31.10.2019, 16:34
Қараулар: 720
ҚИТҰРҚЫЛЫҚПЕН ҚАРМАП ҚАЛУДЫ ЕМЕС, ҚАМ ЖАСАУДЫ ОЙЛАСА ИГІ

ҚИТҰРҚЫЛЫҚПЕН ҚАРМАП ҚАЛУДЫ ЕМЕС, ҚАМ ЖАСАУДЫ ОЙЛАСА ИГІ

 

Еңбек еткенге бақ та, дәулет те бітеді.  Екі қолға бір күрек  тауып, «жұмыссыздық жырын»  азайтып, күнкөріс деңгейін жоғарылатамын деп ниет еткендер үшін мемлекет жағдай жасап келеді әрқашан. Биылғы жылдың сәуір айынан бастап жүзеге асқан жаңа форматтағы  атаулы әлеуметтік көмек әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталған бағдарлама қарапайым халыққа жаңа мүмкіндіктер беріп отыр. Нақты айтқанда, табысы  төмен, қаржыға мұқтаж отбасылар  ақшалай жәрдемге ие болып,  жұмысқа орналаса алады. Сондай ақ,  мамандықтарға  оқытуға, қайта даярлау оқытуға, қоғамдық және әлеуметтік жұмыс орындарына тарту, қайтарымсыз несие алып  өз кәсібін ашуға мүмкіндіктер бар.

2019 жылы сәуір айынан Сайқын ауылдық округі бойынша табысы аз, әлеуметтік қолдауды қажет ететін жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекке 130 отбасы құжат тапсырды. Соның ішінде шартты ақшалай көмек 102 отбасы, ал шартсыз ақшалай көмек 28 отбасы жатады.  Ал 55 отбасына жан басына шаққанда жиындық табысы кедейшілік шегінен асып кетуіне байланысты бас тартылды. Жеті адам оқуға жіберіліп, 19 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды. 25 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Атаулы әлеуметтік көмек төлеудің жаңа түрі енгізілгелі, оны алуға ниет білдірушілердің саны артты. Алайда жалған мәліметтер мен қитұрқы әрекеттер көбейді. Жанұя құрамынан шығып, пәтер жалдау, көпе-көрінеу малын жасырып, тығып тастау, АӘК ала отырып, табысын азайту мақсатында жасап отырған жұмысынан шығып кету, қалаға кетіп жұмыс істеп табысын жасыру сияқты әрекеттер басталды. Осы қаражатқа алған малдарды сою, сату жолымен есептен шығарып тастау сияқты фактілер анықталуда.

Атаулы әлеуметтік көмекті түсіндіру жөнінен кенде қалмасақ та көмек алып отырған азаматтардан «Үкіметтің балаларға беріп отырған жәрдемақысы», «Менің жанұямды асырау үшін берген ақшаға неге мал алуым керек» деген сияқты қарсылық сөздерді де естиміз.

Десе де, атаулы әлеуметтік көмекті демеу қаржы, қолдау деп қабылдап, қорадағы бір малын екеу қылуға, аяқтан тұруға талпынушылар да жоқ емес.

Ерден Харесов дәл осындай жан. Ерденнің отбасы пәтер жалдап тұрады.  Үш бала тәрбиелеп отырған ата-ана. Жұбайы бала күтімімен үйде отыр да, өзі жұмыссыз жүрген еді. Қазан айынан бастап, тұрақты жұмысқа орналастырылды. Тағайындалған қаражатқа ұсақ малын алуда. Болашақта  «қорасын түлікке толтырсам, балаларыма бақса, ермек, сойсам – ауқат болады ғой» дейді.

Ерденше ойлайтын, Ерденше әрекет жасайтын азаматтарымыз көбейсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Мәдина ЕРКЕҒАЛИЕВА,

Сайқын ауылы бойынша ассистент