10.10.2019, 10:46
Қараулар: 767
МАРАПАТ ЖАУҒАН КҮН

МАРАПАТ ЖАУҒАН КҮН

Өткен аптаның бейсенбісінде аудандық мәдениет үйінде ұстаздар күніне арналған «ҰСТАЗ ДЕГЕН ЖАРЫҚ КҮНІ ҒАЛАМНЫҢ» атты мерекелік салтанат өтті.

Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов білім саласы қызметкерлерін құттықтап, игі тілегін білдірді. Білім беру ісіндегі үлгілі қызметі, үлкен жетістігі үшін аудан басшысы М-С.Бабажанов атындағы орта мектептің биология пәні мұғалімі Руслан Жахатовқа,Б.Жәнекешев атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Райхан Ашығалиеваға, Жәңгір хан атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Талшын Ермековаға, Ш.Жексенбаев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлвира Зұлқарнаеваға, Ш.Жексенбаев атындағы орта мектептің директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шынар Сабироваларға Білім және ғылым министрі Асхат Айтмағамбетовтің алғысхаттарын табыстады.

Осы салтанатта еңбегімен еленіп, қоғамдық өміріндегі белсенділігімен көзге түскен мұғалімдер облыстық білім басқармасының, аудан әкімінің, облыстық мәдениет басқармасының, аудандық білім бөлімінің, салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының «Құрмет» грамоталары, алғысхаттарымен және мадақтамаларымен марапатталды. Бұл шарада ардагер ұстаздар да құрметке бөленді.

Балабақшаның бал тілді бөбектерінен бастап, саз мектебінің тамаша дауысты ұстаздарының, домбыра ансамбілінің күйлері, мектептің талапты шәкірттері мен өнерлі ұстаздарының, биші қыздарымыздың бар өнері ұстаздар қауымының төл мерекесіне арналды.

Марапатталғандар саны көп болды. Тоқсан сөздің тобықтай түйінін берсек, мерекеде мерейі үстем болған мұғалімдер санынан М-С.Бабажанов, Ш.Жексенбаев пен Б.Жәнекешев атындағы орта мектептер көш бастады.

 

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар