11.09.2019, 15:39
Қараулар: 837
«КӘРІС ҒАЛЫМДАРЫНАН ҮЙРЕНЕРІМ КӨП»

«КӘРІС ҒАЛЫМДАРЫНАН ҮЙРЕНЕРІМ КӨП»

Ердәулет ӘБУОВ:

Ғылымның кемесіне мініп, бүкіл саналы ғұмырын белгілі бір саланы зерттеу ісіне арнаған ғалымдарды жанкешті деуге болады. Жаратқанның маңдайға жазған бар жасын ғана арнап қоймай, сол жолда мақсатқа жету жолында ел аралап, жер танып, не бір тәуекелге барып жатады. Иә, бүгінге емес, болашаққа еңбек ететін ғалымның арқалаған жүгі ауыр. Оны терең түсіне білгендер ізденіс жолынан айымай, бағытын айқындай түседі.  Сондай білімге құштар жастың бірі, өзіміздің жерлесіміз Ердәулет Әбуов дер едім. Жақында ғана Оңтүстік Корея елінің Кванджу қаласынан   оралды.  Құр келмеді, білім қоржынын толықтыра келіпті.

– Ердәулет, аман-есен елге келуіңізбен.  Екі ай бойына Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласындағы «Ғылым және Технология» институтында қызмет жасап, кәріс ғалымдарымен тәжірибе  алмастыңыз. Таңдауыңыз неліктен Оңтүстік Корея еліне түсті?

– Рақмет! Бүгінгі таңда мен Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев университетінің магистрантымын. Ғылыми жетекшім  Вуджин Ли мырза  қолға алған жобамды тереңірек зерттеп, түсіну үшін  Кванджу қаласындағы «Ғылым және Технология» институтының мамандарымен тәжірие алмасуыма кеңес берді.  Осылайша,  «Халықаралық ғалымдар» бағдарламасы негізінде  Оңтүстік Корея еліне аттанып, екі ай бойына «Carbon and Energy Systems Lab»  зертханасында ғылыми зерттеулер жүргізіп,  жергілікті кәріс ғалымдарымен  тығыз жұмыс жасап, біраз мағлұматтарға қанықтым. Байқағанымдай,  Кванджу қаласындағы  жоғары оқу орындарында білім  сапасы жоғары, өзара бәсекелестік бар екен. Ал, бәсекелестік сапа деңгейін арттыратыны сөзсіз. Мемлекет тарапынан ғылымды дамытуға басты назар қойылғаны қуантты. Ғылыми зерттеу орындары соңғы үлгідегі технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған.  Бір сөзбен айтсам, ғылымды қоғамның керегіне жаратады. Өкінішке қарай, біздің елдің профессор-оқытушылары  көп уақытын теориялық сабақ беуге, дәріс оқумен өткізеді. Кәріс профессорлары  ең алдымен   практикалық-зерттеу жұмыстарына көңіл бөледі. Ал, теориялық жағын  студенттердің өздері  игерулері тиіс.

Ердәулет, сонда қандай жобаны қолға алдыңыз?  Ғылыми  жобаң болашақта өндіріске енгізіле ме?  Мақсаты не? 

– Қолға алған жобам бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселе жаһандық жылыну проблемасына қатысты. Өздеріңізге де жақсы мәлім,  жаҺандық жылынудың басты себептерінің бірі ауыр өнеркәсіп саласынан бөлінетін  улы газдар, қоспалардың  өте  көп мөлшерде таралуы болып табылады. Әсіресе,  зауыттардан шығатын түтіннің арасында көміртек оксиді  жылыну процесін тездететін  қоспа  саналады.  Әлем ғалымдары осы мәселе турасында  түрлі технологиялар ойлап шығарып, жаһандық жылынудың  алдын алуға күш салуда. Мәселен,  газ гидраты  деп аталатын мұз тәріздес құрылымдарды қолдану арқылы көміртек газды ауаға таратпай, ұстап қалатын  тәсіл бар. Газ гидраттары мұз тәріздес болғанымен, тек жоғары қысым мен төмен температурада ғана түзіледі. Алайда осы технологияларды қолдану үшін жоғарғы қысым беру өте тиімсіз әрі көп энергия қажет етеді. Сондықтан химиялық қосымшалар қосу арқылы газ гидраты түзілу үшін  қысымды түсіру керек болады.   Яғни, мен осы екі ай ішінде  әр түрлі қоспалардың  газ гидраты түзілуінің әсерін бақылап, ең тиімді қоспа түрін анықтауға тырыстым. Әлбетте, ғылыми зерттеулерімді Назарбаев университетінде әрмен қарай жетілдіре түсемін. Мен ұсынып отырған технология әлі өндірісте қолданылмайды. Жаңа идея десем де болады. Бірақ, болашақта іске асады деп сенемін. Сәтті жүзеге асырған соң шетелдік ғылыми журналдарға жариялағым келеді.

– Қателеспесем, Нұр -Сұлтан қаласындағы ұлттық лабораторияда да қызмет жасайсыз. Оқу мен жұмысты қатар алып жүру ғылыми жұмысыңыздың өнімділігіне кері әсерін тигізбей ме?

– Уақытымның көп бөлігін зерттеу ісіне жұмсайтын болғандықтан, зертханада қызмет жасаған өте қолайлы. Магистратура бағдарламасынан да ауытқымай, берілген тапсырмаларды дер кезінде орындап жүремін. Бастысы, өзіңе артылған жауапкершілікті сезіне білу керек деп есептеймін.

– Екі ай дегенің ел тануға аз уақыт шығар. Оның үстіне он адамының тоғызына оңай шағылмас жаңғақтай көрінетін жобамен жұмыс жасадың.  Дегенмен, осы екі айдың ішінде кәріс халқы туралы қандай пікір қалыптасып үлгерді?   Қандай артықшылықтарын, ерекшеліктерін байқай алдыңыз?  

– Кәріс халқының еңбекқорлығын ерекше атап өткім келеді. Жасы да, кәрісі де қолға алған істерін тиянақтылықпен тындыра біледі.  Мәселен, жұмыс уақыты таңертенгі 9-да басталады, түскі үзіліске дейін әр қызметкер өзіне тиісті  функционалдық қызметін мүлтіксіз орындайды. Түскі үзіліске шығып, ауқаттанып келген соң кешкі 17.00-ге дейін қалған шаруаларын тындырады. Жұмыс барысында  телефонға телміру, әлеуметтік желіге алаңдау т.б байқамайсыз. Өте жауапты.   Әрине, олар да адам баласы,  шұғыл мәселе туындап қалса,  басшыдан сұранады.  Кәріс әріптестерімнің өздері де «Бізде  жеке өмір деген атымен жоқ, жұмыс, жұмыс және жұмыс» деп   әзілдесіп қоятындары бар. Алайда бос уақыттары  бола қалса, міндетті түрде отбасымен таза ауаға демалуға шығады.  Спортпен шұғылданады не тіл үйрену курстарына жазылады.  Тағы бір ерекшеліктері үлкендер мен жасы кішілердің бір-біріне деген сыйластығы керемет.  Бұл елде сыйластық пен құрмет көрсетудің  алты түрлі деңгейі қалыптасқан. Мәселен, досыңмен, әріптесіңмен, туысқандарымен т.б адамдармен  осы  алты  деңгейге сәйкес сөйлесу  керек.  Біздің жақтағыдай көрінген көзтаныстың бәріне қолыңды ұсынып, не «сәлем» дей сала алмайсың. Мысалы, мен  профессорлармен  қолымды беріп амандаса алмаймын. Тек иіліп қана құрметімді білдіремін. Қалған әріптестерім де солай. Жұмыс барысында  сағыз шайнап, не аяқты біріне айқастырып қойып, жағыңды таянып отыру  мәдениетсіздік саналады.  Егер басшы жас болып, қоластындағылар өзінен едәуір үлкен болса, алты деңгейдің ішінен  ыңғайлысын белгілеп,  қарым-қатынас ережесін бірден нақтылап алады.

Жалпы, кәріс жұртының тамақтану мәдениеті де көп елге ұқсамайтыны белгілі.   

– Иә, дәл солай. Қазақ халқы құнарлы, сіңімді етіп  ауқаттанғанды жақсы көреміз ғой. Сондықтан кәріс асханасы соншалықты көңілімнен шықты дей алмаспын.  Қазанды бүлкілдеп қайнап піскен етті аңсадым. Бұл елде малдың еті қымбат екен. Мысалы, сиыр етінің саны 19 мың теңге тұрады. Кәрістер  доңыз етін жиі жейді. Ас мәзірінде бидай наны  жоқтың қасы. Кез келген тамақты күрішпен қосып жей береді екен. Кимчи секілді өте ащы тағамдармен қоса теңіз өнімдері сұранысқа ие. Мен жұмыс жасаған институттың асханасында түскі ас 2000 мың теңге тұрады. Әр жұма сайын «Хэппи чиппи дэй», қазақшаласам  «бақытты тауық күні»  деп аталатын  өте қызық дәстүр бар. Таңнан кешке дейін тек тауықтан жасалған тамақтар ұсынылады.

         – Оңтүстік Корея дүниежүзіндегі  ең қауіпсіз ел саналады.  Бұл турасында қандай ой айтасыз?

– Оңтүстік Кореяға  аттанбас бұрын  ғаламтордан  түрлі  ақпараттарды оқып шыққанмын.  Бұл елге  табаным тигеннен соң  жазылған мәліметтермен толықтай келісе түстім.  Расымен де, қылмыс  деңгейі төмен. Тұрғындар  мәшине көліктерін   кілттемей, алаңсыз қалдырып жүре береді.  Егер бір жерге жеке заттарыңызды, тіпті бағалы дүниеңізді ұмыт қалдырсаңыз  қолды болмайтынын  сеніммен айта аламын. Өз басымнан бірнеше рет өткен жағдай.  Түнделетіп жалғыз жүргенге де ешкім тиіспейді. Өзге ұлтқа деген агрессиялық көзқарасты байқамадым.

– Кез келген ата-ананың  ғылым саласына бет алған ұл-қызына қолдау білдіруі  екі талай.  Себебі де жоқ емес. Ғылыми саланы игеріп кету өз алдына,  отандық ғалымдарды материалдық тұрғыдан қолдауда кемшін тұстары аз емес.  Ата-анаңыз бұл шешіміңізге қарсылық білдірмеді ме?   

– Ата-анам менің әр бастамама қолдау білдіріп отырады.  Кореяға екі айлық қызметке жол жүретінімді  естігенде қатты қуанды.  Біздің елдің ғалымдары  шетелдегідей   кең мүмкіншіліктерге ие емес.  Дегенмен, отандық ғылымды дамытсам деген арманым бар. Мақсатыма жетпей тынбаймын. Әкем   Нұрболат Әбуов  Макаров мектебінде тарих пәнінің мұғалімі, анам Қырмызы Қуанова   қаладағы № 42 мектепте ағылшын тілінен сабақ  береді.

– Әңгімеңе рақмет! Ата-анаңның ғана емес, тұтас ұлттың мақтанышы бол! 

Сұқбат құрған Арайлым МАРАТ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар