыс бағыт-бағдар бере білсең, соның өзі – қуаныш» дейтін-ді. Қиналған жанға қайтарымсыз қолұшын бере салатын мәрттігін де талай көргенбіз.

Несін жасырамыз, өлім түгілі өкпеге қимайтын һәм жаны ізгілік пен ізеттіліктен жаратылған досымыздың асқақ беделін қаралы жиынға ағылған қарақұрым халық нөпірінен де айқын аңғардық. Әрісі сонау Ресей төрі – Мәскеуден, алыс Алматы мен Астанамыздан, көрші Ақтөбе мен Атыраудан, облысымыздың бірнеше ауданынан, өз туған атамекені – Бөкей Ордасынан, қайсыбірін айтайық, қаралы хабарды естіген жора-жолдастары, сыйлас-сырластары, дос-қимастары құстай ұшып жетті-ау! Бәрі де жанұясына жұбату сөзін айтып, кейбірі жанарларына еріксіз жас алып, Әбес доспен қимай қоштасты ғой… Жас дегеннен шығады, сол күні табиғат-ана да ақ жүректі адал азаматты қара жер қойнына қимағандай, қабағын қарс түйіп, ақ жауын себелеп тұрды. Сондағы құдасы Төкеңнің, Төлегеннің «Құда болған он жылымыз он күндей болып өтті де шықты-ау… Осы аралықта біз құда емес, бауыр болып кетіп едік. Әттең, өмірдің тосыннан келген қасіретіне не шара?! Құдайым, құдамның алдын жарық етіп, пейіштен орын бергей», — деп жанарын жас жуа тебіренуі көпті толқытып кетті. Cондай-ақ, Сұлтановтар әулетінің басына түскен осынау ауыр қайғыны облыстық «Орал өңірі» газеті арқылы облыс әкімдігі, облыстық мәслихат және облыстық қоғамдық кеңестердің бөлісуі де оның жанұясына үлкен демеу болғандай. Ал, бүгінде қалалық бір топ бөкейордалықтардың «Жайық үні» газеті ұжымымен бірлесіп жазған қазанамасындағы: «Жүзі жылы, үлкен-кішіге сәлемі түзу, ұлтжанды, адамгершілігі зор Абат Тағаұлын ешкім қара жерге қимайды» — деген жолдардан қадірлі достың жарқын бейнесін жадында мәңгі сақтайтын қалың жұрты барын сезіндік. Сіздерге де мың сан рахмет, біздің қымбатты жерлестер!!!

Қайран, дос!!!

Сені енді қайта көрмейтінімізге көңіл көндігер емес. Қайтерсің, жазымыштан озымыш жоқ қой. Тек жүрекке жұбанышы – артыңда ошағыңның отын өшірмес сүйікті жарың Шынар, алтын асықтай екі ұлың мен ибалы келіндерің, сүйкімді немерелерің қалды. Олар өзің салған өнегелі өмір жолын одан әрі өрнектей түсеріне және шаңырағыңның шаттығын ортайтпайтынына  сенеміз.

Тоқсан ауыз сөзге жасар тобықтай түйініміз: өз елінің жарқын болашағы үшін өмір бойы еңбек еткен адал азамат, қамқор әке, сүйікті ата болған Әбекеңнің топырағы мамық, жатқан жері жарық болғай. Алла тірліктегі имандылығын о дүниеде де серік етіп, нұры пейіштің төрінде шалқысын!!!

 

Дос-құрбылары атынан:

Мирболат Сихов,

Мәлік Құлшар,

Болат Бадашев,

Бауыржан Бисенов.