6.11.2019, 18:56
Қараулар: 443
ЖӘРДЕМОВ ЖҮЛДЕСІ ҮШІН КҮРЕС

ЖӘРДЕМОВ ЖҮЛДЕСІ ҮШІН КҮРЕС

 

Сайқын ауылында ҚР құрметті спорт қайраткері, Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы Жұбаныш Жәрдемовтің жүлдесі үшін қазақ күресінен облыстық турнир өтті.  Жасөспірімдер бозкілемде белдесіп, үздік палуан атағы үшін сайысқа түсті.

Жұбаныш Жәрдемов 1952 жылы Бөкей ордасы ауданында дүниеге келген. Танымал спортшы, бапкер, Қазақстанның кұрметті спорт қайраткері. Орал қаласындағы педагогикалық институтында оқып жүргенде самбо күресімен айналысқан. Бүкілодақтық «Буревестник» студенттер спорт қоғамының чемпионы атанып, Қазақ КСР-ы құрама командасының мүшесі болған. Витебск қаласында (Беларуссия) 1975 жылы өткен бүкілодақтық «Буревестник» спорт қоғамының жарысында чемпион болып, КСРО спорт шеберінің нормасын орындаған. Сол жылы Тбилиси қаласында (Грузия) өткен жазғы VI Бүкілодақтық КСРО халықтары спартакиадасына қатысқан. 1976 жылы Курск қаласында (Ресей) өткен бүкілодақтық студенттер универсиадасында ІІ орынды иеленген. Ал 1977 жылы  Липецк қаласында (Ресей) өткен бүкілодақтық жарыста чемпион атанған.

Казіргі кезде Жұбаныш ағамыз Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің спорт клубында төраға. Оған қоса Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы және халықаралық дәрежедегі төреші.

Жұбаныш ағамыздың жүлдесі үшін қазақ күресінен турнир биыл он жетінші рет өткізіліп отыр екен. Бір сөзбен айтқанда, дәстүрге айналған сайыс десек артық болмас.

Турнирдің ашылуында жарыс төрешілері мен жас палуандар сап түзеп, мемлекеттік әнұран шырқалды. Аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева «қош келдіңіздер» айтып, қатысушыларға сәттілік тілесе, өз кезегінде Жұбаныш Садырұлы жүректерін үміт пен күдік қатар кернеген палуандарымызға ақ батасы мен ақ тілегін арнады.

Бір күнді еншілеген күрес бәйгесіне ордалық палуандардан бөлек, Орал қаласы мен Жәнібек, Қазталов ауданы командаларының спортшылары да қатысты. Жалпы 80 жуық жас палуан боз кілем үстінде намысы мен қайратын қатар сынға салып, дәстүрге айналған турнирдің көрігін қыздырды. Бірінен-бірі айла-тәсілін асырып, дүйім халық алдында шеберліктерін көрсете білген жас жампоздар көптің ыстық ықыластарына бөленді. Мықтылар арасынан қарсыластарын қапы қалдырып, жауырыны жер иіскемеген бөкейордалық Жалғас Ұқталиевпен (35 келі) бірге, Фархат Пазылов (38 келі), Бексұлтан Серікбай (42 келі), Думан Ғиззатов (55 келі), Айдар Есбол (46 келі), Саят Нұрсұлтанов (50 келі), Дарын Асқаров (60 келі) Мерген Задоров (+66 келі) І орынды жеңіп алды. Турнирдің барлық жүлдегеріне диплом мен медальдар табыс етілді.

Жалпы командылық есеп бойынша ІІІ орынды Қазталов ауданы алса, үздік атағына Жәнібек және Бөкей ордасы ауданының жас спортшылары өзара сайысқа түсті. Қорытындысында бөкейліктер алтын кубок иегерлері атанды.

— Қазақ күресі бұл ұлттық бренд. Аталып отырған облыстық деңгейдегі турнир біздің ауданда өтіп жатқаны керемет жетістік.  Әрине, көп деген алғысымды жерлесіміз Жұбаныш Садырұлына айтамын. Ағамыздың жетістіктерін үлгі тұтып жүрген жас палуандарымыз көбейіп келеді деген ойдамын. Оның өзі балалар-жасөспірімдер спорт мектебі  жаттықтырушыларының еңбегі. Осы мамандардың арқасында жылдан-жылға ауданымызда жас спортшылар саны артып, жетістіктер еселенуде, –деді аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева.

Еркебұлан БИСЕНҒАЛИЕВ