24.10.2019, 15:09
Қараулар: 91
«ЖОМАРТ ЖҮРЕК – 2019» ИЕЛЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

«ЖОМАРТ ЖҮРЕК – 2019» ИЕЛЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

Өткен бейсенбі күні аудандық мәдениет үйінде «Жомарт жүрек–2019»  байқауының иегерлерін марапаттау рәсімі өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» жобасы аясында  туып-өскен ауылында түрлі  әлеуметтік жобаларды іске асырып, көпбалалы отбасылар мен ардагер- зейнеткерлерге көмек қолын созып, қайырымдылық жасаған іскер азаматтар аз емес. Солардың бірқатарына, нақтырақ айтсақ, 16 меценатқа аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов арнайы статуэтка мен алғысхат табыстап, ілтипат білдірді.

Мұратсай елді мекенінде аз қамтылған көп балалы жанұяның үйіне газ кіргізіп, игі іске мұрындық болған А.Құсайынов  атындағы  мектебінің  2009  жылғы  түлектері,  Сайқын ауылындағы қорымды қоршап, қақпа орнатып берген  «Наурыз» ЖШС басшысы   Азамат Ғұбайдуллин, Ұялы ауылдық округіндегі балабақшасына жөндеу жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, су құбырларын өткізіп берген аудандық маслихат депутаты Серік Садықов, Бисен  ауылындағы  «Мұстағали ата» мешітінің төсеніш кілемдерін жаңартып,  дауыс күшейткіш аппаратурамен қамтамасыз еткен Б.Жәнекешев мектебінің 1999 жылғы түлектері,  саябақ құрылысын қолға алған бисендік «Ораз» шаруа қожалығының  жетекшісі Ермек Момыновтардың қайырымды істері назарсыз қалмады. Сондай-ақ, тарихқа тағзым еткен Қ.Сағырбаев атындағы мектептің  2001 жылғы  түлектері музей жасақтау ісіне демеушілік танытып, қажетті құрал-жабықпен толықтырса,  Кеңес Одағының  батыры Т.Масин бюстін, Бөрлі ауылындағы ҰОС ардагерлеріне арналған  мемориалдық тақтаны қайта қалыпқа келтірген  Нағым  Тажымұратов пен Асқар Айтмұқашевтар патриотизмнің   үлгісін көрсете білді. Сайқындық, мұратсайлық, ұялылық  өрендердің бос уақыттарын тиімді өткізулеріне  жағдай  туғызған Сайқын  ауылындағы  М.Мәметова, Ш.Жексенбаев білім ордаларының   1999 жылғы  түлектері,  Мұратсай ауылының тумасы Әділ Хамзин, бөрлілік жас спортшыларға волейбол, баскетбол алаңдарын сыйға тартқан Мұрат  Зинешовтар да марапатқа ие болғандардың қатарында.  Спорттық киімдер мен шөп шабу құрылғыларын тарту еткен  А.Құсайынов атындағы мектептің  1999 жылғы  түлектері,  «Менің жүрегім — Саралжын», «Бисен – туған өлкем» секілді заманауи  композициялардың көбеюіне себепкер болған сол ауылдық округтердің  1999 және  1979 жылғы түлектері, Бисен ауылдық әкімшілік ғимаратына электрондық жүгіртпе жол  құрылғысын орнатқан жәнекешевтік  1989 жылғы ұл-қыздарының қайырымды істері өзгеге үлгі екендігі хақ.  Бөкей ордасы колледжінің оқытушысы Жұлдыз Сәлімова мен  Бисен ауылдық округінің волонтері Еділ Жаулыбаевтардай белсенді еріктілердің де   еңбектері  еленді.

 

Айта кетелік, «Туған жер» кіші бағдарламасы аясында 2017 жылы ауданымызда меценаттардың демеушілігімен 1 млн 650 мың теңге көлемінде  3 жоба, 2018 жылы 16 млн 250 мың теңгені құрайтын  21 жоба іске  қосылды. Биылғы жылы 10 млн 400 мыңды құрайтын 12 жоба жүзеге асып отыр.

Салтанатты шара ауылдық округтері көркемөнерпаздарының гала-концертімен тәмамдалды.

Арайлым МАРАТҚЫЗЫ