1.11.2019, 10:13
Қараулар: 82
МАРҒАСҚА МАРДАН ЕСІМІЗДЕ МЕ?

МАРҒАСҚА МАРДАН ЕСІМІЗДЕ МЕ?

Ол Сайқында танымал текті әулетте дүниеге келген. Ол әулеттен батыр да, ғалым да, елші де, шебер көпір салушы құрылыс инженері де, мықты химик те шыққан. Ол осы әулеттен шыққан талантты ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш геолог. Ол 1932 -нің ашаршылық жылдарында халық сөзін айтам деп қуғынға түскен. Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов сияқты алаш азаматтарымен мүдделес болғаны, ұлтжандылығы үшін жалған жаланың құрбаны боп репрессия тұзағына ілігеді. Қылмысы анықталмаса да, айыпкер «кінәсізбін» десе де үкім кесіліп, ату жазасына кесіледі. Үкім сол күні орындалып, не бары 28 жасында  қыршын кетеді.

Ол – сайқындық сайыпқыран, марғасқа Мардан Әзірбаев.

 

ХХ ғасыр басындағы қазақ жастарының биік қарым-қабілетін анықтаған тұлғалардың қатарында инженер-геолог Әзірбаев Мардан Нығметұлы да болды. Ол бар болғаны 28 жыл өмір сүрді. Осы азғана уақыт аралығында Мардан Нығметұлы Одақ көлемінде өте сирек кездесетін металдарды іздеп табу ісінде талантты инженер-геолог, ғалым және ұстанымды азамат ретінде танытып үлгерген еді.

Оның жеке анкетасында мынадай мәліметтер келтірілген: Әзірбаев Мардан Нығметұлы 1909 жылы 29 мамырда Батыс Қазақстан облысы Орда ауданы Сойкин (енді бірде Сайхин ст.) ауылында өмірге келген. Соңғы жұмыс орны – «Қазақ сирек кездесетін металдарды барлау мекемесі». Оңтүстік Алтай геологиялық партиясының қызметкері. Мамандығы – жоғары білімді инженер-геолог. Әлеуметтік тегіне байланысты мынадай мәліметтер береді: малшы-шаруа отбасынан, анасы Дина 58 жаста, Батыс Қазақстан облысында колхоз мүшесі болған. 1929 жылға дейін ұсақ-ірі 20 бас мал ұстаған. Зайыбы – Зинаида Семеновна Гришина 23 жаста. Отбасында немере қарындастары Кәзима мен София бар. Сондай-ақ өзінен басқа бауырлары бар екендігін, үлкені Сыздық, Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданында тұратындығын, партия мүшесі екендігін, екінші бауыры Фарук 1905 жылы туған, партия мүшесі, үшінші бауыры Құсман, ал төртінші бауыры Ерденнің Ленинград университетінде оқитынын айтқан.

Мардан 1927 жылы Орда аудандық комсомол комитетінің хатшы қызметін атқарған. 1931 жылы Қазақстанда жалпыхалықтық аштық жүріп жатты және ол ұлттық аштықтан қырылуына ұласты. Бұл жағдай, әрине, Мәскеуде оқуда жүрген жастарды да бейжай қалдырған жоқ-тын. Институттағы комсомол жиналысында сөз алған Мардан жалпыұлттық қырғынға алып келген республикалық басшылықтың әлеуметтік-экономикалық ұстанымын сынға алады. Міне, осындай ашық білдірген пікірі үшін Марданға институттан шығып кету қауіпі төнеді. Осымен оның ғылымға басқан қадамы шорт кесіліп қалар еді, егер Бүкілресейлік орталық атқару комитетінің төрағасы Михаил Калинин қазақ студентінің мәселесінің байыбына барып, көмек қолын созбағанда. Абырой болғанда, М.Калинин қазақ студентінің елжандылығын дұрыс қабылдап, институт басшылығынан талапты да қабілетті жасқа көмектесуді өтінеді. Осылайша, институтты енді ғана аяқтаған жас маманға сирек кездесетін металдар қорын барлау және анықтау ісімен айналысу жүктеледі. Ол академик А.Ферсман басқаратын Ош-Памир экспедициясына, Сванетияда алтын қорын іздеп, барлау жұмыстарын жүргізген экспедицияға қатысады. 1934жылы елге оралады. Осы 1934-1937 жылдар Мардан Нығметұлының сирек металдар бойынша ғалым-геолог ретінде қалыптасу және жемісті еңбек кезеңі болды.

Мардан Нығметұлы тұйық, бірақ мінезге бай, өз ісіне тиянақты, ана тілін сүйген және құрмет тұтқан, геологиялық экспедицияларға шығып жүргенде ел арасындағы аңыз-әңгімелерге зор ықылас танытып, оларды арнайы жинаған жан-жақты ғалым болған. Өкінішке қарай жас ғалымның бұл ел арасында жинаған материалдары тінту кезінде НКВД қызметкерлері тарапынан тәркіленіп, сол күйінде қайтарылмады.

