18.09.2019, 17:25
Қараулар: 945
БЛОГ-ТУР – БӨКЕЙ ЕЛІНДЕ

БЛОГ-ТУР – БӨКЕЙ ЕЛІНДЕ

Облыстық «Болашақ» қауымдастығының ұйымдастыруымен өңіріміздің киелі жерлерін аралауға шыққан блок-тур біздің ауданға сапарын Жәңгір Хан кесенесінен бастады.

– Бұл блок-турдың басты мақсаты – өңіріміздегі тарихи жерлерді Қазақстан халқына насихаттау. Осы мақсатта 15 әлеуметтік желіні белсенді қолданушылардан топ құралған. Топ құрамында республикамызға танымал Тимур Бектұр мен Нұрлан Сәдір, Яков Федоров секілді блогерлерге қоса облыс көлемінде танылып жүрген жерлестеріміз бар, -деп облыстық мәслихаттың ең жас депутаты Салтанат Тұманбаева топ құрамын таныстырды.

Мәдениет үйі ауласындағы таныстықтан соң тур мүшелері облыстық Хан ордасы музей-қорығына бет бұрды.

– Біз әлі өз отанымыздың тарихымен толық таныспадық. Сондықтан бізде ішкі туризм ақсаңдап тұр. Бөкей ордасы тұңғыштар мекені саналады. Неліктен? Өйткені осы жерде ең алғаш қазақ мектебі ашылды, ең алғаш атты әскер полкі құрылды. Айта берсек, бұл тізім соңына жетпеспіз. Міне, біз соны қазақстандықтарға жеткізуіміз керек. Олар да осы жерге келсін, көрсін, білсін. Себебі, Бөкей орда тарихы тек осы өңірдің тұрғындарына ғана тиесілі емес. Жалпы халыққа ортақ тарих, бабадан қалған ортақ естеліктер, -деді өз сөзінде Нұрлан Сәдір.

– Бұл менің Ордаға екінші рет келуім. Алғаш келгенде жол азабы тартып келгем, бұл келгенімде ауа райы да, жол жағдайы да аса бір қиындық тудырмады. Қалай жақсы жетсек, алар әсеріміз де мол болып, мақсатымызға жетеміз деген жақсы үмітте тұрмын, -деген Яков Федоровтың сөзінен ұлты өзге болса да бар ықыласы қазақ даласын көріп білуге, оны өзгелерге таныстыруға деген құлшынысын анық байқадық.

– Мен Қазақстанның барлық өңірінде болдым. Бірақ Бөкей ордасына тең келетін ғажап өлкені басқа жерден көрмедім. Нағыз қазақы салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған жер бұл, -деп ризашылығын білдірді Яков.

Ішкі туризмді дамытуға үлес қоссақ деген блок-тур қатысушылары сапарларын Қазталов арқылы өтіп, Шыңғырлаудан жалғамақшы.

Әділет ӘБДІРОВ

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар