15.08.2019, 11:17
Қараулар: 255
ОРТАҚ ҮЙДІҢ ТАЗАЛЫҒЫ – ОРТАҚ ПАРЫЗ

ОРТАҚ ҮЙДІҢ ТАЗАЛЫҒЫ – ОРТАҚ ПАРЫЗ

 

Өткен сенбіде Сайқын ауылы теміржол бекетінің арғы бетінде «Бірге – таза Қазақстан» акциясы аясында жалпыхалықтық сенбілік өткізілді. Оған 90 адам, бір трактор тіркемесі, жеті жеңіл көлік пен бір жеңіл көлік тіркемесі тартылып, алты тонна қоқыс жиналды. Жиналған тұрмыс қалдықтары қаптарға қапталып, қоқыс полигонына жөнелтілді. Ауыл әкімдігінің бас маманы Бисен Қадыровтың айтуынша, акция тамыз айының соңына дейін жалғасады.

Ғаламтордағы дерекке сенсек, бір отбасы жылына тоннадан астам қоқыс шығарады екен. Бұл орташа есеппен алғандағы көрсеткіш. Ауылдық жерде бұл көрсеткіш бірнеше есеге артатыны белгілі. Қазір малды ауылдың көң-қоқысы, қиы, малдың терісі мен бас-сирағы, жүн-жұрқасы ауылдан адым ұзамай, шашылып жататыны рас. Тіпті кей ауылдасымыз аудан орталығында отырса да, малының қиын ауыл сыртына шығарып салуды жөн санамайды. Үйінің іргесінен басталған тазалық жұмыстарынан да тыс қалып жатады.   Қарапайым тұрғындар сенбілікті мемлекеттік қызметкерлердің парызы санайтындай. Олай деуімізге негіз бар, арасы суымай өткізіліп жатқан сенбіліктің бәріне қатысушылар – мекеме қызметкерлері.

«Сенбілік ұйымдастырылса, жоғары жақтан біреу келе жатқан болар. Біреу келсе, жыбырлап қалатын әдет қой» деп қалатын айтқыш ағаларымыз қолдарына күрек-сыпыртқысын ұстап, өз үйлерінің айналасын тазаласа, ортақ үйіміз – ауылымыздың көркі қашпас еді-ау…

Ендігі сенбілік аптаның алтыншы күні Бөкей ордасы аудандық колледжі маңында өткізіледі. Ауыл тазалығы үшін атқарылатын шарадан шет қалмайық, ағайын!

Әділет ӘБДІРОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар