28.08.2019, 12:00
Қараулар: 1281
АӘК 368 ОТБАСЫНЫ МАЛДЫ ҚЫЛДЫ

АӘК 368 ОТБАСЫНЫ МАЛДЫ ҚЫЛДЫ

 

Аудан  бойынша жыл басынан бері  714 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алуға құжат тапсырған. Соның 521-іне атаулы көмек берілетін боп мақұлданған. Ал, сол  521 отбасының  368-і  атаулы әлеуметтік көмектің шартты түрі тиесілі деп танылыпты.

Атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы танылған  жеке тұлғаларға ақшалай көмектің шартты, шартсыз түрлері, олардың талаптары егжей-тегжейлі түсіндіріліп, әлеуметтік  келісімшарттар жасалды, -дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының кеңесшісі     Сұңғат Қойшекенов.

Бүгінгі таңда АӘК-тің шартты түрі тиесілі болған 368 отбасы түгел дерлік келісімшарт талаптарын орындап, алдарына мал салуға әрекет жасап үлгеріпті. Атаулы көмек алғандардың алды сауынды сиыр алса, басым көпшілігі ешкі-қой алып, қораларына жан бітіп, тірліктеріне қан жүгіріпті.

Мұратсайлық  Бибігүл Бақтығалиева :

– Үш балам бар, жолдасымда тұрақты жұмыс жоқ. «Елде болса, ерінге тиеді» деп тапқанымызды талғажу қылып, барға қанағат деп отырған жанбыз. Сәуірдегі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін өсіріп, әр отбасындағы баланың жағдайын басты назарға алғанына аса қуаныштымыз. Керекті құжаттарды жинап, ауыл әкімдігіне тапсырдық. Атаулы әлеуметтік көмек қаржысын алдық. Қаржыны алсымен Елтай Биарыстановтан бес қой, бір ешкі сатып алдық. Ұсақ мал болса да, тегіннен тегін кім берген? Бұрын қаңырап тұрған қорамызға мал бітті, өзімізге ермек болды. Атаулы көмек дегенің – әлжуаз топтағы адамдардың аяқтан тұруына едәуір көмек. Бұрын тапқан-таянғанымыз ас-суымыздан, күнделікті қажеттіліктен артылмаса, енді алдағы күндерімізге жоспар құра бастадық, -дейді ол.

Ал, ұялылық Гүлсезім Әбуова  пен сайқындық  азамат  Нұрлан Оразғалиев  ата кәсіпті өркендетуді жөн санапты.

– Жыл басынан бастап аудандық электр торабында монтер боп жұмыс жасаймын. Екі қызым бар. жұбайым бала күтімімен үйде отыр. Жалақым күнделікті нан-суыма, ұсақ-түйек қажеттіліктерден артылмайтын еді. Атаулы көмек қолға тисімен жеті қой, бір ешкі алдық. Егіздеп туса, мал басы да тез көбейеді. Ет сағынғанда да, ұятты қонағың келсе де, қораңда қойың болса, қысылмайсың ғой. Қойлы болсам, қор болмаспын деп отырмын. Бұйырғанын көреміз ғой, -дейді Нұрлан.

Жәрмеңкелік «күміс алқалы» ана Шынаргүл Сәрсенова мен  ұялылық Ботагөз Ерғалиева да нақ осы атаулы әлеуметтік көмектің арқасында қорасына бұзаулы сиыр  байлап отыр.

«Бес саусақтың бірдей еместігі» бесенеден белгілі. Атаулы әлеуметтік көмекті алса да, келісімшарт талаптарына немқұрайлы қарайтын да ауылдастарымыз бар.

  • Атаулы көмек тағайындалған әр отбасымен тығыз қарым-қатынас ұстауға тырысамыз. Қомақты ақшаны қайда қалай жұмсалғанын сұраймыз. Осындайда кейбір ауылдастарымыз түсінбей жатады. Тіпті «ешқандай мал алмаймын, тіпті тышқақ лақ та алмаймын. Балаларға берілуге тиісті ақшаны бересіз. Бізге есептеліп отырған айырмаңызды төлемей-ақ қойыңыз» деп ашықтан-ашық айтады. Дәл қазір ауданымыздың бес бірдей отбасы осындай көзқараста. Келісімшарт талабын орындаудан бас тартып отыр, -дейді Сұңғат Жұбанышқалиұлы.

Кеңесшінің  айтуынша, келісімшарт талабын орындамаған отбасыға ескерту беріліп, ол ескерту аяқ асты болған жағдайда ата-анасына тағайындалған көмек мөлшері елу, кейін жүз пайызға дейін қысқарады. Ал, балалардың көмекақысы сол күйінде беріле береді.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар