2.08.2019, 17:55
Қараулар: 1146
САРАЛЖЫНДАҒЫ ШОЛОХОВТЫҢ АҚ БОТАСЫ

САРАЛЖЫНДАҒЫ ШОЛОХОВТЫҢ АҚ БОТАСЫ

Жазушы Михаил Шолоховтың Мәскеу қаласында өткен 60 жылдың мерейтойына арнайы шақыртумен барған Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Ғабит Мүсірепов той иесіне қазақ халқы атынан ақ бота сыйға тартатынын айтады. Жазушының сұрау салуымен облыс басшылары ақ ботаны Құрманғазы атындағы шаруашылықтың Бөрлі ауылындағы аға түйеші Ғалым Қаденовтың табынынан тауып қойғанын мәлімдейді. 1965 жылдың маусым айында Ғ.Мүсірепов бастаған Ғафу Қайырбеков, Хамза Есенжанов, Қуандық Шаңғытбаев, Сағи Жиенбаев, Хамидолла Қыдыров бар бір топ жазушы ол кезде Қазталов ауданына қарайтын Құрманғазы атындағы шаруашылыққа ат басын тірейді. Ол кезде мен сонда зоотехник едім. Мәртебелі меймандарға шөл бастырар шұбат, қымыз даярлар қойған едік. Сонда Ғафу ағамыз арқамыздан қағып, ризашылығын да білдірген-ді.

Сонда Қазталов аудандық мәдениет үйі меңгерушісі Есімхан Меңешев бастаған өнерпаздар Ғабекең жазған «Қыз Жібек» операсынан үзінді көрсеткен болатын. Қыз Жібектің рөлін сыңғырлаған ғажап даусы бар Бақыт Бисенова, Төлегенді аудандық комсомол комитетінің хатшысы Мүлхайдар Әміреев, Бекежанды механик-шопыр Сәбит Мұхамбетжанов шебер орындады. Ғабекең олардың қолын алып, қошеметін білдірді. Сөйтіп, Саралжында қойылған «Қыз Жібек» автордың ықыласына бөленген еді. Қазір ол рөлдерді сомдаған жерлестерім о дүниелік болды. Алайда, отбасы, ұрпақтары бар дегендей.

Ғабекеңнің біздің өңірге келуіне себеп болған әлгі ақ бота соңында осы топырақта қалды. Неге дейсіз ғой? Сол 1965 жылдың күзінде өзіміздің Құрманғазы атындағы шаруашылыққа келген Михаил Шолоховтың зайыбы Мария келді. Қасында облыстық партия комитетінің хатшысы Бисен Жұмағалиев, оралдық жазушы Н.Корсунов бар-тұғын. Сонда өткен жиында Мәрия ханым жұбайы Қазақстанды екінші отаны санайтынын, ал, Жайық өңірін сүйікті орнына балайтынын жеткізген-ді. Сөйтіп, қазақы өрнекті жабынмен жабылған ақ ботаны осындағы мектеп ұжымына сыйға тартқан.

Есенболат ШӘПЕНОВ,

штаттан тыс тілші