1.11.2019, 9:46
Қараулар: 335
МЕРЕЙТОЙ ИЕЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ

МЕРЕЙТОЙ ИЕЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ

 

Еңбек және тыл ардагері, құрметті теміржолшы Филип Ланин торқалы тоқсан жасқа толды. Аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов, «Луч добра» этно мәдени орталығының төрағасы Дмитрий Семилиди, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Асқар Әжіғалиев мерейтой иесінің шаңырағына арнайы бас сұғып, игі тілектерін жеткізді.

— Сіздей абзал ағаның өмірі мен ерең еңбегі өскелең ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Деніңізге саулық, жанұяңызға амандық тілейміз,- деп лебізін  жаудырған Нұрлан Сағынтайұлы естелік сый-сыяпатын тарту етті.

Атаулы күнді елеусіз қалдырмай, құрмет көрсете келген жандарға Филипп Алексейұлы да  ризашылығын білдірді.

****

Аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов ұзақ жылдар түрлі лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, білікті басшы, іскер ұйымдастырушы ретінде ауданның дамуына сүбелі үлесін қосқан қоғам белсендісі, Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы, «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы  Бисекенова Гүлжан Исағалиқызын мерейлі  70 жасымен құттықтап, ізгі лебізін арнады. Қазақы дәстүр бойынша иығына комзол кигізіп, естелік сый-сыяпатын тарту етті.

Сондай-ақ, облыс басшысы Ғали Есқалиев пен облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшардың құттықтауларын ресми түрде табыстады. Мерейтой иесіне  игі тілектерін  ұстазы Ноқаш Қадымов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Иманбай Машотов т.б өмірдегі, қызметтегі жора-жолдастары , аудан әкімінің орынбасарлары да жеткізді.