1.11.2019, 9:38
Қараулар: 42
АӘК ЖАЙЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ  

АӘК ЖАЙЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ  

 

Ауданға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдәш Ысқақова бастаған жұмыс тобы келіп, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау бойынша ақпараттық-түсіндіру мақсатында жиын өткізді.

Аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева төрағалық еткен бұл жиынға мекеме басшылары мен ауылдық округтер әкімдері қатысты.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдәш Ысқақованың айтуынша, облыс бойынша 54 мыңнан астам адамға 4 млрд.теңгенің үстінде АӘК тағайындалған екен. Бүгінгі таңда 3046 отбасының табыс көзін жасырғаны анықталып, 8 млннан астам ақша кері қайтарылған.

­ ­­- Атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған 900-ден астам азаматтың жеке кәсібі бары белгілі болды. Тіпті кей азаматтардың 5 млннан 9 млнға дейін табысы бары анықталды. Мұндай ірі көлемдегі табысты жасыру фактілері Бөрлі, Жаңақала аудандарында орын алды, -дейді Ділдәш Салауатқызы.

Жиын күн тәртібінде  АӘК-тің жаңа форматы, оның талаптары мен өзгерістер талқыланды. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 18 жасқа толмаған төрт баладан көп баласы бар әр отбасыға табысының азды-көптілігіне қарамастан 42 500 теңгеден 73 375 теңгеге дейін жәрдемақы беріледі. Әр балаға шамамен 10-11 мың теңгеден есептеледі. Ал, егер көп балалы отбасылар табысы аз отбасылар қатарына енсе, оларға жәрдемақыдан өзге атаулы әлеуметтік көмек те беріледі. Мұндай отбасылардағы жұмысқа жарамды адамдардың барлығы әлеуметтік келісімшарт арқылы еңбекпен қамту орталықтарымен белсенді жұмыс істеуі тиіс. Келісімшарт талаптарын орындамаған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету тыйылады. Дегенмен, бұл отбасындағы балалар үшін қаржылай көмек әлеуметтік пакетпен алмастырылады. Бір жастан алты жасқа дейінгі балалар үшін арнайы әлеуметтік пакет қарастырылған. Таратып айтсақ, бір жастан мектеп жасына дейінгі балалар үшін гигиеналық заттар, балалар тағамы қарастырылса, мектеп жасындағы балалар үшін мектеп формасы, тегін тағам мен тегін жолаушы тасымалы бар.

Жаңа формат бойынша атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасындағы облыс орталығында, басқа да қалаларда түрлі  оқу орындарында оқитын студенттер мен ауыл, аудан орталықтарындағы интернатта жатып білім алатын оқушы балаларын отбасы санына алмау, АӘК тағайындалмауы жиынға қатысушылардың түсініспеушілігін тудырды.

  • ­Жаңа форматтың бұл өзгерісі ауылдық жердегілер үшін қолайлы емес екен. Студенттердің бәрі бірдей грант иегері емес, не бәрі бірдей жатақханамен қамтамасыз етілмеген. Оларға жәрдемақының тағайындалмауы ата-ана үшін қалтаға ауыр тиері анық. Ал, елді мекендерде тек бастауыш мектептер ғана бар. Балалар аудан орталығындағы интернатта жатып оқиды. Ас-суы интернаттан болса да, киім-кешегі, оқу құралдарымен қамтамасыз ету ата-ананың міндеті емес пе? Ауылдық округтерден тыс жерлерде тұратын ата-аналардың бәрі бірдей балаларын интернатқа жатқызып отырған жоқ. Мұндай шектеу болса, елді-мекендегілер жаппай көшіп, геосаяси мәселе туындамасына кім кепіл,- деді «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалының директоры Бибігүл Жұмағұлова.
  • Жұмыс тобымен аудандарды аралап, жиын өткізіп жүргендегі мақсатымыз осы ­– нормативтік актілерге қатысты туындап отырған сәйкессіздік пен түсініспеушіліктер туралы ұсыныс-пікірлерді жинақтау. Халықпен тікелей жұмыс жасап отырған мамандардың әрбір ұсыныс-ескертпесі елеусіз қалмайды. Осы жиында айтылған ұсыныстар, талқылаулар жазбаша түрде сала министрлігіне жолдайтын боламыз. Алдымызда әлі де екі ай бар, толықтырулар мен өзгерістер әлі де енгізіледі деп ойлаймын,-деді Ділдәш Ысқақова.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ

 

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар