14.08.2019, 18:00
Қараулар: 252
«LATYN KERYENI» – ҚҰМ НАРЫНДА

«LATYN KERYENI» – ҚҰМ НАРЫНДА

 

Хан ордасында «Латын керуені» көшпелі семинар-тренинг өткізілді. Аталмыш шарада Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті «Алаш» мәдени және рухани даму институтының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы, ғалым Омар Темірбеков естілер ескере жүрер келелі мәселелерді тілге тиек етті.

– Қойнауы тарихқа толы, қастерлі, тарихи жерде тұру екінің біріне бұйырмаған бақыт. «Қызығын көргің келсе, бейнетінен қашпа» деген, жол азабын көрсем де, қасиетті топыраққа табаным тигеніне қуаныштымен, -деп сөз алған ғалым ағамыз графиканың ауысуымен бірге ұлттық идеология, ділдің өзгеріп отыратынын нақты мысал, тұшымды әңгімелерімен жұртшылықты ұйытты.

Сына жазуынан бастап, Күлтегін-Тоныкөк ескерткіштеріндегі жазулар, Орхон жазбаларындағы ер адам культі, тіл мен ділдің бірлігі, әліпбидің ұлттық санаға әсері туралы баян етті. Тілімен түйін шешкен шешеннің әр сөзі құйма құлақ болса, қонымды, сөз парқын ұққанға ұғымды болды.

– Әліпбиіміз өзгерген сайын ұлттың санасы, болмысы өзгеріп отырады. Мұны уақыт дәлелдеп отыр. Күлтегін жазбалары Еуропаның өзі ес жимаған кезде біздің бабаларымыздың өркениетті, сауатты болғанын көрсетеді. Рухты болғанын байқатады. Араб жазуы еніп еді, «әліпті таяқ деп танымау», «ләм-мим демеді» деп әріптің өзін тұрақты сөз тіркестеріне тірек қылып, жазу арқылы дініне жығылдық. Кирилица келіп еді, сына жазуы да, төте жазу да әдіре қалып, тамырымыздан алыстап кеттік. Енді латын жазуына көшсек, тіліміз кірме әріптерден (ё, э, ю, я, ь, ъ) арылып, орфоэпияға басымдық беріп, сауаттылыққа қарай бет алар едік, -деп түйіндеді сөзін Омар Жәлелұлы.

Хан ордалық ақсақал Тұрақбай Жұматов ағамыз көптің көкейінде жүрген сауалды қойды.

– Орысша оқыдық. Баланы орысша оқытуды дұрыс деп таптық. Тәуелсіздік алдық, әлі де болса, сол пиғыл. Бізбен бірге тәуелсіздік алған өзге елдер, мысалы, Өзбекстан бірден әліпбиін ауыстырды. Біздің енді ғана қолға алып жатқанымыз қалай? Бұл әрекетіміз күн батарда, кеш қалғанда соңғы тұяқ серпуіміз емес пе? -деп сұрады.

– Бұрын «нан бар жерде, ән бар» деп әндеттік. Соған сендік. Олай болмайды екен. Алдымен экономика, кейін идеология деп келсек, көп нәрсені жоғалтады екенбіз соған көзіміз жетті. Рухани жаңғыру деп бағдарлама қабылдап, көшелі істі қолға алып жатқанымыз сол олқылықтың орнын толтыруға бағытталып отыр.  Өзбектерді айтып отырсыз, дұрыс, олар Кеңес заманында Кремльде ала тақиясымен отырды. Өзбектер дәл біздің қазақ сияқты тепіреш көрген жоқ. Сонау репрессия заманында үш-ақ өзбек ату жазасына кесілген екен. Біздің қазақ зиялыларының басынан небір нәубет өтті, халқымыз небір зұламатты бастан кешті. Осының бәрі біздің ұлттық рухымызды өшіріп тастағандай. Жүсіпбек Аймауытов айтпақшы, «қазаққа шанышқы, қасықты ұстатып, мәдениетті болуды үйрету оңай, ал мәдениетті адамның қазақ болуы қиынның қиыны» деген екен. Мойындауымыз керек, біз қазір сондай кезеңде тұрмыз. Әлібиімізді ауыстыру да, рухани жаңғыру деп бағдарлама қабылдауымыз да сол қазақ болу брендін қалыптастыруға бағытталған. Қазір өзге ұлт өкілдері қазақша сөйлеп, диктор боп елдің алдына шығып, өз қазағымыздай боп іші-бауырымызға кіріп, шаруасын шыр көбелек айналдырып отыр. Қазақ болуға талпынбай отырған өз қазағымыз,-деп жауап қатқан Омар Жәлелұлы бала тәрбиесі, ұлттық танымға қатысты да ойларын ортаға салды.

Тіл маманы Марат Әжіғалиев те латын графикасына қатысты сөз алып, Жәнібек ауданы Ұзынкөл, Күйгенкөлдегі жасы жетпісті алқымдаған әжелердің облыстық, республикалық басылымдарда латынша-кирилицамен қоса берілетін мақалаларды оқып, жаттығып жүргенін үлгі ғып айтты.

Аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева ұлттық болмыс, ұлттық таным, ұлттың тілі мен ділі туралы көсіле сөйлейтін, тек сөйлемей, жөн сөйлейтін шешен ағамызға көпшілік атынан алғысын айтты.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар