13.08.2019, 18:14
Қараулар: 1454
ХАН ЖӘҢГІРДІҢ ҚҰДЫҒЫ ЖАҢҒЫРТЫЛДЫ

ХАН ЖӘҢГІРДІҢ ҚҰДЫҒЫ ЖАҢҒЫРТЫЛДЫ

 

Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылындағы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей қорығында игі шара өтті.  Бөкей ханның сұлтан кезінде қолданған мөрі мен Жәңгір хан мөрінің қайта қалпына келтірілген нұсқалары мен Жәңгір хан бағы құдығы суының сараптамасын қабылдау рәсімі өткізілді.

Шарада музей-қорығының ауласында «Хан құдығын» қайта қалпына келтіруге бастама көтеріп, аталған құдықтың және хан мөрлерінің музейлік атрибуциясын жасаған Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры Тәттігүл Қаратаева музей-қорығының директоры Ғайса Махимовқа Хан құдығынан алынған судың сараптамасын тапсырып, Әл-Фараби атындағы университет пен болашақта өзара бірлесіп жұмыс жасау жөніндегі келісімшартқа қол қойып, музей-қорығының мөрі басылды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, зергер Естай Даубаев музей-қорығына Бөкейдің сұлтандық және хандық құрған кезіндегі мөрлері мен Шығай сұлтан мен Жәңгір ханның мөрлерін табыстаса, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер Академиясының сәндік қолданбалы өнер кафедрасының аға оқытушысы Мақсат Мағзомов хан құдығы мен хан бағы құдығына арнайы ағаштан ойып жасалған құрсаулы шелектерін табыс етті. Айта кетерлігі, бұл шелектердің баламасы жоқ. Бірі ағаштан ойылса, екіншісі шоқпен күйдіру арқылы жасалыпты.

Биылғы маусымда хан соқтырған шеген құдық қалпына келтіріліп, салтанатты түрде ашылған еді. Сол сапарда ғалым Тәттігүл Қаратаева бақтағы құдықтың суы мен Қарасудың балшығының үлгілерін сараптама жасатуға алып кеткен еді. осы жорықта Тәттігүл Ерсайынқызы су құрамындағы Менделеев кестесіндегі 97 элементке зерттеу жүргізіліп, судың адамзат ағзасына зияны жоқтығы, 50 литр судан  1 грамм күміс алуға болатынын айтты. Ал, Қарасудың қыста қатпайтын, шіліңгір шілдеде кеппейтін балшығының сан ауруға шипасы бар екен.

Хан бағы құдығын салтанатты түрде ашу мәртебесі ауданның құрметті азаматы Айдар Батырханов пен Тәттігүл Қартаеваға тапсырылды. Шара соңында жиналғандар құдық суынан дәм татып тарқады.

– Тарихқа шегініс жасасақ, Жәңгір ханның қолға алған ісінің бірі – қуаңшылық жерлерді суландыру үшін бөгет пен артезиан құдықтарының жүйесін салдыру болған. Облыстық Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығы және Әл-Фараби атындағы университеті жүзеге асырып отырған «Қазақстанның аридтік аймақтарында сумен қамтудың дәстүрлі әдістері: этнологиялық және геоархеологиялық тұрғыда қарастыру» атты іргелі ғылыми ізденісімен Хан сарайы ауласында Жәңгір хан қаздырған екі құдықтың болғанын анықтап, оларды қайта қалпына келтіру ісін жүзеге асырудамыз. «Хан құдығы» деп аталған бірінші құдыққа реконструкция жасалып, 2019 жылдың маусым айында музей-қорықтың пайдалануына берілген болатын, енді міне, хан сарайы ауласындағы екінші құдықты қайта жаңғыртып отырмыз. Құдықты қалпына келтіру жұмыстары толықтай аяқталмады, дегенмен жұмыстың жартысынан көп бөлігі бітіп тұр,-дейді Тәттігүл Ерсайынқызы.

Әділет ӘБДІРОВ,

Бөкей ордасы ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар