18.09.2019, 17:56
Қараулар: 191
«ОТБАСЫМ – БАҚ МЕКЕНІМ, АНАШЫМ – ШЫН ЖӘННАТЫМ»

«ОТБАСЫМ – БАҚ МЕКЕНІМ, АНАШЫМ – ШЫН ЖӘННАТЫМ»

 

Сайқындықтар Омаровтар әулетін жақсы біледі, таниды. Мәселенки, Жігер ағамыз жайдарлы мінезімен, кішіпейілдігімен жұртқа жұғымды, елге сүйкімді. Кім кім, ауылдастары оның қаралы үйдің бар шаруасын күйттеп, елгезектік танытатынына дән риза. Қызы Нұргүлі де осал емес. Ұстаздық қызмет атқаратын Жасұлан, Дидар, Нұргүл, Меңдігүл сынды ұл- қыздарының әрқайсысы өз ортасына сыйлы десек,  асылдық айтпағанымыз болар. Әулет туралы әңгіменің анадан, үлкен шаңырақтың қара қазығынан басталары хақ. Отбасы – бақыт мекені десек, сол бақыттың бастауы отбасының бұлақ көзі, ынтымақ-бірлікті уысында ұстап, өрелі ұрпақ өрбітіп, әулеттің түп тамыры, алтын қазығы  Сәуле әжеміз екені әмбеге аян.

Өткен ғасырдың  қиын-қыстау жылдарында жарық дүниенің есігін ашқан жандардың қай-қайсысы да шат-шадыман күн кешті деуге келмес… Еңбек және тыл ардагері  Сәуле әжеміздің де өмір өткелінде көрмеген қиындығы жоқ.  Сұрапыл соғыс ет жақындарынан айырды,  ашаршылықтың азабына шыдады, қаршадайынан ауыр еңбектің қазанында қайнады.   Тағдырдың талай тәлкегіне ұшыраса да ол мойымады. Ешкім де, ешнәрсе де оның жігерін жаншып, үмітін сөндіре алмады.  Жаратқаннның әмірімен бүгінде сексеннің үшеуіне дін аман жетті, немере-шөберелерінің ортасында бақуатты күн кешіп отырған әзиз анаға айналды.

«Шырағым-ай, біз не көрмедік. Қаршадайымыздан  ауыр еңбекке араластық. Күннің ыстық-суығына қарамастан бұзау бағып, тезек теретінбіз. Даланың шаңын көкке көтерердей алаңсыз ойнағанымыз есімде жоқ. Аты өшкір соғыс балалық шағымызды  аяусыз ұрлады. Жоқтық, жұпыны тұрмыс біздерді ерте есейтіп жіберді ғой» деп әңгімесін  осылай бастады Сәуле әжеміз.

Сұм соғыстың оты тұтанғанда кейіпкеріміз небәрі алты жаста еді.  Суыт хабар елге таралысымен майдан даласына аттанғандардың арасында жиырмаға жетеқабыл туған ағасы Ықылас та бар еді. Алайда ол  мінген пойызға  діттеген жерге жету бұйырмаған екен. Жау әскерінің тұтқиылдан төпелеген бомбасы сарбаздар мінген эшелонды  әп-сәтте күл талқанын шығарады. Бұл қаралы хабар  бәрін де   есеңгіретіп жіберді.   Қайғыдан ес жия алмай, етегі жасқа толған анасына отағасының да сарбаздыққа алынғанын есту  ауыр соққы болып тиді. Амал нешік, әйелі мен жалғыз қызын тастап  майдан шебіне ол да кете барады. Көп ұзамай Сәуле әжеміз бен анасы Қабира екеуі жан бағу үшін көппен бірге колхозға қоныс аударады.  Тепсе темір үзетіндей қос бірдей қорғанынан  көз жазғалы тіршіліктің бар ауыртпалығы анасының нәзік иығына түсті.

«Анам түздің жұмысына  жегілген колхоздағы  әйелдермен бірге таңмен  сиыр сауады, түнделетіп  сарай-қоралардың маңынан кетпей күзетшілік міндетін де атқарып жүрді.  Біздер бұзау бағумен қатар аналарымыз жасап қойған құрт, ірімшіктерді күзететінбіз. Бір де біреуін рұқсатсыз жеуге болмайтын, әйтпесе оңбай таяқ жейтінбіз. Ол кезде аң-құс та аш, жейтін жемтігі болмағасын маңайды торуылдап жиі жүретін. Әсіресе, қараңғы қоюланған тұста ішегі қабысып, бұратылған бөрілерден қауіп зор еді. Олардың ұлыған дауысын  естігенде тұла бойым мұздап жөнеледі, байғұс шешеме бас салмаса екен деп уайымдайтынмын. Қаншама әйел ертеңгі күнмен қауышар-қауышпасын білмей, жанын шүберекке түйіп жүрді. Қазір ойласам, осының бәрі қорқынышты түс секілді».

Әңгіменің тиегі ағытыла түскен сайын әжеміздің жанары жасқа тола берді. Сол бір кезге ойша сапар шексе-дағы азаппен өткен күндері әлі де оның көңіл түкпірінен кете қоймағаны анық байқалады.

«Анам байғұс өлместің күнін кешті ғой. Маңдайынан күн, табанынан сыз өткенше қара жұмыстың соңында жүрді.  Бір күні аяқкиімі әбден тозып, киюге жарамай қалды. Содан үйдегі алашаның шетін кесіп алды да аяғына  орап, амалдауына тура келді. Анамды аядым. Өзі аш құрсақ жүрсе де бар тапқанын менің аузыма тосатын».

Содан 1946 жылдың күзінде   хабар-ошарсыз кетті деген әкесі ауылға  аман-есен   оралады.  Қанды қырғында желке тұсына оқ өтіп,  бір жылдай госпитальда ес-түссіз жатыпты. «Соғыстың дүбірі басыла бастаған уақыт қой. Жер-жерден  сарбаздар біртіндеп келе бастады. «Өліпті» деген бауырларымен  қайта жүздесіп, қуанышқа кенелген жандарды көргенде мен де  «әкеммен  қауышамын» деген үмітімді үзбейтінмін. Құдай тілеуімді берді. Бір күні әкем үйге келіп тұр.   Сонда анама «әлі-ақ бақытты өмір сүретін боламыз, қиын күндеріміз артта қалады» дегенім есімде.

Уақыт өтіп, күндер жылжи түсті. 1948 жылы әкесі Белисан отбасын Орда ауылынан  Сайқынға көшіріп әкеліп, жаңа тұрмыс бастауға ниет етеді. Алайда, бір жылдан соң тұрмыстың тауқыметін көп көрген анасының денсаулығы сыр беріп, дертінен айыға алмастан көз жұмады.  «Анам фәниден кеткелі көңілім бір көтерілген жоқ. Әкем бар мейірімін, махаббатын аямады, әйтсе де  анамның орны ойсырайып тұратын.   Бірнеше жылдан соң  әкем арғы бетте тұратын Мәден Есеева деген әйелді жар етті. Өте жақсы кісі еді марқұм. Екеуі ортақ перзент сүйе алмады. Содан әкем  Жәнібек ауданындағы туысқан қарындасының жалғыз ұлын бауырына басты. Бар білетінім, қарындасының жағдайы мүшкіл, баласын бағып қағуға еш мүмкіндігі болмапты. Араға уақыт салып әкем де о дүниелік болды. Екінші анам мен асырап алған інім үшеуміз «орнында бар оңалар» деп күнімізді жалғастыра бердік».

1953 жылы Сәуле әжеміз Нығмет есімді теміржол қызметкеріне тұрмысқа шығады. Жаратқанның әмірімен он екі құрсақ көтерсе де, бірталайы періште шағында шетінеп кетеді. Екі ұлы мен бір түйір қызы ересек шағында қайтыс болыпты. Бүгінде ұлдары Жігер, Қайрат, Талғаты мен келіндері апамызды үлде мен бүлдеге орап отыр.  «Қосағым  өмірден ерте озды. Оған да ширек ғасыр жуықтаған екен.  Егер жанымда болса ұрпағының қызығын көріп, марқайып жүрер ме еді. Құдай көпсінбесін сегіз немерем, бір түйір жиенім,  он бес шөберем бар. Немере баладан тәтті деген рас екен. Осылардың амандығын тілеп, жетістіктеріне қуанып отырамын. Жақын арада Нұргүлім Орал қаласына қызметке ауысты. Сағынып жүрмін қызымды. «Мені ойлама, жұмысың жауапты қайткенмен» деп ақ батамды беріп, шығарып салдым» деген ол көзінің жасын бір сығып алды.

Әжеміздің  әлі де асқақ  арманы бар. Он екі жастағы шөбересі Дилярасын өз қолымен ұзатып, құтты жеріне қондырсам дейді. Бақсақ, олай деуінің де өз жөні бар екен. Оны немере келіні Эльмира айтып берді. «Диляра екі айға толғанда жұмысқа шықтым. Сол екі айлығынан әжем қызымды өзі бағып өсірді. Бесікке бөлеп, әлдиін айтып, бар қамқорлығын аямады. Содан болар Диляра десе шығарға жаны бөлек. Әжемізге деген сый- құрметіміз ерекше. Үнемі келіндеріне жылы қабақ танытып, еркелетіп, әдемі әзілімен де баурап алады. Алыс сапарға шығар болсақ міндетті түрде әженің батасын аламыз» дейді. Ұлы Жігер ағамыз да «анамыз – шаңырағымыздың сәні» дейді. «Біздің бүгініміз, дәрежеміз, еңсерген биігіміз  осы үлкен кісінің арқасы. Босағаны аттай бере анамның жадыраған жүзін көрудің өзі бір бақыт екен.  Мен де атамын, құрметті жасқа жеттім. Әйтсе де анамның алдында өзімді әлі сары ауыз балапандай сезінетінім рас. Отбасым – бақ мекенім, кішігерім мемлекетім болса, анам – жер бетіндегі жәннатым ғой. Тілегімді тілеп, қабағымды бағып отырған анам барда ақсақал жасына жеткенімді білмей де қалыппын» дейді толқынысын жасыра алмай.

Біз де әжемізге  Алла тілеуіңізді берсін деп тілейміз.

Арайлым ЕСМАҒҰЛ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар