15.11.2019, 11:22
Қараулар: 286
ТАЛАНТТАРҒА ЖОЛ АШҚАН ШАРА

ТАЛАНТТАРҒА ЖОЛ АШҚАН ШАРА

«Бақытты елдің ұрпағы» қорының ұйымдастыруымен балалар мен жасөспірімдер арасында өткен «Дала сазы» атты республикалық байқау мәресіне жетті. Байқауда 300-ге жуық бөкейлік өрен аспапта ойнау, дәстүрлі ән, көркемсөз оқу, хореграфия, вокал, бейнелеу мен қолөнері жанрлары бойынша бақ сынады.

– Аудан бойынша үш жастан 19 жасқа аралығындағы 300-ге жуық үміткер қатысқан республикалық байқау өнерлі өрен, тума таланттарымызға жол ашты. Үлкен серпіліс берді. Түрлі жанр бойынша, дуэт, трио, квартеті бар, 150 қатысушы балапан топ, бүлдіршін топ, кіші, жеткіншек, орта және жоғары топ боп, жас ерекшеліктеріне қарай топтастырылды.  Аудандық саз мектебінің өзінен 90-ға жуық өнерпаз тіркелді. Қамтылмағаны театрландырылған қойылым көрсету жанры болды.  Екі күнге созылған байқау нәтижесінде 18 қатысушымыз бас жүлде, 27 қатысушымыз І орын, 19 өнерпазымыз ІІ, 32 өнерлі өреніміз ІІІ орындарды иеленсе, 26 талантты жасымызға арнайы жүлде тағайындалып, 15-і дипломант атанды. Талантты өрендеріміздің талаптарын шыңдаған жетекшілері де марапатсыз қалған жоқ. Олардың да еңбектері еленіп, алғысхаттар табысталды,-дейді аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Жанаргүл Айғалиева.

Вокал номинациясы бойынша Қ.Сағырбаев атындағы мектеп  оқушысы Гүлпара Табылдиева  2020 жылы мамыр айында   Алматы қаласында өтетін  «Біз бақытты баламыз» атты Халықаралық байқауға тегін жолдама алды.

Бексұлтан Қайратұлы, Нұршат Мұханбетқали, Айым, Сезім Хамидоллаларға, Рада Манасова, Нұрдәулет Қайсағали, Ерасыл Есмақ, «Самал сұлуларының» әншілері, Гүлнұр Қалиолла, Нұрсәт Сұлтанияр сияқты 12 талантты жас  2020 жылдың наурыз айында Ташкент қаласында өтетін дарынды балаларға арналған  халықаралық «Біз бақытты баламыз» атты өнер додасында 20% жеңілдікпен  бақ сынауға жолдама алды.  Осы байқау жаққан жұлдыз деп жиекқұмдық Гүлнұр Қалиолланы айтуға болады. Бұрын-соңды үлкен өнер аламанына қатыспаған жас талантымыз тума талант, шын  шебер екенін «әу» дегенінен танытып, бұлбұл дауысты әншілігімен  таң қалдырды.

Өз тілшіміз