31.10.2019, 15:13
Қараулар: 67
Үнемшілдік кемшілік пе?

Үнемшілдік кемшілік пе?

Үнемдей білесіз бе? Әлде қолыңызға түскен қаржыны лезде жұмсап, келесі айлықты асыға күтетіндердің қатарынансыз ба? Біле білсеңіз, ақшасын  оңды-солды жұмсамай, жинай білу  тарығып жүретін  жандардың әдеті емес.   Әлемдегі дәулеті келіскен атақты миллионерлердің өздері үнемдеу мәдениетін жіті меңгергендер. Әлем бойынша «жинақтау банктері» институтының құрылған күнін еске қалдыру  мақсатында бір топ  қаржыгерлер тобы 1924 жылдың  31 қазанын «Халықаралық үнемдеу күні»  деп белгілеп, жыл сайын атап өту туралы шешім қабылдайды. Кейіннен 1989 жылы БҰҰ-ның нұсқауымен Халықаралық үнемдеу күні ресми түрде бекітіледі. Өкінішке орай, бүгінгі таңда көптеген елде бұл күн ұмыт қалған.

Десе де, үнемдеудің әдетте елеп-ескере бермейтін тұстарына үңілсек ұтылмасымыз анық.

Эмоцияңызды бақылап үйреніңіз.

Адамдардың психологиялық жай-күйі ақшаны бей-берекет жұмсауға апарып соқтырады. Кей адамдар ақшасын депрессиямен күрес құралы ретінде  көріп, дүкен аралап, пайдасыз заттарды сатып ала береді. Сондықтан орынсыз эмоцияңыз қалтаңызды жұқартатынын жадыңыздан шығармаңыз. Айтпақшы, дүкенге тойып барған дұрыс. Статистикаға сүйенсек, қажетсіз заттардың 20%-ын адамдар аш болғандықтан алады екен.

Қажетті заттардың тізімін жасап алыңыз

Дүкенге барарда міндетті түрде алуыңыз керек заттардың тізімін жасап шығыңыз. Өйткені, тізім болмаса,  қажет емес нәрселерге ақшаңызды шығарып, шығыс көлемін арттырасыз. Бұндай қателікке әйелдермен қатар еркектер де жиі ұрынады. Әрине, ақша үнемдеймін деп ет, сүт, нан т.б азық- түліктерді  алмаңыз деуден аулақпыз. Шын мәнінде тізімнен шығарып тастауға әбден болатын заттар өте көп. Бұл сізді психологиялық тұрғыда тәртіпке үйретеді.

Баға мен құндылықтың айырмасы

Уоррен Баффетт – әлемге танымал кәсіпкер, инвестор, бір сөзбен айтқанда планетамыздағы бай адамдардың бірі. Оның байлығы 66 млрд долларға бағаланады. Осындай байлығына қарамастан, Баффетт ең үнемшіл адам. Өзі айтқандай «Баға – сенің төлейтінің, ал құндылық – сен алатын нәрсе» дейді. «Акция болсын, жәй ғана шұлық болсын, мен бағасы төмен көрсеткішке түскенде ғана сатып аламын. Дегенмен, үнемдеу баға мен құндылықтың айырмасын түсінгенге ғана пайдасын тигізеді. Бұл арзан нәрсеге «жабыса беру» дегенді білдірмейді, «үнемдеу ол – бағалы затты ең төменгі бағада алу» дейді ол.

Отбасындағы үнемшілдік

 Отбасы мүшелерімен ақылдаса отырып, әр айлықтың  белгілі бір мөлшерін жинап үйренудің де артықшылықтары көп. Сонда ғана күнделікті қажеттіліктерге, той-томалаққа т.б  жеткізе аласыз.

«Ақылды» шопинг

Қолма-қол төлем жасау ­− үнемдеудің жақсы жолы. Сіз банк картасы арқылы төлеп үйренсеңіз, ондағы ақшаның қалай кетіп жатқанына ішіңіз ашымауы мүмкін. Сол секілді интернет-дүкендер де сіздің қаржыңыздың аз жұмсалуына ықпал етеді.  Кешбэк туралы да ұмытпаңыз. Арнайы сайттардан зат сатып алсаңыз, жұмсаған ақшаңыздың айтарлықтай бөлігі өзіңізге қайтып келеді.

Арайлым ЕСМАҒҰЛОВА