11.09.2019, 15:49
Қараулар: 1039
КІМДІ ОҚЫП ЖҮРСІЗ, ИНСТАОҚЫРМАН?

КІМДІ ОҚЫП ЖҮРСІЗ, ИНСТАОҚЫРМАН?

Инстаграм желісі миллиардтаған адамның сенімді «серігіне» айналды бүгінде. Тәтті ұйқыдан оянар-оянбастан қолымыз бейсаналы түрде бірден смартфонды іздей бастайтыны өтірік емес қой. Әлеужелідегі соңғы жаңалықты шолып, жүктелген фотолардың қанша лайкқа лайық болғанын тексерумен күніміз басталады. Ғаламтордың өміріміздің ажырамас бөлігіне айналғанының айқын көрінісі бұл.
Жыл сайын инстаграм желісі күш алып келеді. Мәселен, күніне 500 мың адам инстаграмды «аралап» шықса, 5 млрд-ы фото жүктейді, 4,2 млрд адам лайк басып үлгереді екен. Жыл бойына 400 миллиондай «инстаграм историялар» жарияланса, 100 млн-дай қолданушы тікелей эфирге шығады, видеолармен бөліседі. Көрдіңіз бе, сандар осылайша сайрайды. Ал, инстаграм «ауылында» кімнің парақшасы танымалдылыққа ие екенін білесіз бе? Ол аяқ доптың шебері, әйгілі Криштиану Рональдо. 182 миллион жанкүйері оның күнделікті өмірін онлайн бақылап, көз жазбайды. Селена Гомес, Бионсе, Дуэйн Джонс сыңды сахна мен кино серкелері де футболшының ізін жалғап келеді. Барак Обама, Дональд Трамп, Хиллари Клинтон, Рим папасы Франциск сынды әлем саясаткерлерінің желідегі белсенділіктері де жоғары екенін атап өтелік. Ерке Есмахан, Қайрат Нұртас, Баян Мақсатқызы, Мәдина Сәдуақасова сынды отандық эстрада жұлдыздары миллиондаған аудиториясымен өзгелерден көш ілгері. Өнерсүйер ағайынның зор ықыласына бөленген Димаш Құдайбергеновтың парақшасы ресейлік композитор Игорь Крутой бағасын бергендей «Әлем әртісінің» статусына дөп келіп тұр. Таза шығармашылықтың иісі аңқиды, оқырмандарына адал. Гастрольдік сапарлары, концерттік жоспарлары туралы дер кезінде бөлісіп отыратындығына тыңдармандары да бек риза. Димаштың «өнер» дейтін кемеде бірге жүзіп жүрген әріптестері оқырмандарына қаншалықты шынайы деген ой келеді. Сүйікті орындаушысының парақшасын тәулігіне «күзетіп», қит еткенін назардан жібергісі жоқ инстақолданушылар не оқып, не түйіп жүр? Әдемі суретімен қоса, бетін әрлеген маманды, шаш үлгісін жаңартқан шаштаразды, ауқаттанып, әл жинаған мейрамхананы, тіпті, үстіне ілген әр жаңа киімдерінің дизайнерлерін де жазбасына (пост) енгізіп, жарнамасын жасап береді. Әлбетте, құр қолға бата жүрмейтіні белгілі. Қайсыбір айда аты шулы продюсер Баянның қызы Айсәуленің ұзату тойына киген туфлиінің бағасы біраз инстаәлемді шулатып жіберіп еді. Иә, аяқкиімінің бағасы да арзан емес, 1,5 мың доллар құны.
Біз сараптап шыққан «жұлдыздар» парақшасында мұңайғанын, сағынғанын, ауырғанын, шаршағанын баян еткен жазбалар басым. Жұбайымен ренжіскендерін де, ажыраса жақ екендерін де білдіріп,хайп жасайтындар баршылық.
Әттегенайы қазақстандық саяси элита мүшелері желіде мұндай танымалдылыққа ие емес. Тіпті Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке парақшасына жазылушылар саны небәрі 700 мыңға жуықтайды. Демек, біздің қоғамға, әсіресе, қазақы аудиторияны жұлдыздардың жылтыраған өмірі, «не ішіп, не кигені», яғни, тұрмыстық деңгейден аспайтын ақпараттар ғана қызықтырады екен.
Ал, инстажеліге уақытын «жем» қылмай, игілігін көре білген ұтады. Ол үшін мазмұнды, пайдалы һәм актуалды дүниелерді молынан жариялайтын блогерлерге тіркелгеніңіз абзалырақ. Саяси сауатыңызды арттырып, жеке тұлғалық қасиеттеріңізді аша түсіп, жантану әлемінің қыр-сырын меңгеріп, ІТ саласына қызығушылығыңызды арттырып, әдебиеттің көркем әлеміне үңілемін десеңіз келесідей блогерлердің жазбаларын оқып көріңіз.
Журналист, медиалектор, саяхатшы Өркен Кенжебектің (@Orkeni_) есімі жалпыға жақсы мәлім. Оның газет және телеарналардағы тілшілік қызметі бір төбе, ғаламтор кеңістігіндегі блоггерлік қызметі де дәл солай. Кез келген қоғамдық мәселеге бей-жай қарамай, азаматтық ұстанымдарын айқын аңғарта отырып пікірін сауатты білдіреді. Жер жүзін шарлап, әлемнің кереметтерін көзбен көріп, төл тарихына үңіліп, саясатын, медицинасын, мәдениетін, өнерін екшеп, талдап беретін оқ тілді, орақ ауызды Өркен мырзаның жазбаларын назарсыз қалдырмаған жан пайдалы мағлұматтарға кенелері хақ.
Психолог, саяхатшы, тележурналист Динара Болаттың (@dinarabolat) негізгі аудиториясы қыз-келіншектер болып табылады. Нәзік жандылардың қоғамдағы мәртебесі, тұлғалық дамудың алғышарттары, отбасы, бала тәрбиесі, қарапайымдылық жайындағы пікірлері һәм тұщымды ойлары кәдеңізге жарарына күмәніміз жоқ. «Сұлулықты көре білу — өмір сүре білу» деп үндейтін блогер ханымның парақшасы да тереңдік пен әдемілікке тұнып тұр.
Қоғам белсендісі, блогер, баспагер, «Күміс кітап», «Күнкөрістен кет, байлыққа жет» кітаптарының авторы Бахытжан Бұқарбайдың (@barkorn) есімі атала қалса «жылына жүз кітапты тауысқан, білімге білім жамайтын эрудит» деп таниды жұртшылық. Оның жаңа нәрсені білуге, үйренуге, дүниетанымын кеңейтуге деген ұмтылысы мектеп жасынан басталып есейген шағында да бұл дағдысынан айнымапты. Саналы ғұмырында санасыздыққа жол бермей, әр күнін игілікті іспен толтыруды мақсат тұтатын Бахытжанның еңсерген жетістіктері де аз емес. Екі жылдай бұрын жарық көрген «Күміс кітабы» оқырманын тез тауып, мақтаудың астында қалған-ды. Отандық ақын-жазушыларға қолдау көрсетуді мақсат тұтқан ол баспа ісін ашуды қолға алды. Бахытжанның баспасынан басылып шыққан әр кітап жоғары сапасымен, креативті мұқабасымен ерекше. Бастысы, заманауи оқырманның көңілінен шығатындай дүниелерді жасап шығаруда. Өзі де «Озар елдің ұлдары кітап оқиды» деп жастардың бос уақыттарын қалт жібермей, пайдалы кітап оқып, жаңашылдыққа бейім болуға үндейді.
Гарвард университетінің түлегі, «KazPetrоDrilling» компаниясының вице-президенті, журналист Шыңғыс Мұқанның (@shyngys_muqan) инстапарақшасын ұрпағының жауапкершілігі мол, парасат-пайымы жоғары әрі көшбасшылық қасиеттерге ие болғанын қалайтын әр ата-ана білуі тиіс. Бірнеше жыл АҚШ елінде оқу оқып, жергілікті мектептердегі білім беру процесін, оқушы мен ұстаздардың қарым-қатынасы, адамгершілік ұстанымдары, қоғамдағы белсенділігі, т.б ерекшеліктері мен артықшылықтарын жіті меңгерген ол көрген-білгенін қазақ тілінде сайратып, оқырмандарына жеткізіп жүр. Парақшасындағы «Америка мектептері балаларын қалай тәрбиелейді», «Ерік жігерді шыңдаудың жолы», «Жігіттерге жеті кеңес» айдары тұлғалық дамудың алғышарттары іспетті.
Тұрақты әрі табысы мол бизнес құру мүмкін ме? Сауда-саттықтың ұңғыл-шұңғылын жіті зерттеп, шетелдік бизнес-тренерлерден тәлім алған отандық кәсіпкер әрі «Руми» мейрамханалар желісінің директоры Қуандық Шоңбайдың (@kuantr) инстапарақшасынан осы және өзге де сауалдарыңызға жауап таба аласыз. «Нарық заманының серкесі атану біліммен, ізденумен, өзін-өзі дамытумен ғана келеді. Адам баласы ақша таба алады, алайда сол ақшаны еселеудің жолынан бейхабар. Байлықпен дос болуды үйрен, алайда, оның құлы болудан сақтан». Табысты кәсіпкер Қуаныш Шоңбай осылай дейді.
Замануи технологиялардың тілін игеру қазақ жастарына қол емес деп кім айтты? Сөзімізге сенбесеңіз блогер, интернет маркетолог Тимур Бектұрдың (@tmurbektur) парақшасын бір шолып шыққаныңыз абзал. ІТ саласының майын ішіп, жілігін шағатын Тимурдың бүгінгі таңда «Инстаграм СММ», «инстаграмда жарнама жасау және таргетинг» сынды авторлық курстары және бар.
Біз келтірген тізімді әрмен қарай жалғай беруге болатын еді. Сауатты, жаңашылдыққа бейім, оқырманының алдында өз жауапкершілігін сезіне білетін блогерлерден кенде емеспіз. Әйтсе де олардың еңбектерін іздеп оқитын жандардың қатары әлі де артар емес.
Арайлым ЕСМАҒҰЛ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар