9.10.2019, 18:09
Қараулар: 591
ҚЫЗЫ КӨП ҮЙ

ҚЫЗЫ КӨП ҮЙ

Қыздардың шешімі

Аймангүл Таубаева бүгінгі шалқып өмір сүруі қыздарына берген саналы тəрбиенің  арқасы деп біледі. Ауылдың шетіндегі шағын үйде келісті тірлік кешіп отырған апамыздың сөзінің жаны бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын құдай қосқан жары Жексен дүниеден озғанда Аймангүл Жәрмеңке ауылы маңындағы елді мекенде қалған еді. Өзінде бір түйір ұл, əке жолын жалғар тұяғы болмаған соң жанашыр ағайыны Аймук атаған Аймангүлді жапан далада малдың тірлігімен қалатын шығар деген ойда болған. Жексен аға мен Аймангүл апа перзентсіз емес еді. Олардан бес қыз өрбіді. Бәрі де өсті, өнді, ата-анасының ақ батасымен тойын жасап, құтты орнына қонды. Ежелден-ақ қыз өріс, жат жұрттық адам ғой. Сондықтан да шығар  жамағайынының кейіпкерімізге алаңдағаны. Дегенмен тілекші қыздары өзгеше шешті.

Ақылдаса келе, Сайқын ауылында тұратын Гүлжауһаны әке шаңырағына оралып, анасын орталыққа қоныстандыруды ұйғарыпты. Оны Аймангүл апамыз растап отыр. «Иə, ақаң келмеске кеткеннен кейін қыздарым маған Сайқында тұруға ұсыныс тастады. Өзің білесің ғой, ол кезде Гүлжауһан болса сендермен әріптес еді. Аудандық «Орда жұлдызы» газетінде қызмет ететін, күйеу балам Айбек те қарап отырмайтын. Олардың тұңғыштары Ақжол мектепке баратын. Ақжолым ата-анасынан қалып, Сайқында оқиды екен, бала болған соң, үйін сағынбай тұрмайды. Қалай болар екен деп уайымдадым. Қызымның да оқыған-тоқығаны кәдеге жарамай қала ма деп те уайым қылатынмын. Дала тірлігі өзімнің етім үйренген дағдым ғой. Десем де қақаған қыста қиын боларын да білетінмін. Ойланып-толғанып,  күйеу балам мен қызымның ұсынысын қабыл алдым. Балаларға қиын болып жатса, қайта далалыққа барармын деген ой санамда  тұрды»,- деді көп балалы ана ағынан жарылып.

­­­- Демалыстарда барып көмек қолын созу бір бөлек. Ал түбегейлі мал бағуға бекіну тіптен бөлек дүние екені малды адамға мәлім. Отынмен кіріп, күлімен шығуды қазіргі жастар түсінбейді ғой. Күн ұзаққа отты өшірмей, пештің көмейіне ағаш-қиыңды тықпалайсың да жатасың. Еңбегің татымайды ғой, таңмен тұрғанда үйің қаңырап, ұлып тұратын еді. Түнде бірнеше рет тұрып малды түгендеу. Мал төлдегенде қораға жол салу жиелейтіні тағы бар. Сиыр сауу, сүт тартып, май шайқау, жазда шөп дайындап, қыста шөп салу, ауа райына қарамастан малдың соңында жүру деген сөз. Шыны керек, өзіме жақсы таныс осы тынымсыз тірлікке қыз-күйеуімді қимадым. Оқыған-тоқығаны бар қызым күл шығарып, күс-күс боп, далада отырып қалмасын дедім. Онымен бұлар айтқанынан қайтпады. Олар далаға, мен аудан орталығына көштім,-дейді апамыз.

 

Аманат арқалаған Айбек

Күйеу баласы Айбек ел сөзінен қашып, арланып, шаруашылыққа бас болуға бармас та еді, Жексен ағаның көрегенділігі болмағанда…

Бірде ауылдан 20 шақырымдай жерде тұратын Жексен Молдағалиев ауруы енді жазылмасын сезгенде Сайқында тұратын Айбек күйеу баласымен сырласа отырып, өз шаруашылығын өркендетуді, зайыбы Аймангүлді қамқорлауды, қыздарын аманаттап тапсырған екен. Атқа қонып, темір тұлпарды тізгіндеуде аса ептілігі болмаса да Айбек атасының аманатына қиянат жасамады. Жүрексінсе де, шаруаның тізгінін ұстап, дөңгелетіп әкетті. Ал, бала күнінен малдың соңында өскен зайыбы Гүлжауһан оған қолғабыс еді.

 «Ыдыс жуу, шай жинау ­ — менің міндетім»

 

Аймангүл апа кешегі бұрымды қыздарының бүгінде бір-бір шаңырақтың берекесіне айналуы бала кезден берілген тәлімнің, бетімен жібермей, «тәйт» деп  өсіргеннің жемісі дейді. Бала жастан еңбекке араластырып, өз шаруасын  өзі ыңғайлауға үйреткен. Жексен ағамыздың қызғалдақтары аса бір қиын дүниелерді орындамағанымен, шай əзірлеп қою, орнын жинап, ыдысын жууды 5-6 жасынан бастаған екен.

 

  • Бойым үстелге жетпесе де ыдыс жууды маған тапсыратын. Апам Лəззат одан қиындау шаруаларды тындырады. Ал мен аяқ астыма орындық қойып жуатынмын. Уақыт өте келе анамыз қасына ілестіре жүріп нан басуды, астың қамырын жаюды үйретті. Тізбектеп қайтейін, үй тірлігіне біртіндеп қай қайсымызды пісіріп тастады. Тек ошақ басын ғана емес, атқа мініп, малды қарау біз үшін түк те емес еді. Жалпы анамыз бізді қыз бала ғой деп артық үбектеп көрмепті,-дейді Гүлжауһан Молдағалиева.

Есейе келе қыздар сиыр саууды үйретген. Осының бəрі де керек қой. Құдық басына бақша салып, оны күтуді көбіне Перизат өз мойнына алған. Суару, арам шөбін жұлып, баптау кіші қыздың мойнында болған. Онда қауын, қарбыз, пияз, қияр, қызанақ, болгар бұрышы өскен. Өнім мол шыққан жылдары Перизат жәрмеңкеліктерден тапсырыс алып, табыс та тапқан. 30-40 келіге дейін қияр жинап, сататын кездері болған. Анасының бір сөзін елеусіз қалдырмаған қырмызы қыздар қай шаруаның бағытын білетіндіктен қолға алған істері сəтімен болып жатыр.

«Тəйт» ­ —  тəрбиенің тұпқазығы

 

Өзінен кейінгілерге қатаң қарау кейіпкерімізде бала кезінде қалыптасса керек. Отбасындағы үш қыздың үлкені ретінде ата-анасы тапсырған үй тірлігін дөңгелентіп қою осы Аймангүл мен ағасы Баянерге жүктелетін. Ол заманның балалары жұмысты ұлдыкі не қыздікі деп бөлмей, бірігіп атқара беретін. Соның салдары болар өзінің бес гүліне де анасы аса талапшылдықпен қарапты.

Аймангүл апаның өз анасы балаларды жұмсай жүріп, ері келгенше шаруасын тындырып қоюға тырысып бағатын. Өз түтінін түтеткенде анасынан көргенін Аймангүл де атқарды. Қазір қыздарынан да талап етуде. Бес балапанын еңбекке дағдыландыра жүріп, «күлді баспа, жаман болады», «суды текке төкпе, оның да сұрауы бар», «жұрттың сөзіне ілікпе», «арыңды таза ұста», «өзіңе мұқият бол», «ұятты ұмытпа» деген тыйымдар мен нанымдарды айта жүрген. Ең бастысы, «əке-шешеге қарсы сөз қайтарма, үлкенге қарсы сөйлеме» дегеннен тайынбаған. Қыздарына қаншалықты қатаң болып көрінсе де, не бір дауыс көтеріп, не бір қол жұмсамаған. Үнемі жымиып жүретін Аймангүл апаның қол жұмсамақ түгілі қатты-қатты айтады деп те ойламайсың. Ал, бірақ «тәрбие барысында олай сөйлеуге де тура келеді» дейді апамыз. Әрине, бастарынан сипап, мейірім төгетін кездері болған әліде солай. Керісінше, Жексен аға «Қыздарымыз бізге қонақ қой» деп үнемі қызғалдақтарын қорғай жүретін. Аймангүл апа қаттырақ қарағанымен өз ортасынан оқшауламайтын.

Есесіне оқу жылында қыздарға қарайлатын əже қатаң тəртіптің адамы болған. Ол кешкі алтыдан соң ешбір қыз түзде жүрмеуі керек деп санаған. Міне, осы адамның қарауында Жексен ағамыз бен Аймангүл апамыздың қыздары мектепте оқыған. Мектепішілік шаралар бола қалса, қыздар алдын ала сұранып жүретін. Шара бітсін, бітпесін олар әжесі белгілеген уақытынан бес минут та кешікпейтін. Өйткені, әжесі кешіксе, арқадан оқтаумен не шыбықпен тартып жіберуден де тайынбайтын болған. Әжелері дүние салған соң аға жеңгелері Дүйсен Молдағалиев пен АлтынайТауманованың тәрбиесін көрген. Жеңгесі қайын сіңлілеріне сырлас болса, кенже ақалары ыссылау қараған.

«Қызға қырық үйден тыйым» қағидасы бұл шаңырақта кең қолданылғанға ұқсайды.

 

Ата-ана үміті ақталды

 

Ата-ананың арманы — «қыздарымның әр қайсысы қалаған жоғары оқу орнында оқып, қолдарына қатырма қағаз алып, білдей бір маман иесі болса» деген жалғыз арман. Қысқартуға ұшырағанда азын-аулақ малын өсіруге бекініп, жоқшылықтан тарыққанда, малдың машақатынан шаршағанда «қыздарымды оқыту үшін тырысуым керек» деп тістеніп, алға ұмтылған екен Аймангүл апа. Шүкір, қыздарының төртеуі де әке-шеше үмітін ақтады. Тек кенжетайы Перизат екінші курсты тəмамдаған шақта тұрмыс құруға рұқсатын сұрағанда Аймангүл апа ренжіп: «Олай болса, ендігі жері оқуынды жалғастырасың ба, жоқ үйде отырасың ба, өз еркің. Бізден көмек күтпе. Күйеуің оқытса, оқисың, жоқ десе жоқ»,- деп шорт кескен. Анасының бұл сөзі шүбәсіз орындалатынына Перизат мүлдем күмəн келтірмеген. Өйткені, анасы сөздің адамы еді.

Қаттырақ айтқандағы ойы — оқуын бітірсе, апалары сынды өзін өзі асырап, бір түйір нанын өзі алатындай қауһары болғанын қалағаны. Ақылы бөлімде оқып жатса да Перизат ата-ана үмітін ақтау үшін барын салды. Жұбайы да оны қолдап, отбасын асыраумен бірге зайыбының оқу ақысын төледі.

Осылайша Аймангүл апа мен жұбайының арманы орындалды. Бес қыздың төртеуі ақылы бөлімде оқыған. Тек орта мектепті «Алтын белгімен» тəмамдаған Ұлболсыны Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін де қызыл дипломмен бітіріп, кейін  магистратураны да аяқтады.

 

Əке тірлігі, ана өнегесі

Совхоз тарамаған шақта Жексен ағамыз мал дəрігері қызметінде болған. Қазіргідей жеке меншіктегі мал жоқ. Дені — үкіметтікі. Ал үкімет шашау шығармайды. Төл жоғалтсаң, қарамасаң, тиісті күтім жасамасаң да жауапқа тартыласың. Талап күшті. Ол уақытта жұмысқа деген құлшыныс та өзгеше еді. Түн жарымда малына көмек сұрай келген əр жанға Жексен аға көмекке даяр тұратын. Сондай шақыртудан шаршап келгенде отанасы малды жайлап, баспанасын жинастырып, тамағын алдын ала даярлап, қай уақытта келсе де шəйін əзірлеп, тағамын ұсынатын. Осыны көріп өскен қыздарынан ер азаматты сыйлаудың үлгісін санасына сіңірген. Содан болса керек ешбірі жүгін тиеп «қайтып келдім» деп әке атына күйе жақпаған. Өмір болған соң жастар арасында түсініспеушілік болады. Аймангүл апаның қыздары да өз шер ақтарып, анасына сыр айтқан кездері болған. Бірақ кейіпкеріміз «Таңдау өзіңдікі. Ендігі жерде шыдайсың, төзесің» деген басумен шектелген.

Оның ойынша «ішіме сыйған қыз, сыртыма да сыяды» деген пікірден алшақ болу керек.  Сонда жас шаңырақ шайқалмайды. Үйінде құрақ ұшып тұратын өз тумалары барын сезген келін қиындыққа шыдай алмай, қарындаштай сына түседі. Өйткені ұштала түсуге ұмтылмайды. Ұятты ысырып тастап, жайлы өмірді қалайды. Олар қайта барғанда төркінінде де бұрынғыдай болмасын сезбейді ғой. Бабаларымыз «Қайта қайтқан қыз жаман» деп бекерге  айтты дейсіз бе?! Сондықтан қыз тәрбиесі олар тұрмысқа бергенде де жалғаса береді екен.

«Тағы да қыз ба?!»

 

Жаңа туған нәрестеге есім қойғанда бір нәрсеге болжап қоятын әдетіміз бар. Жексен ағамыз да төртінші қызы дүниеге келгенде Ұлболсын деп ырымдап қойғаны болар. Алайда, өзінің жарына ешқашан «Тағы да қыз ба?!» не «Ұл таппайсың!» деп ренішін білдіріп көрмеген. Ізбасары болғанын қалағанымен, өзгелердей қыз  таптың деп перзентханаға бармай қалған кезі де болмапты марқұмның.

-Құдай маған бермеген ұлды бес қызғалдағыма берді. Шүкір, сол қыздарымнан өрбіген он жиенімнің қызығын қызықтап отырамын. Ал, нағашы атасынан айнымайтын Ақжолым қасымда. Қыз деген тілекші ғой. Қайда жүрсе де тілеуімді тілеп жүреді. Көмек қолдарын да аямайды. Бара қалсам, қыздарым да, күйеу балаларым да асты-үстіме түсіп, әлек болып жатады. Бар жақсыны алдыма тосып, құрметтерін көрсетеді. Маған олардың сыйластығынан артық не керек?!-дейді өмірлік тәжірибесімен бөліскен анамыз.

 Раушан ЖАНАТҚЫЗЫЗЫ