1.11.2019, 10:10
Қараулар: 46
32 ОТБАСЫ, 98 ТҰРҒЫННЫҢ ҚУАНЫШЫ

32 ОТБАСЫ, 98 ТҰРҒЫННЫҢ ҚУАНЫШЫ

 

Бөкейлік 32 шаңырақ қоныстойын тойлады. Бұл сүйіншілі шараға облыс әкімі Ғали Есқалиев арнайы қатысып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.

– Қойнауы құтқа, жайлауы малға толы Бөкей Ордасының  бүгінгі тірлігі берекелі. Аудан бойынша мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асуда. «Сыбаға» бағдарламасы, инвестсубсидия көмегімен 400-ден астам асыл тұқымды мал, трактор, түрлі техника алынып, өз кәсібін бастаймын дегендерге 182 миллион теңге жеңілдетілген несие берілді. Аудандағы 571 отбасыға 300 миллион теңге атаулы әлеуметтік көмек беріліп, азаматтарымыз әл-ауқатын түзеп, аяқтан тұруға талпыныс қылуда. Мұның бәрі көңіл қуантады,-деді облыс басшысы Ғали Нәжімеденұлы.

«Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлжан Бисекенова ауыл тұрғындары, үйлі болған көп балалы аналар атынан облыс басшысына, аудан әкімі мен тұрғын үй  құрылысының басы-қасында жүрген азаматтарға аналық алғысын білдірді.

Облыс әкімінің қоғамдық өкілі Нұрлыбек Бірманов баспаналы болған жерлестерін қуаныштарымен құттықтап, кәсіпкер Қуаныш Бірмановтың атынан үйлі болған жас ана Мәншүк Насимоллинаға отандық өнім вертикализаторды табыс етті.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев екі пәтерлі 16 үйдің кілтін табыстады. Баспаналы болғандардың қатарында көп балалы 14 отбасы, әлеуметтік осал топ санатындағы 8 отбасы,  тұрғын үйі апатты жағдайда танылған бір отбасы бар. Бұлардан басқа мемлекеттік қызметтік және бюджеттік саланың бес маманы мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған төрт жерлесімізге пәтер кілті табысталды. Жалпылай айтқанда, екі пәтерлі он алты үйге тоқсан сегіз тұрғын қоныстанды.

Су жаңа пәтер кілтін алғандардың бірі көп балалы ана Аяжан Мұташева.

– Жеті жылдан бері тұрғын үйге мұқтаждар тізіміндемін. Биыл мемлекет басшысының бастамасымен көп балалы аналарға жақсы көңіл бөлініп, әлеуметтің жағдайын жақсартуға назар аудара бастады. Атаулы көмек те, жұмыссыздарды қайта оқытып, демеуқаржы беріп, өз ісін бастауға жол ашуы да, бүгінгідей баспана беру де сол мемлекет басшысының, облыс және аудан әкімдерінің жұмыс нәтижесі деп түсінемін. Айтарым алғыс қана. Осыған дейін бала-шағаммен пәтерден-пәтерге, ауылдан-ауылға көшіп, қиналып жүр едік. Қуаныштымыз. Балаларым «өз үйіміз болатын болды» деп керім қуанып жүр. Хан ордасы, Бисен ауылдарында тұрдық. Енді Сайқыннан дәм бұйырып тұр. Балаларым мектеп ауыстырады, жаңа орта, жаңа өмір болмақ. Бәрі де қайырымен, берекесімен болғай!-дейді Аяжан анамыз.

Аяжан Мұташева көп балалы отбасылар санаты бойынша пәтерге қол жеткізіп отыр. Бес балалы жанұя. Өзі Бисендегі амбулаторияда кіші қызметкер боп жасаса, отағасы Роман Сариев шаруа қожалығында жалдамалы жұмыс жасап, нәпақасын тауып келген екен.

– Қарапайым шаруа, көп балалы  отбасы үшін газ-суы кіргізілген, тіпті әжетхана, ваннасы бар, су жаңа үй алу деген үлкен бақыт, зор қуаныш,-дейді кейіпкеріміз қуанышын жасырмай.

Естеріңізге сала кетсек, екі пәтерлі он алты үйдің құрылысы өткен жылдың қарашасынан басталды. Құрылысқа жауапты – «Жиенбай» ЖШС.  «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысының жобасына 331,073 млн. теңге бөлінген. Осы қаржының үштен екісі республикалық бюджеттен қарастырылған. Әр пәтердің жалпы аумағы – 133,82 шаршы метр.

Сайқын Тәуелсіздік және Алаш орда көшелерімен  толықты. Сап түзеген екі қатарлы ақ шаңқан үйлер бой түзеген қос көше дәл осылай аталады. Тәуелсіздік тарихындағы аудан орталығының басты айшықты жаңалығы десе де болады.

Облыс әкімінің жұмыс сапары бірқатар мекемелерде жалғасын тапты. Алдымен М.Мәметова атындағы мектепке бас сұғып, мектеп ғимаратының жай-күйімен танысты. Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов ғимараттың қабырғасы сетінеп, шатырынан су кетіп, төбенің сылағы түсіп жатқанын көрсетіп, мектептің күрделі жөндеу қажет екенін айтып, мәселе көтерді. 1976 жылы салынған мектепке осыдан он жыл бұрын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Жұбан Ғұмаровтың мәліметінше аудандағы 18 мектептің алтауы ғана соңғы бес жылда күрделі жөндеуден өткен екен. Тек бұл мектеп қана емес, М.Бегалиева атындағы және Б.Жәнекешев атындағы мектептер, Үштерек, Сейітқали елді мекендеріндегі бастауыш мектептер де күрделі жөндеуді қажет етеді. Сала басшысының айтуынша, күрделі жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, қажетті қаржы мөлшері анықталып қойылған.

Бұдан соң облыс әкімі аудандық саз мектебі, аудандық балалар техникалық шығармашылық орталығында болып, жас таланттардың жұмысымен танысты.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар