15.11.2019, 11:09
Қараулар: 269
ҚАРАШАДА ӨМІР ТҰР…

ҚАРАШАДА ӨМІР ТҰР…

Қараша – күнтізбенің он бірінші, күз мезгілінің соңғы айы. Он бірінші ай парсыша-қазақша «қауыс», «қараша» атауларға ие. Құстардың соңын ала қараша қаздар кететін ай аты тілімізде қараша болып қалған деседі көнекөз қариялар. Ғалым Б.Куфтин бұл айда жер қара топырақ болып, жаздай малдың тұяғы таптаған өріс тозып, қара балшыққа айналып, қатып-семіп жатқан кезіне сәйкес қойылған деп түсіндіреді. Ал зерттеуші М.Исқақов ертеректе ақсүйек хан тұқымдары мен ірі феодалдарға «қара бұдын» еңбекші халық төлейтін «хараж» салығы осы айда жиналатын болған. Диқандар астықтай, көшпелілер малдай төлеген. «Қара мал» атауы – осы харажға берілетін мал атауынан шыққан. Бұл деректерге қарағанда, қараша – хараж айы, яғни жылдық салықты төлеп бітіретін ай деуге болады». Зерттеуші О.Әбуталиповтің пікірінше, «қараша айының атауы хараж салығына қатысты емес, жердің қара қошқылданып, өрістің тапталып, қураған шөптің қара баптаққа айналып жатқан бейнесі сипатталатын кезбен сәйкес қойылған».

Қарашаның 25-інен Үркер батып, қыс тоқсанның басы басталады. Сол себептен алдағы суықтарға шыдамайтын кәрі-құртаң, көтерем малдарды сойып, күз соғым жасайды. Осыдан ел ішінде «қараша қауыс, кәрі-құртаңды тауыс» деген мақал сақталған. Мұндағы қауыс сөзі – араб сөзі, қараша ай атын білдіреді.

«Қараша келмей, қар жаумас» дейді ел. Қар қарашаның алғашқы күндерінде түсіп, ерімей жатып қалса, қыс ұзақ болады деп айырықша қамданған. Осы айда адамды, малды ықтырып, бет қаратпайтын суық жел соғады, оны ел арасында ықтырма жел деп атайды.

Қараша-желтоқсанда киіктер үйірге түсіп, сәуір-мамырда лақтайды. Бұл кезде күн райында айтарлықтай өзгерістер болады. Табиғат құбылысы мен киік тіршілігінің арасындағы байланысты аңғартатын «киіктің мойын жуары», «киіктің матауы», «киіктің белбасары», «киіктің лақ өргізбесі», «құралайдың салқыны» тәрізді ұғымдар пайда болған.