9.10.2019, 17:48
Қараулар: 157
ҚЫЗ ТӘРБИЕСІ:СІЗ БЕН БІЗГЕ СЫН

ҚЫЗ ТӘРБИЕСІ:СІЗ БЕН БІЗГЕ СЫН

Былтырғы пікірталас бағытындағы жобамыз биыл да жалғасын тапты. Аудандық кітапханада алғашқы шарамыздың тұсауы кесіліп,  Жастар жылына, ауыл жастарының жай-күйіне арналса, бұл жолғы басқосуымызда қыз тәрбиесі, оның қоғамдағы ролі, ене  мен келін арасындағы сый-құрмет т.б өзекті мәселелер талқыға салынды. Осы шырайлы кездесуіміздің қысқаша нұсқасын назарларыңызға ұсынамыз.

 

Ұлпан Жакина, «Орда жұлдызы» газетінің бас редакторы:  Құрметті қонақтарымыз, қара шаңырағымызға қош келдіңіздер! Бүгінде ғаламторды қарап отырсаңыз, құдайдың құтты күні бір мейрам деп шығып тұрады. Бақыт күні, отбасы күні, жесірлер күні, тіпті әжетхана күніне дейін бар. Қазанның 11-ін БҰҰ халықаралық қыздар күні деп бекіткен екен. Басқа басқа бұл күннің қадірі ерекше болуы керек-ақ. Өйткені, қоғамды тәрбиелеуді қызыңды тәрбиелеуден бастаған деген сөз бар. Өздеріңізге де жақсы мәлім,  бір әулеттің ғана емес,  бүтін ұлттың арына баланған қыз баласының орны халқымыз үшін әр кез ерекше. «Қыз жат жұрттық, қыз — өріс» деп оның тәрбиесіне жастайынан көңіл бөліп, бетінен қақпай, мейіріммен өсірген. «Есті қыз етегін жабады» деп, сұқ көздерден сақтандырып, қауіп-қатерден алшақ ұстаған. Өйткені, бүгінгі инабатты  қыз ­ертеңгі  ибалы келін, аяулы жар, ардақты ана. Демек,  бүкіл ұлттың тағдыры, келешегі қыздарымыздың қолында. Бүгін де осынау  айтулы күнді жобамызға арқау етіп, өздеріңізбен дастархан басында әңгіме-дүкен құрып, талқылауға ниеттіміз. «Қыз тәрбиесі — ұлт тәрбиесі» дейтін халқымыз үшін қыздың  ар-намысы, абыройы әманда биік тұрады емес пе?! Осы тақырып төңірегінде тосылмай, ашық сұқбат жасап, сүбелі  ой айтайық дегім келеді.

Бибігүл Бектелеуова, М.Мәметова мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:  Негізгі қызметім жасөспірім жасқа толмаған оқушы ұл- қыздармен тығыз байланысты болған соң олардың әдебі, жүріс-тұрысы, психологиялық ахуалы, әсіресе қыздардың тәрбиесі әр кез  жіті назарымызда. Несін жасырайық, бүгінгінің қыздарының таным-түсініктері, көзқарастары, талғамдары біздің кезімізбен салыстыруға мүлдем келмейді. Еркін, ашық, қымсынуды білмейді. Аналарымыз «ұят болады, қатты сөйлеме, дөрекілік танытпа» деп санамызға құйып өсіргесін бе, қазіргі бой жетіп қалған аруларымызға қарап, рухани құндылықтарымыз жұтаңдап бара жатырған жоқ па деп қауіптенемін. Біз қандай едік?  Қыз баласы құсап жылтыр әшекей тағып,  боянып-сыланып алып, көшеде тайраңдап жүрмедік. Үлкеннің алдынан кесіп өтпек түгілі, жүзімізден ұятымыз төгіліп тұратын. Бірақ бұндай шектеулер, тыйымдар тұлға ретінде дамуымызға, жетілуімізге еш кедергісін келтірген емес.   Өстік, өндік, тұрмыс құрдық, ана атандық.

