9.09.2019, 14:48
Қараулар: 1185
ШАБЫНДЫҚТА ШАРУА ҚАУЫРТ

ШАБЫНДЫҚТА ШАРУА ҚАУЫРТ

 

Ата кәсіпті мирас қылып, мал баққан ағайын көктем шығып, көк бой көтерген кезден шөп шығымы қандай болар екен деп, жаз шықты болды «ауа райы қалай болар екен? Малға азық жинарға мүмкіндік болар ма?» деп алаңдайтынын рас. Доңыздың қысы қылкеңірдектен алғанмен, жазы шабындық науқанына қолайлы боп тұр. Бұдан бұрын жазғанымыздай, шаруа қожалық иелері шөптің шығымына еш өкпе айтпайды. Үкіметтің қолдауымен техникасын сайлап алса да, жұмыс күшінің жеткіліксіздігін ғана тілге тиек еткен еді.

Отыз күн шілденің әр күнін қыстың бір айына азық санайтын шаруа ағайын шөп шабу жұмысын қарқынды жүргізуде.

Аудандық ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің мәліметінше, мал азығының қыстық қорының 76,8%-ы орындалыпты. Таратып айтсақ, 231,1 га шабындыққа шалғы түсіп, 104 тонна өнім алынған.

Дәл қазіргі таңда 482 шаруа қожалығы қысқы мал азығын дайындау жұмысымен шабындықта жүр.

Жалпы көршілес үш ауданмен салыстырғанда бізде шөп бағасы тұрақты. Мысалыға, Қазталов ауданында бір рулон шөптің бағасы бес мың теңге болса, жаңақалалық шаруалар бір рулонды алты-жеті мың теңгеге бағалапты.  Жәнібек ауданында бір бума шөптің құны 350 теңгеден, іздесеңіз 250 теңгеге де табуға болады екен. Ал, бір рулон 3000-3500 теңге деп бағаланыпты. Ауданымыз бойынша бір бума шөптің құны 350 теңгеден, ал бір рулон шөп бес мың теңгеден саттыққа түсуде.

Өткен жылы да шөп бағасы осы деңгейде болды. Айырмашылығы қыр мен көл шөбінің азды-көптігінде боп отыр. Былтыр көл шөбі мол болса, биылғы мал азығын негізінен қыр шөбі құрап отыр. Өткен жылы да жүз бума қыр шөбі 35  мың теңгеден,  қараша айының соңына қарай жусанның жүз бумасы 25 мыңға бағаланды.  Қыс қаһарына мініп, ұзай түскен кезде рулон шөбіміздің бағасы шарықтап кеткені белгілі. Бес мың теңгеден басталып, сегіз мыңнан бір шықты.

Доңыздың долы қысы сабақ болды ма, биыл шаруа ағайын ерте қамданды. Көктемнің соңғы айларында шалғыны қоңырбас, еркекшөп сынды ерте қурайтын шөптерге салып, орып алды. Өз қамын жасап алған қожалық қожайындары артылғанын саттыққа шығаруда.

Саттыққа шығарылған шөптің құны бір рулон бес мың теңге болса, 200 бума шөп алу үшін кемінде 70 мың теңгең болуы шарт.

– Биыл шөптің шығымы жаман емес. Алайда жанар-жағармайдың бағасы ұстатпайды. Мысалға мың бума шөп дайындау үшін кемінде 150-200 литр дизел отыны мен 130 литр бензин жұмсалады. Әр мың бума шөп сайын жұмысшыма жүз бумасын еңбек ақысына беремін. Жүз бума шөпті ала ма, әлде ақшасын ала ма, ол жұмысшының таңдауы.  Келісім солай. Енді есептейік, бір литр бензин бізде 185 теңге, солярка 230. Демек, жүз буманы тасымалдауға қажетті жанармай алу үшін 24050 теңге қаржы қажет. Ал оны дайындауға кететін солярка мөлшері 200 литр, ол 40 000 теңге тұрады. Жұмысшыларға берілетін екі жүз бума шөп 70 мың теңгені құрайды. Жалпы мың бумадан 350 мың теңге пайда түсірсем, оның 64 050 теңгесі жанармайға жұмсалады. Жетпіс мыңы – жұмысшылардың жалақысы. Техника болғасын темірдің сынатыны бар, тегершігі жарылады, жөндеуге қаржы керек. Соның барлығын есептей келе, таза қолға тиетіні 150 000 теңгенің айналасы. Бұл мың буманың барлығын сатсаң ғана табатын табыс. Қорадағы өз малыма да азық керек мыңның 3/1-ін үйге түсіресің, сонда сатып тапқан ақшаң тек жыртығыңды жамап, жоғыңды түгендеуден арылмайды. Қазіргі шөптің бағасы жоғарыдағы жағдайды есепсек артық сілтеген дегенге келіспеймін. – дейді «Ержан» шаруа қожалығының иесі Қайыржан Ерғалиев.

Қысқы мал азығын шілденің басында қамдаған Жәрмеңке ауылының  тұрғыны Асылбек Дүйсенғалиев:

–  Қорадағы малыма бір-екі жүз бума шөп аздық етеді. Кемінде мың төк қажет. Жүз бума шөп бағасы – 30-35 мың теңге. Ауылдағы шаруа қожалықтардың бірі «Дана» шаруа қожалығының иесі Төлеген Абдировтан мың буманы 270 мыңға келісіп сатып алдым. Өткен қыс өзінің қаһарын көрсетіп кетті. Алдағы қыстың қалай болары кімге аян? Сондықтан шөпті бағасына қарап емес, сапасына қарай алған жөн. Өсірген азын-аулақ мал өз азығын өзі табады, -дейді.

Шөп бағасы әне-міне түсіп қалар деген оймен әліптің артын бағып жүргенде, жайдары жаз өтіп, күрең күз есік қағып тұр. Бейқамдыққа басып жүргенде науқан да аяқталады.  Қапы қалмасақ, жарады.

Әділет ӘБДІРОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар