15.11.2019, 12:11
Қараулар: 305
АУЫЛ АЗАМАТТАРЫНЫҢ МҰҢ-МҰҚТАЖЫ ТЫҢДАЛДЫ

АУЫЛ АЗАМАТТАРЫНЫҢ МҰҢ-МҰҚТАЖЫ ТЫҢДАЛДЫ

Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов бастаған бірқатар мекеме басшылары мен мамандары аудан орталығынан  шалғай орналасқан Бөрлі, Ұялы және Саралжын ауылдарына барып, ауыл азаматтарын қабылдады.

«Ашық әкімдік» мүмкіндігін пайдаланып, аудан басшысының алдына келген азаматтардың шағымдары біртекті деуге болады. Ауыл азаматтарын мазалаған мәселелер қатарында жұмыссыздық, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) және көгілдір отын мәселесі бар.

Аудан әкімінің жеке қабылдануына жұмыс мәселесімен жүгінгенінің саны өте көп болды. Аталған мәселе бойынша Нұрлан Сағынтайұлы азаматтардың өтінішін тыңдап, оңтайлы шешімін табуға жұмыстанатына уәде береді. Шара барысында оң шешімін тапқан мәселелер де айтарлықтай.

Бөрлі ауылының азаматшасы Биғайым Әнес баспанасына газ өткізуге көмек сұрады. Бұл азаматша үйін «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен алған екен. Баспанасы газдалмаған. Бағдарлама бойынша алынған үй әзірше әкімдік балансында, сондықтан баспананың табиғи отынмен қамтамасыз етілуі әкімдік қолдауымен жүзеге асады екен. Осыны ескерген аудан басшысы бұл мәселе шешілетінін айтып, тиісті мекеме қызметкеріне  тапсырма берді.

Жер мәселесі де қозғалды. Ғалымжан Байсүндетов ағамыз баласының қарауында шаруа қожалық бар екенін айтып, бірақ жер көлемінің тарлық етіп тұрғанын айтып, көмек сұрады. Нұрлан Сағынтайұлы бұл мәселе бойынша жер қатынастар бөлімінің басшысы Руслан Каринге  тапсырма беріп, аз уақытта бұл мәселе шешімін табатынын айтты.

Жұмыспен қамту орталығының басшысы Исатай Озға жүгінген адам саны да 30-ға жуық. Бірі жұмыс сұрап жүгінсе, екіншісі АӘК мәселесіне және өзгерістері бойынша сұрағына жауап алды.

– Қазіргі уақытта бір шаруа қожалықта жолдасым екеуміз жұмыс жасаймыз. Екеумізге не бары 40 мың теңге ақша төленеді. Сол аталған сомаға тамақ аламыз. Үш баланың анасымын. АӘК бағдарламасы бойынша 250 мың теңге ақша алғам. Тағы да алғым келеді. Қандай өзгерістер бар және сол ақшаны алсам, балаларымды киіндірсем деген ойым бар,- деп ұялылық Ботакөз Ерғалиева мекеме басшысына жолықты.

– Біріншіден, 40 мың теңге өте аз жалақы. Қаласаңыз ауданымыздан басқа шаруа қожалықтан жұмыс тауып берейік. Жұмысшы іздеген шаруа қожалық иелері өте көп, кем дегенде 100 мың ақшалай және тамақпен қамту мәселесін өз мойындарына алады. АӘК бойынша алынған сомаға балаңызды киіндіруге қақыңыз жоқ. Ол мәселе келісімшартта аталып өткен. Ал өзгерістерге тоқталсақ, жаңа жылдың 1 қантарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек алынып тасталмайды, тек шынымен мұқтаж, аз қамтамасыз етілген отбасыларға, оның ішінде, көпбалалы отбасыларға берілетін болады. Оны тағайындау үшін отбасы табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%- ынан төмен болуы керек деген талап өзгермейді. Мұндағы негізгі өзгеріс деп, биыл отбасындағы әр балаға 20 700 теңгеден, ал, ата-анасына отбасы табысына байланысты төленген болса, келесі жылдан бастап, ондай көмек барлық отбасы мүшелері үшін отбасы табысына қарай айқындалатынын айтуға болады. Яғни, АӘК мөлшері жан басына шаққандағы отбасының орташа табысы мен ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% арасындағы айырма ретінде төленетін болады. Сондай-ақ, ол ай сайын емес, тоқсанына бір рет бұрынғыдай, отбасы табысын растап отыру арқылы төленеді деп күтілуде. Бұл ретте учаскелік комиссия АӘК алушыларды тоқсанына бір тексеріп отыратындығын да айта кеткен жөн. Сонымен қатар, АӘК алу үшін отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыс істеуі керек болады. Салалық министрлік ескерткендей, отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамту шараларынан бас тартатын болса, онда ол ғана емес, бүкіл отбасы мүшелері АӘК-тен қағылатын болады. Ал, қазіргі механизм бойынша атаулы әлеуметтік көмек жұмыстан бас тартқан отбасы мүшесінің төлемі ғана тоқтатылады- деп түсіндіру жұмыстарын жүргізді Исатай Оз.

Айтарлықтай, көгілдір отын мәселесі. Аталып өткен ауылдарда бір жағдай. Мердігерлердің  жауапсыздығынан кейбір ауыл тұрғындары табиғи отынның игілігін көре алмай отыр. Нақты айтқанда «Жайық құрылыс факт» ЖШС-нің қызметкерлері жеке тұрғын үйлеріне газ өткізіп беріп, ақшасын алса да, тиісті құжаттарын қаладағы тиісті мекемелерге өткізбеген.

– Жәбірленушілердің саны көп. Өкінішке орай, бұл мәселені мен шеше алмаймын. Бұл мәселені шешу амалы ол сотқа жүгіну,- деді өз сөзінде «Интергаз» АҚ Жәнібек газ шаруашылығының шебері Рахымжан Кенжеғалиев.

Аудан басшысы ауылдарға сапары барысында тек «ашық әкімдік» акциясымен шектелмей, М.Бегалиева атындағы орта мектепке жүргізілген жөндеуді қадағалап, Саралжын ауылында салынған футбол алаңының жағдайымен танысты.

Еркебұлан БИСЕНҒАЛИЕВ