Арай Фазылова, МС.Бабажанов мектебінің мұғалімі: Қазіргі заманның балалары ерте жетіледі. Олардың мына дүниені қабылдауы, таным- түсініктері біздің кезімізбен салыстыруға келмейді. Десек те қыз тәрбиесіне келгенде осалдық танытқанымыз жарамас. Қыздың абыройы — еліміздің абыройы. Сондықтан, олардың етек-жеңі қысқарып, кеудесін жартылай жалаңаштауы  жақсылықтың нышаны емес. Несін жасырайын, біздің мектебімізде сезімдерін жасырмай, жария  жүретін жұптар бар. Қоңырау соғылған сайын өздері меншіктеп алған махаббат бұрыштарына барып, кездеседі. Кейде оқушыларымыз кешігіп жатса, «жасырынған» жерлеріне іздеп барамыз. Сабақтың соңғы минутында  уақытымды арнайы бөліп, оқушыларыммен рухани әңгіме құруға тырысамын.  Алдымда отырған жас өскіндерге ұят сезімін ұялату мұғалімдік һәм аналық міндетім деп білемін.  Байқағаным, қандай ма менің пікіріме өз уәждерін айтып отырады. «Махаббат — мәңгілік тақырып, жақсы көру, сүю секілді  ұғымдар сіздің жастық шағыңызға да тән» деп батыл түрде пікірлерін айтуға жасқанбайды. Екеудің сүйіспеншілігі, сезімдері  ел-жұрттың назарына ілікпеуі тиіс деп райларынан қайтаруға тырысып бағам. Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық  мол жылдарын», З.Ахметованың «Шуақты күндерін» оқуға кеңес беремін. Әр  ата-ана тәрбиені уысынан шығарып алмауы қажет. Бұл жерде тәрбие деп құр насихатпен ғана шектелу дегенді білдірмесе керек-ті, ата-ана сөйлеген сөзі мен іс-әрекетін қадағалап, мейлінше қарапайым этикалық ережелерді ескеріп, өнегеліктің үлгісін көрсетуі тиіс. Біз айна іспеттіміз. Ал, олар бізден көргенін, естігенін қайталауға дайын. Сөз бен іс әдемі үйлесім тапса ғана нәтиже болады.

Арайлым Есмағұлова, тілші: Жалпы, біздің қазақы қоғамда тым сәнденетін, шаштарын түрлі түске бояйтын,  құлағына бірнеше сырға ілген, бір сөзбен айтқанда сыртқы пошымы өзгелерден сәл ерекшелеу қыздар туралы  «тәрбиесіз, көргенсіз»  деген қате түсінік қалыптасқандай көрінеді.  Психолог мамандар  бұндай ерекшеленуді күйзеліспен байланыстырады.  Яғни, терең ойға батып, жүйкесі жұқарған адам  ішіндегі жан айқайын сыртқы  бейнесін түрлендірумен білдіртуге тырысады дейді. Бұл тұрғыдан қаншалықты қырағысыздар және бұндай жағдайлар  тәжірибеңізде орын алды ма?

Бибігүл Бектелеуова, М.Мәметова мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:  Әлбетте, оқушылардың мінез-құлқындағы, жан дүниесінде пайда болған  өзгерістерді байқаймыз. Кейде жайдарлы, белсенді оқушыларымыздың  мінезі күрт өзгеріске ұшырайды. Демек, бір жағдай әсер етті деген сөз. Психологымыз жұмыстанып, себебін анықтауға тырысады. Қалаға барғанымда мынадай оқиғаның куәсі болдым. Сұлулық салонына  келіншек оқушы қызын ертіп әкелді. Қызына  татуаж жасатпақшы екен. Мен абдырап састым ба десем, қас әрлейтін шеберге дейін аң-таң. Шыдай алмадым, оның әлі кішкентай екенін, жасанды сұлулыққа бойын үйретпесін деп аналық кеңесімді айтуға тура келді. Сөйтсек, әлгі қыздың ортасы сән қуғандар екен. Анасын да түсінуге болады, ортамнан қалыс қалдым деп қызым өзіне бірдеңе жасар деген қорқыныш болады. Құндылықтар өзгерді дегеніміз осы шығар.

Шәкира Ишанғалиева, зейнеткер:  Қазақта әу бастан «қызым үйде, қылығы түзде» деп айтып кетті емес пе?! Шағын ғана ауылмыз, кімнің не жасағанынан әп-сәтте хабардар боп отырамыз. Кімнің қызы тұрмысқа шығып, қайтып келгенін, жүріс-тұрысы да көпшіліктің назарынан мүлт кетпейді ғой.  Қызды тәрбиелегеніміз — ұлтты тәрбиелегеніміз, қыз бұзылса — ұлт бұзылады. Қыз тәрбиесінде кеткен  ағаттық сіз бен бізге  сын. Ата-бабамыз оларды   күндердің күні өзгенің босағасын аттайды, келін, жар, ана атанады деп мейірімін төге еркелетіп, ерекше құрметпен қарап, ана сүтімен, әкенің қанымен дарыған асыл қасиеттерді берік ұстанып жүруіне күш салды.  Тектілік дегеніміз осы емес пе?! Өкінішке орай, қазіргі аналарымыз тәрбие деген сөздің мағынасына үңіле бермейді. «Заманына қарай адамы» дейді дағы  салтымызда жоқ батыс елінің таным-түсінігін дарытып әлек. Біреудің қаңсығы бізге таңсық. Осылайша өз қолымызбен анайылықты, азғындықтың көбеюуіне жол салып беріп отырғандаймыз.

Бибігүл Бектелеуова, М.Мәметова мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: Қайсыбір жылы мектепте қыз бен жігіт  сөз байласып, сезімдері жалпақ жұртқа жария болды. Мектеп дәлізінде құшақтасып, әдепсіздікке жол беретін. Әрине, мұғалім ретінде, тәрбие ісіне жауапты маман ретінде ескерту жасап, болмаған соң қыздың анасын шақырттым. Өкінішке орай, әлгі бойжеткеннің анасы қызына шаң жуытқысы келмеді. Содан жазғы каникул кезінде біздің «жастарымыз» қалада бірге қыдырып жүр дегенді естіп, сынып жетекшілеріне хабарладық. Анасы «сіздер менің қызымның мазасын ала бердіңіздер, қай заманда өмір сүрудеміз, саябақта қыдырып жүрсе несі айып» деп оқытушының өзіне дүрсе қоя берген.Кейін жігіт мектепті бітірді. Қыздың мінезі құбылып, бұрынғыдай белсенділігін жоғалтып алды. Психологиялық жарақаттың белгісі еді бұл. Бірнеше ай психолог маманымыз сол оқушымен жұмыстанды.

Қалампыр Айтжанова, зейнеткер: бұл жерде атам қазақтың «Қызға қырық үйден тыйым, болмаса есіктегі күңнен тыйым» дейтіні есіме түсіп отыр. Қай-қай ана да баласын жамандыққа қимайды, ерсілігін көрмейді де, шолжаңдығын еркелікке санап, есерлігін ескермей қалады. Мұндайда қырық үйдің тыйымы іске қосылуы керек. Бұл дегеніміз, қыз баланың тәрбиесіне тек бір әулет мүшелері ғана емес, тұтас  ауыл жұрты  жауапты дегенді білдірсе керек. Сондай-ақ, көшеде жалғыз қыдыруға, өтірік-өсекке жуымау, ұятты мүшелерін жауып  жүруге, т.б осы қырық тыйымның ұстанымдарына берік болуға үйретті. «Заман осындай екен» деп батыстың менталитетіне белшемізден батып кетпесек болғаны. Ажырасу, қайтып келу дегендерің болмас үшін анасы қызын бойжеткен кезінен келіндік өмірге тәрбиелеуі керек. Ешкім қызын қасына ұстап отырмайды, қыз барған жерде анасынан қандай тәрбие көргенін көрсетеді. Соны естен шығармауымыз керек.

Ұлпан Жакина, «Орда жұлдызы» газетінің бас редакторы: Дейтұрғанмен, әдептен озбай, көркем мінезімен ортасына сүйкімді аруларымыз да баршылық. Бұрымымен, салмақтылығымен көзге түскен сіңлімізді де арнайы шақырған едік.  Әжелеріміз айтты, ұстаздарымыз дәйекпен сөйледі, ал жас қыздарымыз не айтады?

Орынгүл Маралова, кітапханашы: Меніңше, қыздың өз ақылы болуы керек. Анасы да, мұғалім де үнемі қасында жүрмейді. Адамның алға сүйрейтін ақылы, ақылы бар адаспайды. Әкем де, анам да маған орынсыз шектеулер қойып, қатаң тәрбиелемеді. Бәріне түсіністікпен қарап, менің пікірімді тыңдап, көзқарасымды біліп отырады. Анаммен жиі сырласамын. Бірақ ол кісі мені артымнан іздеу салып, қадағаламайды. Маған шексіз сенгенінен деп білемін. Бұйырса, тұрмысқа шығамын.  Сырға салып, құда түсіруге пейілді жігітімнің барын анама өзім айтып, жеткізгем. Бүгінгі отырыста сіздердің айтқан әр сөздеріңізді жадыма түйіп отырмын.

Ұлпан Жакина, «Орда жұлдызы» газетінің бас редакторы: Қалампыр апа, өз сөзіңізде қызды анасы келіндік өмірге дайындауы керек дедіңіз. «Қызымдай көремін» деп беташарда маңдайынан сүйіп қарсы алатын ененің тәрбиесі қандай? Шәкира апа, Қалампыр апа, Бибігүл апа үшеуіңіз де келін түсірдіңіздер. Сіздер келіндеріңізді өз қыздарыңыздай көресіздер ме?

Шәкира Ишанғалиева, зейнеткер: Мен «келінімді қызымдай көремін» деп оны туған баласымен тең еткен жандарды түсінбеймін.  Келін ол ененің ізбасары, қолғанаты, шаңырағының шырақшысы. Келін өз орнын біліп, келіндік міндеті мен парызын естен шығармауға тиісті. Мен келіндерді ренжітіп, малай ету керек  дегенді  меңзеп отырған жоқпын. Дұрыс түсінсеңіздер игі.

Қалампыр Айтжанова, зейнеткер: Келін де бір үйдің аманаты ғой. Сондықтан олардың намысын таптап, абыройын төгу  надандық дер ем. Келін — ұлыңның сүйіп таңдаған жары, әулеттің өрісін кеңейтер жан. Сондықтан келінге құрмет көрсетемін деп тым өбектеп, туған қызының дәрежесімен тең ету де қателік. Ақылды, көргенді келін өзінің жолын, міндетін сөзсіз  ұғынады ғой .

Бибігүл Бектелеуова, М.Мәметова мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:  Маған құдай екі ұл нәсіп етті. Шүкір, екеуі де келін әкеліп, бәріміз бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз.Сүйкімді немерелерім бар. Қыз балалардың орны бөлек екен. Соны ұғындым. Келіндерімді қыздарымдай көремін десем өтірік емес.

Арайлым Есмағұлова, тілші: Ақпараттың жедел дамыған заманында өмір сүріп жатырмыз. Әлеуметтік желіде бізді қойыңызшы, мектеп оқушылары өте  белсенді. Қандай фильм, бағдарлама көремін десе өз еркілері. Ешқандай шектеу жоқ. Өкініштісі, қазіргі киноиндустрия идеологиялық мақсатты ұстанады деу қиын. Соңғы жылдары жарық көрген фильмдердің дені  коммерциялық өнімдер. Сол секілді, «Қалаулым», «Кел, келінім» секілді телебағдарламалар да тәрбиелік мәні зор шығарылым деуге аузың бармайды. Әйтсе, «Қалаулымның» биыл үшінші маусымы басталыпты. Біле білсеңіз, бұл бағдарламаның негізгі продюссері Аслы Юлмез  деген түрік әйелі. Әу баста Түркияда жарық көрген хабарды салт- дәстүрге қайшы деген желеумен жергілікті үкімет қарсылық танытып, эфирден алып тастаған. Біздің елде «Қалаулымның» айы оңынан туды. Өрімдей жас қыздарымыз  болашақ жарын іздеп, хабарға келуден тартынбайды. Сондықтан, баласының  теледидардан нені көріп, желілерде кімді оқитындарын да анасы біліп жүрсе екен…

Ұлпан Жакина, «Орда жұлдызы» газетінің бас редакторы: Жалпы,  қыз-келіншектерге қатысты ырым-тыйымдар көп. Мәселен, әйелдерге қаралы хабарды естіртуге болмайды екен. Өйткені, әйел адамның аузынан шыққан негатив сөздер тез таралып, балалап кетеді дейді. Өздеріңіз де жақсы білесіздер,   Нұр-Сұлтан қаласындағы бес баланың өлімі туралы хабардың фотосын, видеосын бөліспеген адам кемде кем.  Бөліскендердің арасында әйелі де, қызы да баршылық. Көп ұзамай, Қызылорда және т.б  қалаларда бір үйдің бірнеше баласы газдан уланып о дүниеге аттанды. «Жақсы сөз айт немесе үндеме» деген пайғамбар сөздері еріксіз ойыма оралады осындайда. Қаралы жаңалықты сүйінші сұрағандай  жариялап, жамандықтың төрге шығарып алғандай болдық. Меніңше, әйел қауымы осыны ескеріп жүргендрі абзалырақ.

Бибігүл Бектелеуова, М.Мәметова мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:  Толықтай келісемін. Жаңалықтарда қылмысты хроникалар көбейді, елдің түкпір-түкпірінде адам сенгісіз сорақылықтар болып жатыр. Бұндай жағымсыз көріністерді көбейткеннен не пайда? Өздеріңізде айтып өткендей ақпарат лезде таралады. Кеңес кезінде де қылмыстың зоры жасалды. Бірақ жарияланбайтын. Халық білмейтін. Сана уланбайтын. Қазір жағдай мүлдем бөлек. Бесіктегі баладан қариямызға шейін соңғы жаңалықтарды естіп-біліп отырады. «Қалаулым» секілді бағдарламалардың да көрермені біздің ауылда баршылық қой.

Ұлпан Жакина, «Орда жұлдызы» газетінің бас редакторы: Бүгінгі жылы шырайлы кездесуімізді Надежда Крупскаяның сөздерімен түйіндесем деймін. Ол кісі «Баланы еркелету мен тәрбиелеуді қазақ халқынан үйренгеніміз дұрыс. Әсіресе, қыз тәрбиесін. Бір ғана шашбаумен қыз жүрісін салмақтап, бойын тіктеп, шашбау сыңғырын естіген жұрттың быйпыл сөзін тыйған дала педагогтарына қалай таңқалмайсың?!» деген екен. Тек Н.Крупская емес талай ғалым зерттеушілер ата дәстүр, ұлттық құндылығымыздың бағасын біліп, жақсы пікірлерін білдірген екен. Осы тәрбие, тамырымыздан алшақтап, жаһандану деп жұтылып бара жатқан жоқпыз ба деген қорқыныш бар. Тамшының тасты тесерін білеміз. Айта-айта тізесі шыққан тақырыпты қаузағаны несі демей, бір түйір ой түйсе, басқосуымыздың мақсатына жеткені болар. Алтын уақытыңызды бөліп келгендеріңізге рақмет!   Осындай келелі кездесулер жалғасты болады деп сенеміз.

Пікірталасты қағазға түсірген Арайлым МАРАТҚЫЗЫ