15.11.2019, 12:14
Қараулар: 461
ЖОСПАРЛАНБАҒАН ЖҮКТІЛІК: САЛҒЫРТ АНА, ДІҢКӘС БАЛА

ЖОСПАРЛАНБАҒАН ЖҮКТІЛІК: САЛҒЫРТ АНА, ДІҢКӘС БАЛА

 

Аудан бойынша биылғы жылдың он айында 19 әйел түсік жасатыпты. 19 түсік – 19 әйелдің қателігі. Түсіктің он тоғызы да жоспарланбаған  жүктіліктің салдары.

Орекеңдер айтатындай «нежеланный ребенок», «нежеланная беременность» дейтін сөздердің мағынасын дөп ашатын қазақша баламасын таппадым. Дүниеге әр сәби несібесімен келеді, «бір қозы артық туса, бір уыс шөп артық шығады» дейтұғын  балажанды қазағым үшін   сәбидің «нежеланныйы», нәрестені Алланың аманатына балаған қазақ әйелі үшін жүктіліктің де  «нежеланные» болушы ма еді?! Бір сәбиге зар болып, тағдырына налыған әйелдердің жанында бала көтеру бақытына ие болған әлгі «түсік жасатуға құмар» келіншектер қандай нығметтен қағылғандарын сезіне алар ма екен?

Әйтсе де жоспарсыз жүктілік салдарынан  бір жылдың ішінде жиырмаға жуық түсік жасалуы осынау жағымсыз түсініктің біздің қазақы қоғамға да сіңісті бола бастағанын  ұғындырғандай.

Мұны ауданымыздың бас гинекологы Күләнда Абдолова қоштап,

– Жасырып қайтеміз, 19 түсіктің басым бөлігіне  жоспарсыз жүктілік себеп болып отыр. Қазіргі кез келген ақпараттың қолжетімді заманында әйелдердің жүктіліктің алдын алу, сақтану шараларын елеп-ескермейтіндеріне  қалайша таңқалмайсың?! Әбден болары болып, бояуы сіңген соң «мен бұл баланы қаламаймын, асырауға шамам жетпейді» деп еңіреп келеді. Келесісінің денсаулығы жүктілікке жарамағасын медициналық жолмен үзуге тура келеді. Қазіргі әйелдердің денсаулықтары өте әлсіз, күтінбейді, қажетті дәрумендер былай тұрсын, дұрыс тамақтану секілді профилактикалық шараларды қаперлеріне алмайтыны қынжылтады. Сөйтеді де «бала көтеріп қойдым» деп зар жылайды,-дегенді айтады.

Аудан көлемінде   3025 ұрпақ өрбітуге қабілетті әйел бар. Биылғы жылдың он айында 240  әйел жүктілігі бойынша есепке алынды, соның  216-сы 12 аптаға дейін тіркеліп, тиісті тексерулерден өтті. Ал, Орда, Бисен, Ұялы ауылдық округінің келіншектері уақтылы есепке тұруға асықпайтын көрінеді.  Десек те бұлардың арасында жүктіліктің қауіпті кезеңдерін өткізген келіншектер де жоқ емес. Ең қорқыныштысы жоспарланбаған жүктілік салдарынан әйелдер арасында перинитальдық өлім көбейіп отыр.

Күләнда Абдолова,  аудандық аурухананың  бас гинекологы:

2018 жылы екі периниталдық өлім тіркелсе, биыл  алты  перинатальдық өлім орын алды. Оқыс жағдайдың біреуі Бисен, бесеуі Сайқын ауылдық округі бойынша тіркелді. Әйелдердің шамамен жас мөлшері жасы 26, ересегі 45 жаста.  Мұндай қайғылы жағдайдың орын алуына жаңадан босанған әйелдің араға уақыт салмай келесісін көтеріп кетуі, енді бірінің өкпе, бүйрек, бауыр, жүрек  дертінің ушығып, емдеу курсынан өтпеген, т.б. диагноздарымен есепте тұрса да, денсаулықтарына салғырт қарап, жүкті екендіктерін білмеуі себеп болды.  Әр жүктілікті жоспарлай біліңіз, алдын ала дайындалыңыз деп шырылдайтынымыз сондықтан. Былай қарасаңыз, қарапайым ғана қағида секілді. Іс жүзінде бәрі басқаша. Тіпті кей әйелдерге флюрографиялық түсірілім жасап үлгермейміз. Не себепті дейсіз ғой? Өйткені, аяғы ауырлағанына 15 аптадан асып кеткен. Дәрігерлерге арнайы шақыртумен ғана келеді. Аудан орталығынан шеткері қоныс тепкен округ әйелдерінің арасында да жүктілікке бейқам қарайтындар бар. Қалыпқа келіп үлгермеген ағза жүктілік  әсерінен орын алатын физиологиялық өзгерістерге дес бермеуі ықтимал.  Ана  мен сәбидің өміріне бекерден алаңдамаймыз.   Бала сүйіп, ана атануға біз де тілекшіміз.

