24.10.2019, 15:32
Қараулар: 96
МЕРЕЙТОЙ ИЕСІНЕ ҚҰРМЕТ

МЕРЕЙТОЙ ИЕСІНЕ ҚҰРМЕТ

Аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов әр жылдары білім саласында, түрлі  қоғамдық қызметтерде  нәтижелі еңбек еткен, еліне есімі елеулі азамат Серік Таңатовты қабылдап, 70 жас мерейтойымен құттықтады. Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің, облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшардың алғысхаттарын және өз атынан алғысхат табыс етті.

  • Сізді аудан тарихына өз қолтаңбасын қалдырған азамат деп танимын. Білім саласында жүрген кезіңізде қазіргі Бөкей орда колледжінің іргетасы қалануына ат салысқан басшы болсаңыз, қоғамдық қызметте жүріп батыр қызымыз Мәншүктің ескерткішінің елге келуіне де бірден бір себепкер болған азаматсыз. Елдің жайын, ауылдастың мұңын жоғары жаққа дәйекті сөзіңізбен дөп жеткізіп жүрген ел жанашырысыз. Бағыт көрсетіп, керек кезде кеңесін беретін сіздей ағамызға тілеріміз жақсылық қана,-деп, аудан басшысы мерейтой иесінің иығына шапан жапты.

Аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева мен Бөкей орда колледжінің директоры Бағдат Лұқпанов Серік Қабденұлымен әріптес болған мектептегі ұстаздық кезеңнен естелік айтып, сонау тоқырау кездері қолда бар заттардан, тіпті көк сүтті пайдаланып, жоқтан бар жасап, мектепті қажетті көрнекіліктермен қалай қамтамасыз еткендерін айтып өтті. Сондай-ақ, Бағдат Лұқпанов Жаңақала аудандық колледжінің сый-сыяпатын тарту етіп, сәлемін жеткізді.

Аудандық мәслихат хатшысы Ерболат Таңатов мерейтой иесінің балалық шағынан бастап, азаматтық кемел шаққа дейінгі өмірін,  буыны қатпай, бауырларына әке орнына әке боп, қамқорлық танытқанын айтты.

Мерейтой иесі Серік Таңатов алғысын айтып, ілтипатын білдірді.

  • Елге, қоғамға қызмет қылу дегенің – уақытпен санаспай, ерте келіп, кеш қайтып, еңбек ету емес, тек өзіне ғана емес, елге пайдалы, ұтымды жұмыс жасау. Адам уақытының көбін жұмыста өткізеді, еңбегінің нәтижесіне қуанып, оқсамай қалса, түңіліп, өткінші жайттарды жүрекпен қабылдап, өзімізді аямайды екенбіз. Бастысы, денсаулықтарыңызға, отбасыңызға уақыт бөліңіз. Зейнетке шыққанда «ешкімге, еш нәрсеге керексіз боп қалдым» деп байғұс боп қалудан сақтасын. Өмірдегі құндылықтың маңыздысы қызмет, мансап емес екенін естен шығармаңыз,-деп өмір жолынан, білгені мен жадыға түйгенін ортаға салып, ағалық ақылын айтты.

Өз тілшіміз