15.08.2019, 10:44
Қараулар: 1111
ШАЛҒЫШЫЛАР ЖЕТІСПЕЙДІ

ШАЛҒЫШЫЛАР ЖЕТІСПЕЙДІ

 

Бұл  шаруа қожалықтарының бәріне ортақ бас ауру боп тұр. Аталмыш  мәселе аудан әкімі Нұрлан Рахымжановтың  Сайқын ауылдық округіндегі  шөп шабу науқанында жүрген шаруа қожалықтарды аралап, жұмыс барысымен танысқан сапарында айтылды.

–  Осы жылғы шөп көлемі көз қуантарлықтай және жер де  жетерліктей.  Асықпай жұмыс істегеннің өзінде күніне 50 руллон шөп шабамыз. Шөп шабу маусымы басталғалы айтарлықтай жұмыс атқарып тастадық, – деді өз сөзінде Елтай Қонақбаев.

Әрине, күніне 50 руллон шөп көрсеткіш емес. Іссапар барысында күніне 100 руллоннан астам шөп шауып отырған шаруа қожалықтарына да бас сұқтық.

Осы жылға дейін жауын-шашынның аз болуынан немесе дала өртінің салдарынан мал азығы мәселесі күрмеуі қиын мәселе боп келді. Ал, биылғы басты мәселе жұмыс қолының жетіспеушілігі.

«Марал» шаруа қожалығының жетекшісі Марал Әбуов  аудан әкіміне өз жағдайын баяндап,

–  Биыл трактор жүргізетін адам таба алмадым.  Шөп шабу науқанына қатыссаң, 100 мыңнан астам айлық тағайындайын, оған қоса қос бірдей тіркеме (прицеп) шөп беремін дегеннің өзінде ешкім келіспеді. Жасы келгендер денсаулығын, қан қысымын сылтау қылса, жастар трактордың тілін түсіне бермейді. Амал жоқтан науқанның басында өзіме жүруге тура келіп тұр,-дейді.

– Өз басым жетінші сыныптан бастап шөп шабу науқанында еңбектенгем.  Алғашқысында шөптайлаушы болып жұмыс жасасам, өсе келе трактор жүргіздім. Ал қазіргі жастар  ұялы телефоннан басқа техниканың тілін білмейді,  –дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы  Сүйінбек Хайроллин.

Айтылған жағдайларға қоса, аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов қожалық жетекшілерімен шөп саудасына қатысты мәселелерді де талқылады.

Еркебұлан РАХМЕТОЛЛА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар