2.08.2019, 17:59
Қараулар: 1307
«ФОТОҚОР» БАЙ, МАЗМҰНДЫ БОЛСЫН!

«ФОТОҚОР» БАЙ, МАЗМҰНДЫ БОЛСЫН!

 

«Орда жұлдызы» басылымы мазмұны жағынан бай. Оқылымды. Соңғы түрлі түсті беттің өзін керекті мәліметтермен, әдемілеп беріп отырғаны жақсы болған. Көкірек көзі ояу адам осы соңғы беттен ауданның жер-су аттарының тарихынан, музей-қорықтағы шежіреге тұнып тұрған экспонанттары туралы мәлімет ала алады.

Газеттің өткен санын «Фотоқор» айдарымен жималы домбыра туралы мәлімет берілген екен. Көзіме оттай басылды. Бала кезімізде талай қолымызға алып, білгенімізше ән-күйімізді тартып жүрген домбыра еді. Рәзия Қуанышқалиева деген жаңақалалық апайдың үйінде арнайы шамаданда сақталып тұрушы еді. Ол кезде жұлдыз салынбаған еді. Бертін келе бедерленген ғой. 1981-82 жылдары аудандық мәдениет бөлімін Жеңіс Уәлиев басқарды. Ол ағамыздың тапсырмасымен ауылдағы ағайынның үйіндегі көне жәдігерлер жиналды. Сол кезде Рәзия апайдың тапсырғаны бар еді. Сындырмалы домбыраның содан кейінгі тағдырынан хабарсыз едім.  Арада қырық жылға жуық жыл өткен кезде қайта табысып отырмын. Ерекше шеберлікпен жасалған дүниенің музей-қорығынан орын алғаны жақсы болған. Осы айдар алдағы күндері жалғасын таба берсе, әлі де талай қызықты жайттарға куә боларымыз анық.

Сайлаубек МҰҚТАРОВ,

Ұялы ауылдық округі

   

Редакциядан: Нөмір шықсымен қоңырау шалып, тілектестігін білдіріп, пікірлерімен бөлісіп жатқан Сайлаубектей ағамызға үлкен рақмет! «Фотоқор» айдарына тек музей-қорық емес, кез келген оқырман қолда бар жәдігері, отбасылық мұрағаты, ауыл-аймақтағы көне қорым, кәрі терек, мешіт орны сияқты тарихи орындардың мазмұнды суреттерін жолдай алады. Хабарласыңыз, күтеміз!  

Редакцияға хат

Басқа да мақалалар