13.09.2019, 11:16
Қараулар: 1216
«ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ» ШАҚЫРУДЫҢ ТӘРТІБІ ӨЗГЕРДІ

«ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ» ШАҚЫРУДЫҢ ТӘРТІБІ ӨЗГЕРДІ

Жедел жәрдем шақыру тәртібіне өзгеріс енгізілді. Енді аудан тұрғындарының ақ халаттылар көмегіне жүгінген қоңырауларын жергілікті аудандық аурухананың жедел жәрдем бөлігі қабылдамайды. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2017 жылғы 3 шілдедегі №450 бұйрығы негізінде барлық шақыртуды облыстық шаруашылық жүргізу құқығындағы «Облыстық жедел медициналық жәрдем стансасы» МКК қабылдайды. Облыс орталығының 103 пультіне қабылданған шақыру мәліметі скриншот түрінде жергілікті жедел жәрдем қызметіне түседі.

Орталықтандырылған жүйеге облыстың барлық ауданы қосылған. Енді жедел жәрдем қызметіне жүгінген барлық азаматтардың қоңыраулары бір жүйе бойынша қабылданып, көрсетілген көмек сарапталатын болады. Бұл сөз жоқ жедел жәрдем қызметінен сапасын арттырады. Сонымен бірге жалған қоңыраулар, өтірік шақыртулар да қаперге алынатын болады.

Құрметті ауылдастар, жедел жәрдем қызметіне жүгене қалсаңыз, науқастың аты-жөні, ауру себебі мен сипаты, мекенжайыңыз толық айтуыңыз сұралады.

Жедел жәрдем қызметі дер кезінде көрсетілуі үшін мекенжайдың дұрыстығы, нақтылығы маңызды. Үй-жайыңыздың нөмірі, көше атауы жазылған маңдайшаның болуы шарт.

Бұрын қоңырау жергілікті деңгейде қабылданғанда үй-жай мәліметі көрсетілмеген жағдайда көршісін, қасындағы дүкен, әлеуметтік нысанды, үйдің бұрынғы қожайынын қосымша сұрап, нақтылайтын едік. Алдағы уақытта барлық шақырту орталықтандырылған жүйе арқылы қабылданатындықтан, нақтылық бірінші кезекте болмақ. Осыны қаперімізден шығармайық, ағайын!

Жаннұр ҚОНЫСБАЕВА,

Бөкей ордасы қосалқы стансасының аға фельдшері

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар