1.11.2019, 9:55
Қараулар: 87
ҚАМКӨҢІЛ ҚАРИЯЛАРҒА ҚОШЕМЕТ

ҚАМКӨҢІЛ ҚАРИЯЛАРҒА ҚОШЕМЕТ


Қайырымдылық айлығы аясында аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева мен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Шыңғыс Абдоллин бастап, бөкейлік талантты өнерпаздарымыз қостаған топ Орал қаласындағы және Көшімдегі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету мекемелеріне барып, жерлестеріміздің қал-жағдайын біліп, елдің сәлемін жеткізді.

– Бұрындары арнайы барып, дастархан жаятын едік. Ел арасында қарттар үйі аталып кеткен Орал қалалық әлеуметтік қызмет көрсету мекемесінің тұрғындарына айналған аға-апаларымыз: «Ас-суымыз бар, Аллаға шүкір. Сізден ас та төк дастархан дәметпейміз. Елдің сәлемін жеткізіп, ән-жырын, күйін тыңдатып, көңілімізді бір серпілтіп кетсеңдер, соның өзі үлкен құрмет болар еді» деп өтініш еткен еді. Осы жолы сол аманатты орындап, аудандық мәдени демалыс орталығының басшысы Жоламан Сисенғалиев бастаған Милат Насыров, Ерлан Сертеков, Рауан Қажығалиев,  Азамат Зайнуллиндер барып, қамкөңіл қарияларымыздың көңілін серпілтіп, әсем ән, күмбір күйлерін орындап, тамаша кеш сыйлады,-дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Шыңғыс Абдоллин.

Орал қалалық әлеуметтік қызмет көрсету мекемесінде сегіз қариямыз тұрып жатыр.

– Мен бүгін төркінім көшіп келгендей қуанып отырмын. Артымызда ел барын көрсетіп, арнайы келіп, концерт ұйымдастырып жатқан жерлестеріме көп-көп рахмет. Жоқтаушысы жоқ жетім емес екенбіз, іздейтін ел бары екенінің өзі көңілге үлкен медеу. Айтарымыз алғыс қана. Аман болыңдар!-деді арнаулы мекеме тұрғыны Нина Умирханова.

Өз тілшіміз