1.11.2019, 10:31
Қараулар: 81
СЕНБІДЕГІ СПОРТТЫҚ САЙЫСТАР

СЕНБІДЕГІ СПОРТТЫҚ САЙЫСТАР

Аудандық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының ұйымдастыруымен  волейбол  және футбол ойындарынан жарыс өтті.

Волейболдан өткен жарысқа  «Арай» лагерінің тәрбиеленушілері, тарқатып жазсақ  Жиекқұм, Ұялы, Саралжын және Т.Масин ауылдық округтерінен келген  өрендер  қатысып, бақтарын сынға салды.  Әр команда тартысты ойын өрнегін көрсетті десек артық айтқандық емес.  Ойын төрешісі  «бұл  достық кездесу,  бастысы  демалыс уақыттарыңды тиімді әрі көңілді өткізу» десе де  команда  мүшелері  жеңіс үшін   аянып қалмады. Нәтижесінде  темірмасиндік  спортшылар бірінші орынды қанжығаға байлады. Екінші және үшінші орындарды  Ұялы мен Саралжын округтерінің  оқушылары  өзара бөлісті.

…..

Сенбі және жексенбі күндері  орталық стадионда  аяқдоп шеберлері  «Былғары доп» турнирінде бас қосты.  Аудандық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы мұрындық болған бұл сайысқа «Арай» лагерінің демалушылары мен ауыл көшелерінің  өрендері  қатысты.

Турнирдің негізгі ережесіне сай  қатысушылар үлкен және кіші топ болып  бөлініп, барлығы сегіз команда жүзден жүйрік шығуға талпынды. Аталмыш  орталықтың  директоры   Жасұлан Хайрушев жаттықтыратын  М.Мәметова есімін иеленген ересектер командасы  жасыл алаңда жасындай жарқырап, топ жарды. Қалған жүлделі орындарды  аудандық спорт мектебі мен  туризм орталығының жастары  місе тұтты. Ал, кіші топтан  бақ сынаған мәметовалық спортшылар жеңіске жетсе, жиекқұм мен ұялылық өрендер екінші және орындарды қанағат тұтты.

Өз тілшіміз