2.09.2019, 20:19
Қараулар: 1027
БӨРЛІЛІКТЕРДІҢ САУАПТЫ ІСІ

БӨРЛІЛІКТЕРДІҢ САУАПТЫ ІСІ

 

Қыркүйектің 1-інде аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов пен аудандық білім беру бөлімінің басшысы Жұбан Ғұмаров М.Бегалиева атындағы мектепте өткен салтанатты шараға қатысты.

Аудан басшысы:

– Адам адамнан дүние байлығымен емес, рухани байлығымен, білімімен озады. Білімді ұрпақ қана елімізді алға сүйреп, әлемнің дамушы елдері қатарына шығара алады. Өскелең ұрпаққа білім беру ісіне бөлінетін қаржы жыл сайын еселеніп, мектеп-кітапхана жағдайын жақсарту күн тәртібінен түскен емес. Балаларымыздың алаңсыз білім алуына ата-аналарымыз да, ұстаздар қауымы мен Үкімет те еш аянып қалмақ емес. Осы қамқорлықтың қайтарымы – жақсы білім алып, ел игілігіне қызмет істеулерің ғана. Осы жолдағы еңбектеріңіз сәттілік тілеймін. Жаңа оқу жылы мектеп ұжымы үшін жетістікке толы болсын, -деп тілегін білдірді.

– Жолды алыссынып, көлікті кедергі санамасын деп, кез келген ауқымды шарадан қалыс қалмай, белсенді қатыссын. Тек қатысып қана қоймай, жүлделі орындардан көрінсін, -деп мектеп директорының уақытша міндетін атқарушы Тәттігүл Катчековаға автокөлік кілтін табыс етті.

Дәл осы салтанатты шарада бұрын мектеп ауласында тұрған Кеңес Одағының Батыры Темір Масиннің бюсті мен Ұлы Отан соғысына қатысқан        ауылдастар есімдері жазылған мемориалдық тақта жаңартылып, саябаққа көшірілді. Батыр бюстін ашу құрметі аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов пен ауыл азаматы, аудандық мәслихат депутаты Нағым Тәжімұратов, мемориалдық тақтаны ашу құрметі ауыл ақсақалы, еңбек ардагері Мінат Хабибуллин мен Мирболат Мұсағалиевке бұйырды. Бюст пен мемориалдық тақтаны жаңартып, саябаққа орналастыру ісіне ауыл азаматтары демеушілік танытты. Батыр мүсінін жаңғыртуға қолдау білдірген Нағым Тәжімұратов пен «Альмира» шаруа қожалығының жетекшісі Асқар Айтмұқасовқа аудан басшысы алғыс хат табыстаса, ауылдық округының әкімі Меңдібай Қитанов мемориал тақтаның жаңартуға қолдау білдірген ауыл азаматтары «Жаннат» ШҚ жетекшісі Мирболат Мұсағалиев, «Арай» шаруа қожалығының жетекшісі Дәурен Мұқашев, жеке шаруа Ермұқан Иманқұловтарды және осы сауапты істің жүзеге асырылуына қолғабыс жасаған азаматтар Жансерік Базаров пен Қанат Капусовты алғыс хаттармен марапаттады.

Шара соңында жиналған жұртшылық қаһарман Масин мен өшпес ерлік иелерінің есімдері жазылған тақтаға гүл шоқтарын қойды.

 

Өз тілшіміз

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар