6.11.2019, 18:52
Қараулар: 179
Қуаныш ШӘРІПҚАЛИЕВ: «Қызығушылығым кәсібіме айналды»

Қуаныш ШӘРІПҚАЛИЕВ: «Қызығушылығым кәсібіме айналды»

Бөкей жұртына іскерлігімен, табысты кәсіпкерлігімен танылған тұлғаларды таныстыратын «Табыс формуласы» арнаулы бетінің кезекті  кейіпкері — сайқындық Қуаныш Шәріпқалиев. Ол автокөлік жүргізушілер арасында кеңінен танымал. Себебі,Қуаныш Нұрхатұлы сол темір тұлпардың бөлшектерін ауданға жеткізетін бірден бір кәсіпкер. Ендеше сол жанмен өткізген  сұхбатымызды өзіңізге ұсынып отырмыз.

— Қуаныш Нұрхатұлы, негізгі мамандығыңыз қандай? Жеке кәсіпке қандай идеямен келдіңіз? Қорқыныш болды ма?

— Кәсіпкерлікті бастаған шағымда тек жеті жылдық өтілім бар шопыр едім. Осы жылдар ішінде көліктерінде ақау шығып, кейде бір титтей бөлшекке бола әріптестерімнің қиналып жататынын жиі көретінмін. Таныс-тамырыңда қажетті затың бола қойса жақсы, әрине. Болмаса ше?! Ақшасына ала қоятын автобөлшек дүкені де жоқ. Кейде шопырлар қаладан әкелінетін бөлшекті күтіп, тәуліктеп жолда да қалатын. Оның үстіне ауданымыздың облыс орталығынан шалғайлығы тағы бар дегендей. Осылайша автокөлік бөлшектерін сататын дүкен ашу идеясы туындады. Ісімді бастағанда бойымды қорқыныш билемеді  десем, жалған айтқан болар едім. Әрине,  тыңнан түрен салу әр кезде қиын. Дегеннен қиындықпен күресе білген ғана биіктен көрінеді емес пе?!

— Жерлестеріміз сізді «алдына барғанның тауын жықпай, жазып беретін ақ көңіл, сенгіш адам» деп бағалайды. Құнын кейін өтеуге келісіп жерлестерге бөлшектерді беретінізден хабардармыз. Сондағы басты принципіңіз қандай? Сеніміңіз ақталмаған кезі болды ма?

— Менің қайталаудан шаршамайтын бір ғана ұстанымымыз бар. Ол: «Адамнан қайтпаса да, Алладан қайтады». Шын мәнінде, менің мұқтаж жандарға жәрдемдескенім өзіме еселеніп келуде. Отбасым аман, ұл-қызымның дені сау. Одан артық не керек?Көмектескенімді міндетсінбеймін. Сұраған адам мұқтаж болған соң сұрайды. Алған затының құнын қайтарса жақсы. Енді қайтара алмаса, жағдайы тартпай жатса, қайтерсің?! Жоғарыда айтқанымдай, Алладан қайтады.

— Ең алғашқы қомақты табысыңыз қандай еді? Ең алғаш несиеңіз ше?

— Табыс біртіндеп түсіп жатыр. Алғашқы ауқымды табысымды айтар болсам, ол 2007 жылы есепшотыма түскен бір миллон теңге. Сол жылы 7-8 мекеме автокөліктеріне бөлшектерді жеткізу тендерін ұтып алған едім. Ол сол кезде өте ірі көлемдегі табысым болды. Қазір 30 шақты мекемемен келісімшарт жасасып, тұрақты түрде қажеттіліктерін жеткізудемін. Алғашқы несиені сол 2007 жылы «Ауыл шаруашылық және кәсіпкерлікті қолдау қорынан» үш миллион теңге көлемінде  алған болатынмын. Ісімді кеңейту мақсатында. Содан мемлекеттің осы қолдауы арқылы табысымды еселеп, 2010 жылы орталықтағы дүкенге қол жеткіздім. Алғашқы дүкенімнің көлемі не барлығы алты шаршы метр еді ғой. Дүкен деуге келмес, ұзындығы 2,5, ені 2 метр дүңгіршек. Дегенмен кәсіпкерлік бастауыма осы дүңгіршектің алар орны  ерекше.

— Бүгінде бизнесіңізді көп салалы деуге болады. Меншігіңізде автобөлшектер дүкенінен басқа дөңгелек жөндеу, көлік жуу нысандары, сонымен қатар монша да сіздің қарауыңызда. Құрылысқа да ден қоюдасыз. Үлкен жоба алып көрдіңіз бе? Қандай нысанда өзіңдік қолтаңбаңыз қалды деп айта аласыз?

— Шүкір, ісім алға басып келеді. Құрылыс саласында ірі нысан алып көрмедім. Көбіне төбе жөндеу, ішкі жөндеулерді атқарамыз. Жақында жерлестер «он сегіз» атап кеткен екіқабатты тұрғын үйдің төбесіне күрделі жөндеу жасадық. Пәтер иелері алғыстарын жаудырып жатты. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жөндеу жүргіздік.

Жұмыс барысында қасымдағы құрылысшылар да өз ақылдарын қосып отырады. Бірлескен істе береке болады ғой. Сондықтан болар қызметімізді пайдаланғандар наразылығын танытып көрмепті. Жылына үш-төрт құрылыс нысанын аламыз.

— Біздің ауданды «халқы аз, бәсекелестік жоқ, сервисі нашар» деп жатады. Осы пікірмен сіз келісесіз бе? Сіздің бизнесіңізге бұл жайлар әсерін тигізеді ме?

— Түгел келісемін деп те, келіспеймін деп те нақ айта алмас едім. Өзге аудандармен салыстырғанда, әрине, біздің аудан тұрғындары аздау. Нәтижесінде сол аудандармен салыстырғанда сұраныс та, табыс та аз болмақ. Бабаларымыз «Туған жеріңе туыңды тік» деп бекер айтпаған болар. Сондықтан  пәлен жерде пәлен бар дегенше, қолдағыны ұқсатып, шүкіршілікпен нәпақаңды тауып отырғанға ештеңе жетпейді. Бәсекелестік алға жетелейтін күш қой. Ол менің саламда оншалықты байқалмайды. Автобөлшектерді сатумен жерлесіміз Жанболат Рамазанов айналысады ғой. Онымен біз ағалы-іні  болмасақ, бәсекелес емеспіз, қайта бауырлардай бірімізге біріміз қолдау білдіріп отырамыз. Ал, сервисті ұсынатын өзіміз. Халқым үшін дейтін жан болса, бәсекелестіксіз-ақ сервис сапасы да көтеріледі.

— «Қиындықпен күресе білген ғана биіктен көрінеді» дедіңіз. Сіздіңізше, кәсіпкерліктің шыңына шықтыңыз ба?

— Жоқ, алда қойған мақсаттарым, жүзеге асырар жоспарларым барда шыңға жеттім-толдым деп ешкімде айта алмайтын шығар.

— Қуаныш аға, сол жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз… Және ауылдастарыңыз сізді қонақ үй салмақшы деген жақсы жаңалықпен бөлісіп жүр. Осы мәлімет қаншалықты рас?

— Алдағы күннің еншісінде көп ойым бар. Бірақ олар коммерциялық құпияға жатады. Қонақ үй құрылысын да ойға алғанмын. Дегенмен ойларымның қайсысы ауылдастарымның сұранысқа ие, табысты болса, сонысы алғашқылардың қатарында қолға алынады.

— Зайыбыңыз үнемі қасыңызда жүреді. Ол сіздің бизнесіңізде қандай рөл атқарады?

— Бүгінде Алмагүл дүкен жұмысын өзі жүргізеді десем де болады. Мен қазір заттарды жеткізуші ғанамын.  Оның үстіне апаңның есепшілік білімі бар дегендей. Осы дүкенде сатушы болған он жыл ішінде Алмаш (ауылдастар Қ.Шәріпқалиевтің жолдасын осылай атайды) бөлшектердің атауларын, көліктердің маркаларын былай тұрсын, ақауды айтса, механиктердей оның себебін де анықтай алатындай дәрежеге жетті.

— Ең бірінші қолдауды кімнен күтесіз?

— Әрине, отбасымнан. Ертеректе анаммен, әкеммен ақылдасатынмын. Кәсіпкерлікке келгенде қабырғаммен кеңесемін, сонымен бірге марқұм жездем Жаслан Нүркеновтың ақыл-кеңесіне көп жүгінетінмін.

— Танымал кәсіпкердің біз білмейтін қандай қыры бар? Хоббиіңіз қандай?

— Бала кезден құрылысқа жақын болдым. Әкем Нұрхат шопыр еді. Сапарларға жиі шығады. Оның «Былтыр ғана салдық. Қораларға тиюші болма!» деген тыйымына қарамай үйдегі қораларды бұзып, қайта салатынмын. 2012 жылы Ақтөбе колледжінен құрылысшылық білім алып,  өзіңіз білетіндей, оны кәдеме жаратып келемін. Қызығушылығым кәсібіме айналды.

— Сіз үшін байлық немен өлшенеді?

— Байлығым – ең алдымен отбасым және елдің тыныштығы. Басқасының барлығы шаруа ғана.

— Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