Мөлдір Абатова,  терапевт дәрігер:

– «Жүктілікті жоспарлайық» деп қанша жалаулатсақ та,  көптеген келіншек баяғы әдетіне басады. Дәрігерлік практикамда баласын емізе жүріп, екіншісін көтеріп кеткен әйелдерді де, гемоглобині тым төмен, яғни, ағзасы қалыпқа келіп үлгермеген, күйзеліске ұшыраған әйелдермен жиі ұшырасамын.  Аяғы ауырлағанынан бейхабар әйел түрлі дәрі-дәрмектерді қабылдау, рентген немесе флюрографияға түсу  секілді жүктілікке мүлдем кереғар әрекеттерді жасауы мүмкін ғой. Өз кезегінде мұндай жәйттер шарананың дамуына кері әсерін тигізбей қоймайды. Өкінішке қарай  нәрестенің жетілуіне жауапты  темір, кальций жетіспеушілігімен, жүрек, бүйрек ақауларымен, балалардың церебральды сал ауруы, т.б диагнозбен туылған сәбилер жоспарсыз жүктіліктің салдарынан десем артық айтқандық емес.  Қазір оларды қатаң есепке алдық, арнайы мамандардың жіті бақылауында,-деп әйелдерді денсаулығына салғырт қарамауға шақырады.

Дәрігерлердің сөзінің жаны бар. Аудан бойынша 8097 қыз-келіншек тіркелсе, соның қайсысының тұрмыс құрып, жүкті болғанынан лезде хабардар отырардай  ақ халаттылардың  мүмкіндіктері қайдан болсын?..  Ең басты жауапкершіліктің   әйелдің мойнына артылары айтпаса да түсінікті секілді.

Аудан бойынша жүктілік денсаулығына, тіпті өміріне кереғар саналатын 45 әйел есепке алынған.  Таратып айтсақ, бұл тізімдегі «йелдердің денсаулығы бала көтерулеріне үлкен тәуекел тудырады. Ол үшін ұзақ мерзімдік емделу курстарынан өтіп, денсаулықтарына нұқсан келтірген ауруларынан әбден айығулары шарт екен. Бұл категорияға  төрттен аса   кесір тілігін жасатқан, туа бітті жүрек ақауы бар, ашық туберкулезбен, эндокриндік т.б. дертке шалдыққан әйелдер жатқызылады және олардың жай-күйлері  дәрігерлердің бақылауында. Денсаулықтарын түзеп, бала көтеруге қабілетті болған жағдайда ғана «ақ батамызды» береміз дейді. Десе де, «өзім білемге» салып шыбын жанын тәуекелге тігетіндер жоқ емес. Былтыр ғана бір келіншек қызыл жегі (красная волчанка) ауруымен ауырып, дәрігерлер қауымын біраз әбігерге салыпты.  Абырой болғанда анасы да, сәбиі де дін аман қалды.  Алайда дәл осындай дертке шалдыққан әйел жүкті болса, мұндай сәттілік бұйырмауы әбден мүмкін дейді гинеколог.

Сәбидің денсаулығына әкесі де жауапты

Әулеттің ат ұстары не кестетігерінің денсаулығына тек ана байғұс ғана жауапты деп түсінсек, әсте қате. Балаға берілетін генетикалық элементтердің жарты пайызы әкеден  дариды. Егер дүниеге келген сәбидің бауыр, бөтеке, жүрек т.б ішкі ағзаларында ақау болса ол ішкіш, шылымқор ерінің қосқан «үлесі» деп түсінген жөн.  Ер адамдар да хламидий, уреаплазма, микоплазма, трихомонад т.б жатыр жыныс жолдары инфекцияларына тексерістерден өтулері  тиіс.  Өйткені, көптеген жыныс аурулары жасырын өтуі мүмкін. Қажетті сараптамалардан өту әр есті еркектің парызы.

Есі жоқты әурелеп…

Тағы бір мәселенің тиегін ағытайық. Сіз бен біз өмір сүретін қоғамда хайуандықпен пара пар дүниелердің қатар жүруі әдет емес пе еді?! Айтпағым, аудан көлемінде психологиялық ауытқулары бар  15  қыз-келіншек арнайы есепте тұр.  Әттегенайы, осы он бестің  ішінде   арам пиғылды нәпсіқұмарлардың алдауына түскендер де жоқ емес. Саналы түрде әрекетін бақылай алмайтын әйелдерге ойындағысын жасап, тояттарын қандыратын еркектердің бұл жүрісін адамшылыққа балауға келмес. Аудандық гинекология бөлімі оларды уақтылы контрацептикалық препараттармен қамтамасыз етіп тұрады. Өйткені, бұл әйелдерге жүктілік мүлдем тыйым салынған. Мұндай әлжуаз  әйелдермен ойына келгенін істеуге даяр еркектерге жаратқан жүректеріне иман берсін деуден басқа қолымыздан не келеді…

Айтпақшы, ауруханада жүктілікті жоспарлау кабинеті бар. Тіркеу жорналына бүгінгі күнге шейін 2100 әйелдің есім-сойлары  жазылыпты.   Ал, саналы түрде  есігін ашатындар некен-саяқ. Шынтуайтында мамандар жүкті әйелдің емес артынан қумай, бала күтіп жүрген келіншек  мерзім сайын ауруханадан табылып, олармен  ұдайы байланысты үзбеулері шарт қой.

Әлемде жыл сайын сексен милионнан аса жоспарсыз жүктілік тіркеліп, салдарынан туабітті аурулар саны көбейгенін айтып  мамандар дабыл қағуда. Аудандық ақ халаттылардың да уайымы солармен үндес.  Аналарымыз құрсағына шақалақ біткен  ерекше кезеңнің ләззатын сезінбей,   дерттен жапа шекпесін, дүние есігін ашқан сәби дімкес боп, аурудан көз ашпасын десек,   жоспарлы жүктілікке жүгінейік. «Әр бала ырыздығымен дүниеге келеді», «берген құдай азығын берер» деп қарабайырлыққа бой алдырмай, сау сәби, саналы ұрпақ өсіруімізге нәсіп еткей!

 Арайлым МАРАТ