15.08.2019, 10:35
Қараулар: 992
ЖАРТЫЖЫЛДЫҚ НӘТИЖЕСІ САРАПТАЛДЫ

ЖАРТЫЖЫЛДЫҚ НӘТИЖЕСІ САРАПТАЛДЫ

 

Тамыздың 6-сында аудан әкімдігінде жартыжылдық жұмысты қорытындылаған актив жиыны өтті. Жиын барысында бірқатар келелі мәселелер талқыланды.

Аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Света Рамазанова ауданның І жартыжылдығындағы санитарлық-эпидемиялық ахуалы хақында баяндады. Аудан бойынша  вирусты С гепатит бойынша бір науқас,  туберкулез дертімен жеті факт тіркелген екен. Жалпы аудан бойынша бруцеллез белең алыпты. Биыл тіпті бруцеллез жұқтырған жас бала да арнайы тіркеуге алынды.  Алты қызылша оқиғасы тіркелсе, соның ішінде 14 жасқа дейінгі екі бала тіркелді, екеуі де екпе жасына толмаған балалар.

2019 жылдың  алғашқы алты айында жүргізілген тексеріс нәтижесінде балабақша мен мектептердің, білім беру бөліміне қарасты мекемелерде бірқатар олқылықтар анықталған. Таратып айтсақ, мектеп-балабақшалардың көпшілігіне ортақ кемшілік – жасанды жарық көздерінің жеткіліксіздігі, қорғаныш плафондарымен жабдықталмағаны, балалардың жатын және ойын бөлмелерінде жылыту құрылғыларында (батареялар) арнайы қоршаулар орнатылмағаны, осы аталған екі балабақшаның да ыстық сумен қамтамасыз етілмегені, балалардың қол жуу раковиналарының толық жұмыс жасамайтыны. Санитарлық-эпидемиологиялық ахуалының нашарлығынан Б.Жәнекешов атындағы орта мектеп-интернатына көп сын айтылды. Бақсақ, бұл мектеп жанындағы интернатта  жиhаздар мен төсек — орын жабдықтары  ескірген, жиһаздарының бала бойы мен жас ерекшеліктеріне сәйкес келмейді, төсек-орын жабдықтарына тиісті түрде дезинфекциялау шаралары жүргізілмеген, табиғи желдетуге арналған москит торларымен жабдықталмаған, шикізат пен өнімнің қауіпсіздігін куәландыратын құжаттары жоқ, жасанды жарық көздері жеткіліксіз және қорғаныш плафондарымен қамтылмаған, тәрбиеленушілерге арнайы санитарлық аулалық қондырғылары (туалеттер) талаптарға сәйкес келмейді. Мектеп кабинеттері москит торлармен қамтамасыз етілмегендіктен шыбын мен қызыл қоңыз еркін жүр деген сын айтылды.

–  Ауданымыздағы барлық мектепте мектеп жиhаздары тозған, балалардың бойы мен жас ерекшеліктеріне сәйкес келмейді. Бұл жағдай балалардың сколиоз, кифоз, лордоз ауруларының туындауына әкелу қаупі бар. Сабақ кестелері санитарлық ережелердің талаптарына сай құрастырылмаған. Оқушылардың апталық оқу жүктемесі жоғары,-дейді баяндамашы Света Рамазанова.

Аталмыш мекеменің тексеріс жұмыстарының нәтижесінде санитарлық ережені бұзушылықтар бойынша  43 адамға  1439250  теңге мөлшерінде айыппұл салынып, толықтай  өндірілген.

Аудандық аурухананың бас дәрігері Анарбек Белисанов көтерген басты мәселенің бірі де, бірегейі де – ата-аналардың туберкулез дерті анықталған балаларын қаладағы арнайы мектеп-интернатқа жіберуге қарсылық таныту болды. Аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов: «Бұл мәселе ат үсті қарайтын мәселе емес. Оқу басталуына жиырма күн қалды. Мәселені бір жақты қылу керек. Туберкулез белгілері анықталған науқасты көптік ортада оқыту тағы бір ондаған сау балаға ауру тауып беру деген сөз»,- деп тиісті мекемелерге тапсырма берді.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Шыңғыс Абдоллин атаулы көмек тағайындау жүйесіндегі түйткілді мәселелерді тілге тиек етті.   Жыл басынан 2533 адамы бар (1352 бала) 676 отбасынан өтініш қабылданып, 483 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Оның 40-ы шартсыз ақшалай көмек болса, 443-і шартты ақшалай көмек ретінде беріліп отыр. Ауданымыз бойынша атаулы әлеуметтік көмекке 313 899,0 мың теңге (РБ 186 365,0 мың, ЖБ 52 534,0 мың, Ұлттық Қордан – 75 000,0 мың теңге)  қаржы қаралды, жыл басынан игерілген 172 784,0 мың теңге.

– Облыстағы бейресми жұмыспен қамтылған халықты рәсімдеу және жұмыспен қамту бағдарламасына тарту жұмыстары туралы кеңесінің биылғы маусымдағы хаттамасы негізінде қаңтар-маусым аралығында АӘК тағайындалған отбасылардың құжаттары қайта тексерілді. Нәтижесінде екі отбасының құжаттары дұрыс енгізілмеуіне байланысты жалпы 371 201 теңге артық төлем анықталды. Артық төлем анықталған отбасыларға тағайындалған атаулы әлеуметтік көмек тоқтатылуы немесе ұсталынатыны туралы хабарланып, қазіргі уақытта ерікті түрде қаржы қайтару жұмыстары жүргізілуде. Бұдан басқа артық төлем жасалған төрт отбасының қаржылары тамыз айындағы төлемдерден ұсталынады,-дейді бөлім басшысы Ш.Абдоллин.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар