24.10.2019, 16:02
Қараулар: 914
БІЛІМ САПАСЫ: ЖЕТІСТІГІМІЗ ҚАНДАЙ, КЕМШІН ТҰСЫМЫЗ НЕДЕ?

БІЛІМ САПАСЫ: ЖЕТІСТІГІМІЗ ҚАНДАЙ, КЕМШІН ТҰСЫМЫЗ НЕДЕ?

 

Басқа аудандар, аймақтарды қайдам, тамыз бен қазан айы бөкейлік ұстаздар үшін марапат жауған айлар болды. Таратып айтсақ,  «Келешекке – кемел біліммен» тақырыбында тамыз кеңесі өтті. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің «Құрмет» грамотасы мен алғысхаттарынан бастап, облыстық білім басқармасының, кәсіподақ пен аудан әкімінің алғысхаттары табысталып, түрлі аталым иелері анықталған еді.  Қазан айының алғашқы аптасында ұстаздар күні тойланып, тағы да марапат иелері мадақталды. Марапаттау рәсімінің ұзаққа созылғаны соншалықты, зал толы мұғалімнің басым көпшілігі алғысхат алғандай көрінді десек, артық айтқандық емес. Есімі аталғанның бәрін тізсек, газет беті көтермейтіндіктен, сала министрінің алғысхатын алғандарды атап жазып,  еңбегі еленген мұғалімі көп мектептерді топтап жазумен шектелген едік.

Еңбектің ескерілгені дұрыс, әрине. Осы жолдарды оқып отырған екі оқырманның бірі «Бір жапырақ мақтау хаты болса да, ұстаз жұмысына үлкен серпін емес пе? Мынау несіне тарылып отыр?» дері хақ.  «Байдың асын байғұс қызғаныпты» деген осы да» деп бәзбіреуіміз ернімізді сылп еткізген де шығармыз.

Қош, сонымен, марапатымыз мың-миллион, жетістігіміз қандай? Соңғы үш оқу жылының нәтижесін сараптап көрсек, осы есепті кезеңде аудан мектептерін 471 оқушы бітірген екен. 348 түлек ұлттық бірыңғай тест тапсырып, бақтарын сынапты. Нәтижесінде 174-і грант иегері боп, өздері қалаған оқу орындарының студенті атанған екен. Яғни, ҰБТ тапсырған түлектің тең жарымы грант иеленді деген сөз.

Қазіргі таңда «Алтын белгіні» қорғаудың да тәртібі өзгергені аян. Өз үйіңнің қабырғалары да күш беретінін айтсақ, тек аудан емес, тұтас еліміз бойынша «Алтын белгіні» оңай қорғап, тестке келгенде оңбай сүрінгендер саны көп. Осы үш жылда «Алтын белгі» мен «үздік аттестат» иелерінің қатары едәуір артқан. Санға шағып айтсақ, «Алтын белгі» иегерлері 2016-17 оқу жылында 6 оқушы, 2017-18 оқу жылында 7 оқушы болса, 2018-19 оқу жылында бірден 18 оқушыға артқан. Ал, осы есептік кезеңдегі «Ерекше аттестат» иелерінің саны 19-ды құрайды.

Ал, осы білімі елден ерек, зейін керемет деп танылған 31 «Алтын белгі» иегерлерінің төртеуі сындарлы сәтте межелі деңгейге жете алмаған. «Ерекше аттестат» иелерінің саны да, сапасы да үмітті ақтап тұр. Ерекше танылған 19 аттестат иесі де тесттен тиісті балл жинап,  мемлекеттік грант иегері аттанды.

Әр жылдардағы ҰБТ тапсыруға ниет білдірген түлектер саны және түлектері мемлекеттік грантты иеленген мектептер үштігін белгілесек, Б.Жәнекешев атындағы, Ш.Жексенбаев атындағы және М-С.Бабажанов атындағы мектептер алғашқы үштікті құрайды. Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысына тоқталсақ, түлектерінің орташа балы көштен ілгері мектептер бестігін әр жылдары Жәңгір хан мектебі, Ш.Жексенбаев атындағы, Б.Жәнекешев атындағы мектептері бастап, соңғы жылдары Қ.Сағырбаев атындағы және М-С.Бабажанов атындағы мектептер қосылды.

Аудан бойынша 486 педагог бар. Соның 380-ы – пән мұғалімдері.  Пән мұғалімдерінің 75-і ­ ­- жоғары санатты болса, 173-і І санатты, 135-і ІІ санатты мұғалімдер. Жаңа форматтағы аттестация тілімен айтсақ, екі мұғаліміміз педагог-шебер, 91 мұғалім педагог-зерттеуші, 88 мұғалім педагог-сарапшы, 20 мұғалім педагог-модератор санатын қорғапты.

Жаңартылған формат бойынша санат қорғау үшін портфолио жинақталады. Портфолионы бағалау   өлшем шарттары белгіленген. Білім сапасының мониторингі, оқушылардың жетістігі, педагогтың кәсіби жетістігі, кәсіби конкурстарға, олимпиадаларға қатысуы, ағылшын тілін білу деңгейі және т.б көптеген оқыту сапасын анықтайтын көрсеткіштер ұсынылуы керек.

Кемінде екі жылдық еңбек өтілі бар мұғаліміміз «педагог-модератор» санатына өтініш бере алады екен. Осы санатқа қойылатын талаптарда үміткер-мұғалім кәсіби конкурстардың, педагогикалық олимпиадалардың жеңімпаздарын дайындаған тұлға болуы шарт делінген. Ауданда педагог-модератор санатындағы 20 мұғалім бар.

«Педагог-сарапшы» санатына қойылатын талаптарда осылай, пән олимпиадаларының жеңімпаздарын дайындауы, кәсіби даму басымдылығы анықталған, педагогикалық тәжірибесі облыс көлемінде танылған, пәнін ағылшын тілінде бере алатын қабілетке ие болуы шарт деген екен. Мұндай санаттағы мұғалім саны – 88.

«Педагог-зерттеуші» санатына төрт жылдық еңбек өтілі бар мұғалім үміткер бола алады. Мұндай санаттағы мұғалімдердің оқушылар тек облыстық деңгейдегі пән олимпиадасының емес, республикалық, халықаралық деңгейдегі олимпиада, конкурстардың қатысушылары болуы керек. Ал, үміткер мұғалімнің өзі  білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізімге сәйкес кәсіптік конкурстардың, облыстық деңгейдегі педагогикалық олимпиадалардың жеңімпаздары немесе республикалық немесе халықаралық деңгейдегі қатысушылары болуы шарт. Аудан бойынша мұндай санаттағы мұғалім саны – 91. Ұстаздар ұжымының сапалық көрсеткіші осындай.

Қай-қай санатта да пән олимпиадаларының жеңімпаздары, республикалық, халықаралық конкурстардың қатысушылары болуы шарт делінген екен. Соңғы үш оқу жылындағы облыстық, республикалық деңгейдегі пән олимпиадаларының көрсеткіштерін негізге алсақ, санат қорғаған соншама мұғалім портфолиоларын нендей көрсеткішпен толтырды деген сауал туындары заңды.

Бақсақ, есепті кезеңде облыстық, республикалық  пән олимпиадаларында үздік білім сапасын көрсеткендер сирек. Тек өткен оқу жылының өзінде 27 шәкіртіміз аудандық кезеңнен өтіп, облыстық пән олимпиадасына жолдама алған екен. Ал, республикалық пән олимпиадасына қатысып, аудан мерейін арттырған тек бір ғана Р.Шәкіржанова болды. Орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі пәні бойынша өткен олимпиададан орын алған екен.

Аудандық білім беру бөлімінің мәліметіне қарасақ, тек осы пәннен ғана республикалық олимпиадада жүлделі орын алыппыз. Құм қойнауындағы шалғай жатқан қазақы ауданнан барған шәкірттеріміз орын алмай келсе, сол күйік болар еді.

Қазақы аудан демекші, қазақ тіл сауаттылығымыз да ақсап жатқанын ҰБТ нәтижесі көрсетіп берді. Нақтырақ айтсақ, ең төменгі көрсеткіштің бірі осы оқу сауаттылығынан болды. Бар болғаны үш балл ғана жинап отырғанымызда, математика сауаттылығы туралы жақ ашпауға болады.

Олимпиада демекші, қазір білім саласында псевдоолимпиада күш алып тұр. Күні кеше бір ата-ана:

  • Қызым грамота алып келді. Республикалық блиц-турнирге қатысқаны үшін ІІ дәрежелі дипломмен марапатталыпты. Қызымның олимпиадаға дайындалып, қатысып жатқанынан хабардар емес едім. Сенбейін десем, аты-жөні жазылып тұр. Сосын мұғалімінен сұрасам, «иә, қатысты, тапсырмаларын орындап, үйден өзім толтырып жібердім» дейді. Қызық екен,-дейді.

Чаттағы әңгімемізді дүниетану пәні бойынша «Барыс-2019» республикалық олимпиадасына қатысып, І орын алған қыздың анасы жалғап әкетті.

  • Ой, қазір үйде интернет арқылы тіркеліп, қатысатын ондай олимпиадалар, онлаин бақылау көп қой. Балалар атынан өзіміз де қатысып жатамыз. Кейбіреулері ақылы. Тапсырмалары логикалық, түрлі тақырыпта. Қазір жақсы оқитын оқушылардың портфолиосында кем дегенде екі осындай грамотадан тұрады. Мұндай жалған мадақтардың мұғалімдерге қатыстысы да жеткілікті. «Білімі қыры, ғылым сыры», «Қазақ даласының үздік ұстазы», «Ұстаз тілегі» дей ме,  небір-небір журнал, орталық ұйымдастырған өз ақшаңа сатып алатын марапаттар жеткілікті,-деп қояды өзі де мұғалім боп жасайтын Жанар Шерімқызы.

Тапсырманы бала емес, көп жағдайда мұғалімдердің өзі орындай салатын мұндай псевдоолимпиадалар кімге қандай пайда әкеледі? Республикалық «kazbilim» орталығының басшысы, ұлт жанашыры Аятжан Ахметжанның «біздегі білім саласын күйретіп отырған жалған сапа мен негізсіз көрсеткіш» деп айтқаны бар еді. Одан асып не айтуға болады?

Жалпы, білім сапасы – ерінбеген екінің бірі талдай кететін тақырып. Білім сапасы неге төмен деген сауалған сан мың жауап табуға болады. Білім жүйесіндегі түрлі тұрақсыз реформалар, оқулық сапасы, педагог мәртебесінен бастап, бағалау жүйесі, қазіргі бала тәрбиесі мен бала психикасын қоса талдауға болады. Бұрын «екі» деген баға қойған мұғалім ең жаман мұғалім, үл­гер­мейтін оқушыларының пайыздық көрсеткіші жоғары мектеп – артта қалған мектеп. Тәжірибеде мұғалімдер «жақсы мұғалім» атанудың оп-оңай жолын тауып та алған. Ол – оқушыға нашар баға қоймау. 100% үлгерім беру! Оқу жетістіктерін бағалаудың пайыз­­­дық көрсеткіші оқушылар бі­ліміне қойы­ла­тын талаптың әлсіреуіне әкеліп соқтырды. Кейбір оқушылар біліміне сай бағаланбады. Керек десеңіз, «кітап бетін ашпағандар» да кездеседі.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Досымхан Рахымбек: «Басқа ғылым салаларында «бакалавр – магистратура – докторантура» жүйесі тиімді де болуы мүмкін. Ал педагогика мен әдістеме ғылымдары үшін ғылыми-педагогикалық және әдістемелік жұмыстардың түп төр­кі­­нін түсініп, байыбына барып, нәтижелілігіне көз жеткізу үшін мектеп тәжірибесі керек-ақ. Мектепте сабақ беріп, оқу-тәрбие жұмыстарының қандай әдіс-тәсілдері қандай жағ­дайларда ең тиімді екендігін өз басынан өткеріп көрмеген «ізденушінің» педагогика мен әдістеме ғылымына берері шамалы екендігі айтпаса да түсінікті. Бір кереметі, бакалаврдан кейін магистратураға бірден түскендер, «мектеп көрмеген», тәжірибесі жоқ магистрлер ЖОО-да педагогикадан немесе әдістемеден сабақ беріп жүр.  Білім сапасын түзу үшін мұғалімдердің жұмыс сапасын арттыруға бағыт беретін әдіскерлердің жұмысын ширату керек» дейді. Ол сөздің жаны бар. Көп алысқа бармай, өзіміздің аудандық білім беру бөліміндегі әдіскерлерді алсақ, ішінде мектеп көрмеген «ақылды бастар» баршылық.

Аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Нұрсұлу Салимова: «Мектепте жақсы жетістігімен көзге түскен қай ұстазды шақырсақ та, әдіскерлікке келіспейді. Шабысы көп, табысы аз жұмысқа келгенше, мектепте жүргені тыныш қой» деген пікірін айтады.

Мақаламызға мереке күндергі мұғалімдерге берілген марапаттың көптігі түрткі болды. Нәпақасын мектептен тауып жүрген мұғалімнің басым көпшілігі марапаттан құр қалмады. 380 мұғалімнің 201-і жаңа форматтағы аттестациядан біліктілік санатын қорғаған, санат талаптарына сай деп танылғандар. Марапат пен санат жағынан көштің соңында қалмасымыз анық. Ал, білім сапасына «келгенде Жиенқұлға шықпайды үнімнің» кебін киіп, бір сауалға мың жауап айтамыз.

Мұғалімдеріміз «Сала министрінің өзінен марапат алып жатырмыз-ау, жұмысымызды жандандырып, шәкірттеріммен жұмысты ширатайыншы» деп серпін алса, қанеки?!

Әйтсе де, білім сапасын еселенген еңбекақы, аспаннан жауған марапатпен артпасын сіз де, мен жақсы білеміз. Ой бөлісіңіз, үн қосыңыз! Мектептен тыс маман болған соң, бас ауруыңызды түсінбейтін шығармыз, талқылап көрейік!

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