2.08.2019, 18:03
Қараулар: 1408
ҚҰЛШЫЛЫҚ ҚЫЛАР ОРЫН ЖОҚ

ҚҰЛШЫЛЫҚ ҚЫЛАР ОРЫН ЖОҚ

 

Қасиетті Рамазан айында Жаратқанға құлшылық етіп, айт пен ораза кезінде дұға-тілек тілеп, бас сұғатын Алла үйі бұл күнде өңірі малға, тарихы шежіреге толы Нарын құмы қойнауындағы Темір Масин мен Мұратсайда жоқтығы тұрғындарды толғандырады.
Рухани жан дүниемізді байытар Алла үйінің Темір Масин ауылында бой көтеруіне әу баста көңіл бөліп, қаражат қарастыратын кәсіпкер табылғанымен, әлі күнге ғимарат бой түземей келеді. Қазақта «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген қанатты сөз бар. Берілер қаражатқа «Алла үйін асарлатып тұрғызамыз» деп белсене шығар тұрғындардың не оларды бастап шығар азаматтардың болмауы көңілді қынжылтады. Біз, яки ауыл жастары шаруасы шалқып, кәсіпкерлігі дамыған ауылдық округте күмбезі көк тіремесе де, кішігірім мешіттің тұрғызылса дейміз.
Әзірге Алла үйінің салынуына қаржылай қолдау білдіріп отырған кәсіпкер Дәурен Мұқашевқа алғыс білдіреміз. Айта кету керек, Темір Масин ауылдық округінде 58, Мұратсай ауылдық округінде 31 шаруа қожалығы тіркеліп, құм қойнауын төрт түлікке толтырып, жемісті еңбек етуде. Бұдан бөлек, бірнеше кәсіпкер тағы бар. Әрине, біз бұл жерде көптеген шаруа қожалығы мен ауыл кәсіпкерлерінің тиын-тебенін санау үшін емес, Алла үйін салу туралы бастама көтерілсе, бұғып қалатынын тілге тиек етудеміз.
«Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» демекші біздікі елге деген жанашыр азаматтың игілікті бастамасын екі елді мекендегі өзге де қожалық иелері мен кәсіпкерлер іліп әкетсе деген ой ғой.
Мәселен, мұратсайлық азамат Манарбек Нұрғалиевтың бұқара халық көп жиналатын орындармен, келелі кеңес өтететін жиналыстарда мешіт тұрғызу туралы мәселе көтеріп жүргеніне де бірнеше уақыт өтті. Алайда сол бастаманы қолдап отырған не кәсіпкер, не ауыл тұрғыны жоқ.
Алла үйінің құрылысына қос ауыл әкімшілігі мен сол ауылдардан сайланған аудандық маслихат депутаттарының өзі бастама болып, жергілікті кәсіпкерлер қолдап, халықтан да қаражат жиналса, жиналған қаржы қалың бұқара бас сұғатын киелі орын қабырғасын қалауға жетіп артылатын еді. Ауыл әкімдері мен жергілікті депутат мырзалар, сол ауылдың сөз ұстаған ел ағалары осы бастаманы аяқсыз қалдырмаса екен деген үлкен өтінішімізді жас та болсақ, туған мекенге деген шынайы жанашырлықпен өздеріңізге жолдап отырмыз. Өтінішіміз аяқсыз қалмас деген ойдамыз!
Ш.Ромашев,
Е.Амангелдіұлы,
А.Үмбеталиев,
Қ.Бельгиев.

Редакцияға хат

Басқа да мақалалар