15.08.2019, 10:41
Қараулар: 857
ІСІМІЗДЕН СӨЗІМІЗ ҰЗЫН БОЛМАСЫН

ІСІМІЗДЕН СӨЗІМІЗ ҰЗЫН БОЛМАСЫН

 

Аудандық мекеме басшылары мен  ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен жиын өтіп, жұмыс барысындағы кемшіліктер мен түйткілді мәселелер талқыға салынды.

Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Радик Ғұмаров сөз алып, салық амнистиясы туралы түсінік берді.

Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Сүйінбек Хайроллин мал шаруашылығына қатысты есеп берудегі кемшіліктерге тоқталды.

– Ауылдық округ әкімдіктеріндегі қызметкерлер есеп беруде еш жауапкершілік танытпай отыр. Есепті whatsapp арқылы беріп отырғандықтан, шалағайлық, сәйкессіздіктер шығып отыр. Кейбір мамандар өз округіндегі қыстақ санын нақты айта алмайды. Мысалы, аудандық статистика басқармасының есебімен бөлімнің есебі сәйкес емес, сол себепті  аудан бойынша 16 мың қой «ауада» тұр. Ауылдық округтер ұсынған есеп бойынша 122 қыстақ күн панелін орнатты десе, мекеме есебінде 165 қыстақ күн панелінің иігілігін көріп отыр. «Кублейге» тапсырылған қой саны сәйкес емес. Қой саны соңғы үш жылда айтарлықтай кеміп отыр, ал ет экспортының көрсеткіші төмен.  Өткен жылы «Кублейге» 2169 қой тапсырылса, биылғы алты айда 89 бас қана тапсырылған. Бисендіктер былтыр 230 қойын «Кублейге» өткізсе, биыл тек бір ғана қойын апарыпты. Инвестициялық салымдарды көрсетудегі есеп те нашар жүргізілуде. Биылғы 1 тамыздағы көрсеткіш бойынша техника сатып алу, күн панелін орнату, құдық қазу жұмыстарына бөлінген қаржы 557 млн. 154 теңгені құрап отыр. Осы инвестиция салымының 269 млн. 300 мың теңгесі ғана аудандық статистика басқармасына тіркелген. Құжаттарды жинақтау-тапсыру жұмыстарының кешеуілдеуінен ауданда атқарылған келелі жұмыстарымызды көрсете алмай отырмыз, -дейді мекеме басшысы Сүйінбек Хайроллин.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов:

– Атаулы көмек алу үшін мал басын «жасанды» түрде жойып отырғандар  мен қой басын көбейтуге демеуқаржы алып, миллиондаған қаржыны мақсатты жұмсамай отырған  қожалық иелерінің шаруашылық кітабын тексеру, мал санын анықтауда ветеринар мамандармен бірлесіп жұмыс жасауымыз керек. Ісімізден сөзіміз ұзын болмасын, бір ғана маманның шалағайлығынан, жауапсыздығынан аудан экономикалық ахуалының көрсеткішіне көлеңке түсетінін ескерейік. Жартыжылдық қорытындысы бойынша көрсетілген олқылықтардың орнын толтыру, кемшін жұмыстарды ширатуды тапсырамын және өзімнің жіті қадағалауымда болады,-деп түйіндеді.

Өз тілшіміз

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар