31.10.2019, 15:19
Қараулар: 989
ЫСЫРАП – МҰСЫЛМАНҒА КЕСАПАТ

ЫСЫРАП – МҰСЫЛМАНҒА КЕСАПАТ

Исраф – шектен шығу, надандық, ұқыпсыздық. Құранда: «….Ішіңдер, жеңдер бірақ ысырап қылмаңдар, шындығында Алла Тағала ысырап қылушыларды сүймейді» (Ағраф сүресі, 31-аят) – деп, берілген нығметті қалауымызша тұтынуымызды, бірақ ысырап жасамауымызды ескертсе, Пайғамбарымыз: «Жеңдер, ішіңдер, садақа беріңдер және киініңдер, бірақ ысырапшылдық пен дандайсуға жол бермеңдер ( Нисаи, зәкет, 66, 79) – дейді. Демек, Алланың берген нығметінен ішіңдер, жеңдер сонымен бірге дәулет артылып жатса, жағдайы жоқтарға, кедей-кепшіктерге, жетім-жесірлерге, медресе, мешіт, балабақша, аурухана сияқты орындарға жұмсау зор сауапты іс. Сондай-ақ тәкаппарлыққа ұрындыратындай сырт көзге көрсету, мақтану ниетімен қымбат киіну де ысыраптың бір түріне жатады.

Сондықтан қаражатымызды жалпыға пайдасы тиетін жерге жұмсап, зияны тиетін істен аулақ болуымыз абзал. Себебі, Алла Тағала дүние-мүлікті пенделерге жақсылық жасауда үлкен мүмкіндік етті. Ал енді ислам тұрғысынан ысырап қаншалықты күнә екенін қарастырып көрейік.

Алла Тағала Құран аятында былай дейді: «Шынында ысырапқорлар Шайтанның туысы. Ал шайтан, Раббысына өте қарсы» (Исра сүресі 27-аят) деп ысырапшылдыққа байланысты терең түсінікте айтылған.

Қазір ысырапшылыққа аса жол беріп жатқанымыз жасырын емес. Той-томалақ дейсіз бе, марқұм болған адамдарды ақырғы сапарға аттандыру қатарлы жиындарда ысырап мәселесіне аса байыппен қарауымыз керек.

Өкінішке орай, бүгінгі таңда қоғамда, жалпы қоршаған ортада ішіп-жеудің нормасы сақталмай ысырапқа жол берілуде. Мысалы, артық тамақтардың төгілуі, нан қалдықтарының қоқысқа тасталуы, суды бекерге ағызып қою т.б. Бұған той-томалақта шама-шарқына қарамастан ешкімнен құр қалмайын деп ысырапқа жол беріп шашылатынымыз да бар. Ал өмірде күнделікті күнкөріске зар болып жүргендер қаншама. Мүминдер үшін табақтағы соңғы асты ысырап етпей, сүннет жолы деп бітіріп тауысып қою әдептіліктің бір көрінісі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) дәрет алу кезінде артық суды қолданудың өзін ысырапқа жатқызған. Сондықтан әрбір ісімізді жақсы ойлап, ысырапқа жол бермеуге тырысайық.    Әсіресе, садақа деп жайылған құдайы дастархан және өлім қайғысын жамылған қаралы үй дастарханына мән берілу керек.

Садақа — той емес. Бір шаңырақтың, бір әулеттің қайғысы. Қайғыға бөгіп, қиналып отырған үй иелеріне астау-астау ет асып, мүше тарату оңай емес. Осындай ысырапшылығымызға орай мақал-мәтелде шыққан:

Өлім бардың малын шашады,

Жоқтың артын ашады. (мақал)

Сонымен қатар «Құтқаратын үш нәрсенің бірі – бар кезде де, жоқ кезде де, байлықта да, кедейлікте де үнемдеушілік» (Бәйһақи) деп ислам ғұламалары өз өсиет, ғахылияларында айтып кеткен.

Өлген адамның жақындары 5 нәрсеге міндетті:

  • Мәйітті жуындыру;
  • Кебіндеу;
  • Жаназасын айту;
  • Жерлеу;
  • Қарызын өтеу;

Жоғарыда айтылған 5 нәрсені орындау шариғат бекіткен болса, қалғаны қосымша ғибадат, сауапты амал. Онсыз да, Пайғамбарымыз өз хадисінде қабірді әсемдеуден қайтару арқылы кез-келген ысырапшылық атауы тиым салған. Оның себебі:

Біріншіден, тірілерге арналған дүниені ысырап ету дұрыс емес.

Екіншіден, қабырге алтын жалатса да өлікке пайдасы жоқ. Ал пайдасыз дүниені жасау мұсылманға – харам. Бұл үлкен сауапты іске баршамыз ат салысайық. Ол үшін әр амалды өзімізден бастауымыз керек!!!

ҚМДБ-ның бастамасымен осы әдетімізді тоқтату қолға алынды. Ол үшін де асқа етпен бірге қияр мен қызанақ, ал шәйға бауырсақ, сары май, қант, құрма, кәмпит, печенье қою ұсынылған.

Аудандық мешіт