2.08.2019, 18:13
Қараулар: 1130
ЖАҒАЛАУЛАР ТАЗАРТЫЛДЫ

ЖАҒАЛАУЛАР ТАЗАРТЫЛДЫ

Өткен сенбі күні бөкейліктер аудан аумағындағы көл жағалауларын тазалап, «Таза жағалау» экологиялық акциясына өз үлестерін қосты. «Бірге! Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында қолға алынған бұл тазалық шарасына 125 сайқындық қатысты. Сайқын ауылдық округі аппаратының бас маманы Бисен Қадыров ұсынған мәлімет осылай дейді. Ауылдың шығыс бағытындағы «Далбын», «Ұнғысын» көлдерінің маңын алты тоннаға жуық қоқыстан тазартып, бір трактор тіркемесін толтырған екен. Маманның айтуынша, акцияға қатысушылар шамамен үш шақырымдай аумақты қамтып, далалықты да тазартқан.

Дәл осындай шара Мұратсай су қоймасы жағалауында да ұйымдастырылды. Онда 55 мұратсайлықтың қол күшімен алты тонна қоқыс жиналып, бір жүк мәшинесіне және бір жеңіл автокөлік тіркемесіне тиеліп, тиісті орындарға апарылған.

– Бұл акциядан өзге округ тұрғындары да қалыс қалмады,- дейді аудандық тұрғын үй — коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің маманы Айымбек Егінғалиев.

Жалпы аудан бойынша аталмыш акцияға 330 тұрғын қатысып, жағалаулар мен далалық 37 тонна қоқыстан тазартылды. Бұл жұмыстарға төрт жүк автокөлігі, үш трактор тіркемесімен және 18 жеңіл автокөлік тартылғанын айта кетелік.

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар