21.08.2019, 11:09
Қараулар: 1295
ҚЫС АЗЫҒЫН ЖАЗДА ОЙЛАҒАН БЕРЕКЕЛІ БИБІ

ҚЫС АЗЫҒЫН ЖАЗДА ОЙЛАҒАН БЕРЕКЕЛІ БИБІ

Аудан халқы Света Сатылбалдиеваны аудандық ветеренариялық зертхананың меңгерушісі ретінде жақсы таниды. Ауылдың шетінде қайнаған ортадан шалғай орналасқан ғимаратта тырып-ақ, ауылшаруашылығын атан түйеге жүк боларлық шаруасын жайғастырып отырған мекеме басшысын біз бүгін берекелі бибі ретінде таныстырмақпыз.

 

ҚЫС АЗЫҒЫН ЖАЗДА ОЙЛАҒАН БЕРЕКЕЛІ БИБІ

Жаз демалыстың ғана емес, отбасының қысқы қорын дайындайтын  маусым. Әйелдер қауымның тілімен айтсақ, тосап қайнатып, салат жабатын қауырт кезең. Әулетінің қысқы қорығын ойлаған кез келген отанасы жазда жертөлесін толтырып, аязды ақпанда дәмді тосаппен шай ішуді, ащылы-тұщылы салаттардың дастарханнан үзілмеуін осы бастан ойластырары анық. Жыл сайын осы науқанды ерекше белсенділікпен атқаратын апаларымыздың бірі де бірегейі – Светлана Иданқызы.

Света апамызбен әңгімеміз түрлі салат мен тосапқа, компоттар мен тұздықтар дайындаудан өрбіді.

– Банка жабу мен үшін жаздың ажырамас бөлігіндей. Жабулы банкаң болса, тәуліктің қай мезгілінде алыс-жақыннан қонақ келе қалса, қысылмайсың.  Жертөлеңе түсесің де тосабыңды да, компотың мен тұздығыңды ала шығасың. Етің болса асып жіберіп, дастарханыңды жайнатуға болады. Әрине, ол банкаға жабылған тағамдарды дүкеннен де алуға болар. Алайда, өзіңе ұнамдысы бола қоя ма іздегеніңде. Әрі қыруар ақша тұрады. Құдайы қонағың кештетіп келсе қайтерсің,-дейді Света Иданқызы ағынан жарылып.

Дайын салатты не тосапты шақырыстарға да ала баруға болады. Ойлап қарасаңыз, қолдан қолға өтіп, үй аралап кететін қораптағы шоколадтарыңнан он есе артық. Дүкендерде сол қорап шоколадыңның орташасының өзін 500-800 теңгеге аласыз. Ауруханада ем алып жатырған туыстарымызға асығыс бара қалсаңыз, қолымызға бір-екеуін ұстай барамыз.

Қазір қияр жабатын уақыт өтіп кетті. Сол үшін алаңдап отырмын. «Ештеңе етпес. Орнын қызанақтан жасалған дүниелермен толтырармын» деп өзімді жұбатып қоямын. Қазір өрік, қарақат, қара өріктен компот, сары өріктен шырын қайнатып қойдым. Енді салаттарды қайнатуға әлсін-әлсін мазамды алып жүрген аллергиям қолбайлау болуда. Оның үстіне балалар да өз орындарын тауып, өз бағыттарымен кетті. Ал үйдегі ұлым шырын, компоттар болмаса, салаттарды ұната бермейді.

Балалардың барлығы үйде болғанда 300-400 банка жабатын едім. Бектаным қой баққанда далаға да алып кететін. Ал, марқұм үлкен ұлымыз Сертан ауылда болғанда шекара қызметінде істеді ғой. Сайқыннан алыс емес Шоңай ауылында қызмет етті. Әскери адамның жұмысы өзге адамдардай белгіленген режимде болмайды. Тәуліктеп далаға шығатыны, күндіз-түн демей кезекшілікте тұратыны бар еді. Сол  кезде жабулы банкаларды жәшіктеп беріп жіберетінмін. Қызымыз Шынар облыс орталығында жоғары оқу орнында оқып жүргенде де банкаларды толтырып, пойызбен таситынбыз. Бәріне де «ең бастысы банкаларды лақтырмандар, алып келіңдер» деп қайта-қайта ескертетінмін. Сол сөздерім есінде қалғасын ба Бектан қой бағуға кеткенде жолай кезігіп жатса, банкаларды жинап үйге әкелетін. Оны жуып-шайып, пайдалысын саралайтын. Ол да еңбек қой.

2000 жылдары ас үй комбаинын алдым. Қуаты күшті болмаса да өзіме ыңғайлы еді. Ол кездері көкөністерді Ресейдің Басқұншағынан қапшықтап таситын едік қой. Арасында баялды да, болгар бұрышы да, басқасы да бар. Сосын оны пайдаға асырамыз деп екі күн анық жүретінбіз. Өзім жұмыс адамымын, десе де келген дүниені ысырап қылмайын деп кешкісін жабатын едім. Бектаным да қолқабыс болып көкөністерді сол ас үй комбайыннан өткізіп қоятын-ды. Бір жағынан маған көмектеседі, бір жағынан өзі қызықтап отыратын. Бала ғой. Сәбіздерді, шелек-шелек қызанақты өткізіп қоятын. Сөйтіп көптеп-көлемдеп банка жабатынбыз. Бірде Нұртан ағаң «Дайын банканы мен жаба қояйын» деп,  су жаңа жабатын құрылғымен қақпақтарды жауып жатқанда банка жарылып, әйнек ақаңның қолын сойып кетті. Шамасы банкада сәл жарық болған болу керек, оның үстіне ақаңның салмағы да бар ғой. Ол кезде ғасыр жасаған марқұм енем бар. Қан сорғалап, тыйылмай жатыр. Ал екеуіміз не істерімізді білмей тек қолын жуа береміз. Абдырап жүріп дәрігерді шақырттық. Ол  жараны залалсыздандырып, таңып берді. Жара іздері әлі де байқалады. Содан бері әлгі құрылғыны мүлдем пайдаланбаймын. Мана айтқанымдай балалар өз бағытымен кеткен соң көптеп банка жабуға айтарлықтай қажеттілік жоқ. Әрі былтырдан қалған қорым бар.  Қайта келінім Шолпанға өзің жауып үйрене бер деп айтып отырамын. Оның да осы босағаны аттағанына он жылға жуықтап қалды. Обалы не керек, көргенді қағып алады. Жақында қиярын жауып алды. Тосап пен компотты да қысқа әзірлеп қойды. Осының бәрі азық қой ерінбеген жанға. Кейде жақыным Гүлшат (Құспанова) да келіп көмектесіп жатады. Ол екеуіміз бірігіп жауып, дайын банкаларды да  теңдей бөлісіп жатамыз.

Алғаш осы банка жабу науқанына кіріскенімде 12-13 жастағы қыз едім. Әкем марқұм (Идан Сатыбалдиевты айтады -автор) қазіргі Ресей  елінің Владимировка қаласына мал таситын. Содан қайтқанда көкөністер ала келетін. Көбіне қызанақ алатын. Соны әр түрлі етіп жауып үйрене бастадым. Ол кезде  интернеттен іздей салатын ұялы телефон да, ғаламтор да жоқ-тұғын. Кейін есейіп, студент болып қаладан түрлі салат  жабу әдістерін білдім. Оған қызығушылығым оянып, мәзірлерін «Крестьянка», «Работница» мерзімді басылымдардан іздеп жүріп табатынбыз. Сонда әкем марқұм менің тірлігіме риза болатын. Кейді ол да көмектесетін.

Жалпы маған банка жабу процессі ұнайды. Қазір енді бұрынғыдай емес. Тесігі бар қақпақ та, банканы залалсыздандыратын қысқа толқынды пеш те бар. Ас үй комбайыны өз алдына. Десе де үйренген әдетімнен танбай келемін. Осы аллергиямнан айықсам, кемінде 60-70 банка салат жабуды жоспарлап отырмын. Айта кетейін шырын жабуды, соңғы кезде ғаламтор бетінен тауып кәдеге асырып жүрмін. Биыл өрік шырынын жапқаныммен, өзім қызанақ шырынын қатты ұнатамыз. Ал, оны жабайын десем, жақсы қызынақты таба алмай жүрмін. Байқасаңыз соңғы жылдары көбіне ағаш тәріздес қызанақтар көп. Олар былайғы тұтынуға қалай дәмсіз келсе, түрлі қоспалар салып жапқанда да солай болады. Тіпті огонекке де үйлеспей жатады. Сондықтан қызанақ алғанда бөліп қарағанды жөн көремін. Ал, қиярды тұздағаннан гөрі   сабандап турап ащы етіп салат жасаймын. Салаттың аты есімде жоқ. Қияр корейше деп атала ма, әйтеуір, соғым етіне де, қуырдаққа да, жалпы ет тағамның барлығына да ерекше үйлесетін керемет дәм болады. Сондықтан оны мен жыл сайын кемінде 20 банка жабамын. Қияр көп болып жатса, одан да көп болады. Баялдыдан жасалған уылдырық (икра из баклажанов) та менің жертөлемнен табылады. Қияр, қызанақ, пияз, аты «Казачий» -ау деймін сәбіз салатын дайындаймын. Сосын салат дайындағанда, оны өлшеп жатпаймын. Осы кезге дейін көзім мен қолым үйренді ме, шамамен мөлшерін қарап, үйлестіріп жатамын. Банка жабудағы өтілімнің арқасы ма көкөністерді қолға ұстамай-ақ көзбен мөлшерлеуге білігім жетіп жатыр. Негізінен мен рецептерді ауыстыруға ықылас танытпаймын. Бұрынғы сара жолды таңдаймын десе де болады. Бізде үйреншікті ақжелкен, аскөктерден өзгеге көп көңіл бөлмей жатады. Ал насыбайгүл (базилик) қосылған қызанақтар қандай дәмді болатынын білесіз бе? Биыл осы өсімдікті отырғызған едім, жерсінбеді. Тек бір түп қана тамырын жая алды. Оны да өз қажетіме пайдаланбақ ойым бар.

Әңгімесін осылай аяқтаған кейіпкеріміз түрлі дәмдеуіштерді өсіретінін айтты.

Света апамыздың үйдегі бағбандығы да жұмыс орнынан анық байқалады. Ол басқарып отырған аудандық ветеринарлық зертхана аумағында түрлі гүлдер, бүрлі ағашы (туя) мен шырша жайқалып тұр. Тек раушанның гүлдеуіне зиянкес тарақаннын кесірі тиюде екен.

Жер-ананың тартуын кәдеге жаратып, жұбайы Нұртан Ермұханбетов мал азғын қамдаса, отбасы азығын жинауды Света апамыз көп келіншекке үлгі боларлықтай. Үйдің берекесі бибісінің қолында екеніне тағы бір мәрте көз жеткізгендейміз.

Раушан БАҚЫТОВА

Замандас келбеті

Басқа да мақалалар