9.10.2019, 17:19
Қараулар: 71
СУ БӨГЕТТЕРІНЕ ҚАМҚОРЛЫҚ КЕРЕК

СУ БӨГЕТТЕРІНЕ ҚАМҚОРЛЫҚ КЕРЕК

 

Аудандық басылым арқылы өз пікірімді аудан басшылығының назарына ұсынсам дейді. Ел басқарған ағаларымыздың бірі Мұрат Насимуллин М.Мәметова атындағы совхозды көп жыл басқарды. Сол кезде ауылымыз даму көрсеткіші бойынша республикада алдыңғы қатардан көрінді.

Мұрат ағай өте тәуекелшіл, жаңашыл басшы еді. 1967-70 жылдар аралығында осы совхоз аумағындағы «Бруцеллез», «Ақбұлақ», «Шұғыл», «Мұратсай», «Сейтәлі» елді мекендеріне жасанды су қоймаларын (бөгеттер) салу арқылы қар суынан мол су жинап, мал суару және аң-құсқа жағдай жасалды. Су бар жерде шөптің шүйгін болатыны, жануарлардың да көбеюіне жағдай болатыны белгілі. Сол жылдары аң-құс көп болды. Аң аулауға көршілес Ресейден келетін еді. Солар өз қолдарымен балықтың өсуіне көп көмек жасап еді.

1972 жылы аудан құрылуына байланысты аңшылық қауымдастығы құрылып, басшылыққа Рахымжан Шакиржанов тағайындалды. Сол кездегі совхоздың жаңа басшысы Қадер Ғайсин өзіне шақырып, аңшылық аймаққа қорықшы боп қосымша қызмет атқаруымды сұрады. Табиғатқа жақын, аңшылыққа бала кезден әуес болғандықтан келісімімді бердім. Осы міндетті 1998 жылға дейін атқардым.

Ешкім әдейілеп екпесе де сол бөгеттерді бойлай, терек, жиде, жыңғыл өсіп, көк майса жайқалып тұрушы еді. Аудан тұрғындары көліктерімен келіп, сол су қоймаларының басында демалатын.

Қазір қалай? «Бәлду-бәлду, бәрі өтірік» болғандай. Су қоймалары қаңсып қалғалы қай заман? Бар деген суымыздың өзінде балық азайған. Жасым жетпістен асқанына қарамастан, атқа мініп, аумақты шолып қайттым. Үш бөгетті аралап, көңілім құлазып қайтты. Қай жерге барсам да тау-тау қоқыс. Бұрын су басына қанша адам келсе де, қаншама аңшы келсе де, арттарын жинап, ізін де қалдырмайтын. Ауылдастарыма «су басына барып, демалған жақсы, әрине, бірақ, таза ауа жұтып, демала барып, су көзін ластап, қоқыс-қалдықтарымызбен тұншықтырып кететініміз қалай?» деген сауал қойғым келеді. Таза ауа деп барып, тазалықты естен шығаратынымыз қалай?

«Орда жұлдызынан» хабардармын, сенбіліктер жиі ұйымдастырылып отыр. Бұл, әрине, құптарлық. Осындай үлкен көлемдегі сенбілікті бөгет басында ұйымдастырсақ деймін. Қысқа дейін екі айдай уақыт бар, су қоймаларын тазартып, қоқыстан көзін аршысақ, қар суы жинақталып, азды-көпті су қорын жинақтап алар едік.

Сайфетден ҚОЖАНТАЕВ,

ауыл тұрғыны