Мардан Нығметұлы Алматыда жаңадан ұйымдастырылған Қазақ тау-металлургия институтының алғашқы оқытушыларының қатарында болды. Ол геология мамандығын игеру жолына түскен алғашқы буын қазақ жастарына далалық геология және картаға түсіру пәнінен ана тілінде дәріс береді. Күрделі геологиялық  ұғымдар мен процестерді қазақ тілінде түсіндіріп, болашақ мамандарды  «геологша ойлау» мәдениетіне баулиды. Әлі-ақ геология ғылымының бай да мазмұнды қазақ тілінде сөйлеп кететіндігіне алдымен өзі сенді, сондай-ақ оған жастарды да сендірді. Ал, оның шәкірттерінің қатарында А.Каюпов, А.Машанов, Г.Щерба сияқты болашақ академик-ғалымдар болды.

Шын мәнінде Оңтүстік Алтайдағы Чиндагатуйдағы (Шындығатай) молибден және вольфрам кен қорын Мәскеудегі сирек металдар орталығының тапсырмасы бойынша, осы орталық бөлген 250 мың рубль қаржыға Қазақ сирек металдарды барлау орталығының қызметкері инженер-геолог М.Әзірбаев ашқан болатын. Инженер-геологтың бұл атқарған қызметі жөнінде НКВД-ның жуапты қызметкерлері Яковлев пен Торопов осы іс бойынша даярлаған анықтамаларында да жазған.

Мардан сол кездегі билік басындағы аяулы азаматтар Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Ораз Жандосовтармен мүдделес боп, етене жақын араласуы, студент кезінінің өзінде аштықтан жаппай қырылған қазағының құқығын қорғаған өршіл жас НКВД-ның назарында еді. Оған Шындығатайдан табылған вольфрам мен молибденнің қорын жасырды деген жала жабылып, қамауға алынады.

Мардан Әзірбаевтың экспедиция кезінде халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, тасқа басуынан, жидашы болуынан НКВД өзгеше реңк тауып, Мардан ағамызды ұлтшыл деп таныды.

Құрамында А.Горячек (төраға), Г.Алексеев және А.Микляев  (мүшелері), Н.Шапошников (хатшы) бар әскери коллегияның отырысы бар болғаны 15 минутқа созылып, М.Әзірбаев айыптау қорытындысымен таныстырылады. Сот төрағасы айыпталушыға оған таңылған қылмыстың жай-жапсары туралы түсінік беріп, соңында Мардан Нығметұлына баяндалған қылмыс бойынша «Өзіңізді айыпты санайсыз ба?»деген сұрақ қояды. Бұл сұраққа Мардан Нығметұлы: «Жоқ, баяндалған қылмысты мойындамаймын!» — деген жауабын береді.

СССР  жоғарғы сотының әскери коллегиясы М.Әзірбаевты ең жоғарғы жаза – ату жазасына бұйырады. Үштіктің шешімі сол күні, яғни 1938 жылы 3 наурызда орындалды. Не бары 28 жыл өмір сүрген Мардан Әзірбаев осындай қилы тағдыр иесі. Сайқыннан шығып, ұлт марғасқаларымен мүдделес болған аяулы жанның есімін ел жадында жиі жаңғыртудың еш артықтығы жоқ.

Жалпы, Әзірбаевтар әулеті әйгілі әулет. Батыр да, ғалым да шыққан әулет. Ғұсман, Фарук Әзірбаевтар майдангер батыр болса, Ерден мен Мардан Әзірбаевтар ғылым жолында ізі қалған айтулы ғалымдар. Немере ағасы Ғұбайдолла көпір салу ісінің майталманы болған екен. Шебер құрылысшы броньмен қалып, Латвияда тұрып қалған екен.

Ал, Сәлима есімді апасы мықты гобелен шебері. Қолөнер бұйымдары тек Кеңес елдеріне емес, мұхит асып, көптің көзайымына айналған шебер болған.

Осыдан қырық шақты жыл бұрын «Известия» газеті «Завидная судьба Азербаевых» деп үлкен мақала жазып, есімдерін тасқа басып қалдырған текті әулеттің  тарихына тамсанған екен. Кеңес Одағы кезінде атынан ат үріккен алпауыт газеттің талғамынан татып, ауқымды орын алудың  өзі ол кезде қияметтің қияметі еді.

Бүгінде аудан орталығында Ғұсман Әзірбаевтың атында көше бар. «Біздің көше» айдарымен көше тұрғындарын сөзге тартып көргенімізде көбісінің жыға танымай, ақын Кененмен шатыстырғаны бар.

Барымыздың бағасын қаншалықты білеміз, баһадүрлеріміздің бағасына жетіп жүрміз бе?

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ

(мақала Мәмет Қойгелдінің «№3470 инженер-геолог Әзірбаев Мардан Нығметұлының ісі» атты тарихи очеркі негізінде дайындалды).