10.10.2019, 10:27
Қараулар: 689
ФЕСТИВАЛЬ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

ФЕСТИВАЛЬ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Қазақстан халқының тілдер күні аясында өткізілген тіл айлығы «Тіл мерейі — ел мерейі» фестивалінде қорытындыланды.

Шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева:

– Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте деген бар емес пе?! Мемлекеттік тіліміздің қолданыс аясын кеңейтіп, көсегесін көгерту сіз бен біздің парызымыз боп қала бермек және осы бағытта ілкімді істер атқарылғанын да тілге тиек етелік. Ауданымыздағы елді-мекендер, көшелеріміз кеңестік атаулардан арылып қана қоймай, өлкеміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тарихи тұлғалардың есімдерін иеленіп, қайта жаңғырды.  Бұл да түсінгенге зор жетістік. Әйтсе де тілдің ертеңіне әлі де алаңдаушылық білдіреміз. Жасыратыны жоқ, қазіргі білікті мамандардың арасында  орыс тілінде білім алғандар, қазақ тіліне шорқақтау қара көздеріміз жоқ емес. Мұндай көрініс құм қойнауында жатқан қазақы аудан саналатын біздің Бөкей Ордасына да тән құбылыс. Мемлекеттік тілдің абыройын асқақтатуға үлесімізді қосуға мүдделі болайық. Туған тілімізді төрге шығару, мәртебесін асқақтату үшін заң не қандай ма бір көпшілік науқан емес, өзіміздің ұлттық намысымыз, елжандылығымыз ғана қажет, — деп аталмыш шараның мән-маңызына тоқталып,  мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға және тіл мәртебесін нығайтуға үлес қосқан бірқатар мекеме басшыларын, кітапхана қызметкерлерін, мектеп ұстаздарын алғысхаттармен марапаттады. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы м.а Мейрамбек Ғиылманов «Менің сүйікті отбасым», «Тіл — татулық кілті», «Үздік оқырман-2019» секілді түрлі байқауларда белсенділік танытып, үздік шыққан шәкірттерге де естелік сый-сияпаттарын табыстады.

Мәдениет үйінің өнерпаздары Миллат Насыров, Құрмет Мусин, саз мектебінің оқытушысы Саида Әжіғалиева жетекшілік ететін квартет мүшелері әсем әндерін тарту етсе, Әсима Хайрушева халық күйін орындап берді. Ильфат Ахметкереев, Жаннұр Ахметкереева, Валентина Березиналар өлең-жырдан шашу шашты.

Арайлым ЕСМАҒҰЛОВА