1.11.2019, 9:52
Қараулар: 27
АШЫҚ ЕСІК КҮНІ ӨТТІ

АШЫҚ ЕСІК КҮНІ ӨТТІ

Аудандық мәдениет үйінде БҚО сотының судьясы Махамбет Бақтығұловтың қатысуымен ашық есік күні өткізілді.

Алдымен аудандық сот төрайымы Гүлжихан Сағитова тоғыз айда атқарылған істерге тоқталды.

– 2019 жыл сот төрелігі сапасын арттыру жылы боп танылғаны өздеріңізге де жақсы мәлім және осы бағыт бойынша ауданымызда  да жүйелі жұмыстар  қолға алынып келеді.  Биылғы жылдың тоғыз айында азаматтық істер бойынша 97 талап-арыз түссе, оның 28-і тараптардың татуласуына байланысты қысқартылды. 15 іс медиация, 13 іс татуласу келісіміне сай шешілді,- дей келе қылмыстық,  әкімшілік істер бойынша да түйіні тарқатылған істерді тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол  сотқа келіп түскен шағым, өтініштер «Сот кабинеті»  сервисі арқылы қабылдау үрдісінің жолға қойылғанын, іс-қағаздарын электрондық түрде жүргізіп, ресімдеудің «Төрелік» атты жаңа бағдарламасының, халықта құқықтық көмек көрсету, құқықтық мәдениетін арттыру бағытын көздейтін «Заңгер»  қызмет түрінің қосылғанын, сот залы қазіргі заманға сай сапалы аудио-бейнежазба жүргізуге арналған техникалармен жабдықталғанын қаперге берді.

Өз кезегінде облыстық сот судьясы Махамбет Бақтығұлов аудандық сот жұмысын оң бағалап, жемқорлықтың алдын алу және болдырмау бағытындағы жүйелі істерін үлгі етіп, еліміздің сот жүйесіне енгізілген өзгерістер мен жаңашылдықтарға,  сот жүйесіндегі жұмыстарды оңтайландыру бағытындағы шараларға тоқталды. Мәселен, «Смарт сот» арқылы онлайн іс жүргізу  сот төрелігін жүзеге асырудағы аумақтық кедергілерді жоюмен қатар, уақыт пен материалдық ресурстарды үнемдейді дейді.   «Сот жүйесінің жеті түйіні» жобасы негізінде қолданысқа енгізілген «Түнгі сот» жүйесі арқылы  дауды шешуге келген тараптар кешкі 18.30 бен 22.00 аралығында сот отырысына қатысуға мүмкіндігі барын  баса айтты.

Аудандық билер кеңесінің мүшесі Кәримолла Ғайсин, кәсіби емес медиатор Гүлжан Бисекеновалар  да  отбасындағы дау-жанжал, берешектерді өндіру т.б әлеуметтік мәселелер төңірегінде атқарылған істерін баяндады.

Аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов  әділдікті ту етіп, заң шеңберінен ауытқымай, төрелігін дөп айтқан сот бар да халықтың да сенімі жоғарылап, нығая түседі деп шараны түйіндеді

Арайлым ЕСМАҒҰЛ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар