15.08.2019, 11:28
Қараулар: 1233
ҮШТІҢ ӨЗІ КҮШ ДЕЙМІЗ

ҮШТІҢ ӨЗІ КҮШ ДЕЙМІЗ

 

Ақжайық ауданында ұлттық спорт түрлерінен Батыс Қазақстан облысының Ү фестивалі өтті. Онда аудан намысын 32 адамнан құралған құрама команда қорғады. Айта кетелік, бұл құрама фестиваль ережесіндегі 11 спорт түрінің 10-ынан бақтарын сынады.

– Фестивальде асық атып, атқа шапқан, белдесіп, күш сынасқан, көкпар тартып, теңге атқандар бақ сынады. Не керек, ол жерге жүйріктердің жүйрігі, мергендердің мергені, күштілердің күштісі көптеп жиналды. Құрылған алтыбақандар мен ақшаңқай киіз үйлер. Ақжайық көркемөнерпаздары шырқаған қазақтың сазды әндер – бәрі-бәрі фестивальдің ұлттық сипатын паш еткендей,-дейді аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Мейрамбек Ғиылманов.

Осындай үздіктердің үздігі жиналған жарыста жеңу де оңайға түспегенге ұқсайды. Десе де, бөкейліктер аттарын бәйгеге қосып, мергендігін сынға салып, аударыспақ пен қазақ күресінен айласын асырып көрді. 25 шақырымдық аламан бәйгеге қосқан саралжындық Дихан Рамазановтың үш жүйрігінен Нұрдәулет Қалиақпаров тізгіндеген «Бәйге жирені» ІІІ орыннан көрінді. Қазақ күресінен Нұрбек Ғазезов 66 келі салмақта, оның шәкірті Баймырза Меңдешев 90 келіліктер арасында жүлделі ІІІ орынды иеленді. Милана Шапазгереева болса тоғызқұмалақтан жүлделі үштікті аяқтады. Нәтиже осындай. Ал, жүлдегерлер сапынан табылмағанымен, асық атуда мергендігімен көзге іліккен Ерболат Ахметов облыстық құрамаға алынды. Ол енді Ақтөбе қаласында өтетін республикалық фестивальге қатыспақ.

– Ұлттық спортқа дайындығы айтарлықтай болмағанымен, жабы атуда бисендік жеке шаруа Абай Ғұмаровтың жігіттері барын салып, алғашқы бестікке ілікті,-дейді Мейрамбек Мүдірісұлы.

Өз тілшіміз

 

Ауыл спорты

Басқа да мақалалар