2.08.2019, 17:45
Қараулар: 1294
ҚҰЛПЫТАС – ТАРИХТЫҢ КІЛТІ, ТАҒДЫРДЫҢ ІЗІ

ҚҰЛПЫТАС – ТАРИХТЫҢ КІЛТІ, ТАҒДЫРДЫҢ ІЗІ

«Құлпытас!»

Үлкен-кіші құлпытастар астында:

Тірлік жатыр!

Тағдыр жатыр!

Тарих жатыр біртұтас!

Жарасқан ӘБДІРАШ

Тарихымызға терең бойлау үшін екі нақты дәлел бар, бірі даламызда тұрған құлпытастар, екіншісі архивтегі сақталып қалған құжаттар. Дәл қазіргі таңда бұрынғыдан жеткен құлпытастарды оқу жұмысы қарқынды қолға алынғаны белгілі. Рулар арасындағы айтыс-тартыстарды, жайылымдарды, тіпті екі ел арасындағы шекараны анықтау үшін осы құлпытастар көп жерде дәлел бола алған.  Құлпытастардың сырын білуге көптен бері қызығушылық таныттым. Орда ауылындағы Хан зиратында жерленгендердің құлпытастарын асығыстау барған кездерде көріп, құпиясын білгім келетін.  Содан 2011 жылы Жәңгір ханның құлпытасындағы жазу мен кесенесіндегі жазудың сәйкес келмейтінін байқаған соң, хан туралы мағлұмат қате болса, мына самсап тұрған құлпытастарды оқу керек екен деп ой түйдім. Түркияда оқыған кезімде де Стамбул мен Бурса қалаларындағы құлпытастардағы хұснихаттарды оқып үйренуге тырыстым. Бос уақытта фотосуретке түсіріп әкеліп, эпиграфикалық жазуларды оқуды үйреніп едім. Қазақстан бойынша құлпытас өте көп кездесетін жер Арал мен Каспий теңіздерінің арасы саналады. Мен имам болып қызмет атқарған Бөкейордасы ауданы мен Жаңақала аудандарында да құлпытас өте көптеп сақталған. Бұл құлпытастарға қазір бүкіл дүниежүзінің ғалымдары елеңдеп отыр. Қалмақтар мен орыстар көптеген құлпытастарды сындырған. Кеңес үкіметі кезеңінде олар ғимараттардың іргетасына жан-жақтан жинап әкеліп салынса, қиыншылық замандарда азын-аулақ құлпытастар диірменге пайдаланылған. Сордан ойылған тастың мықтылығын қараңыз, диірменде тұрып, ұнға араласпауына таң қаласыз. Бақсам, құлпытастарда ай күнтізбесімен де күн күнтізбесімен де қатар, жылын, айын, күнін түгел жазғанына куә болдым. Тіпті аптаның күндерін де «жұма, пишенбі»- деп жазған. Құлпытастардағы бұл жазулар Кеңес үкіметі орнаған кезде қазақ халқының тек бір-екі пайызы ғана сауатты болған деген сөздің жалған тұжырым екенін көрсетеді. Шындығында ол жазуларды ешкім оқи алмайтын болса, жиырма бес, отыз жылқыға құлпытас жасатып, оған марқұмның өмір дерегін, осынша дұғаларды  жазудың не керегі бар. Ата-бабаларымызға деген сағыныш, көне тарихты танып-білу, өткенге қызығушылық үзіліп қалған шежірелерімізді қайта жалғайды. Өкінішке орай құлпытастардағы көптеген жазу өшіп бара жатыр. Сондықтан қолдағы бар мағлұматтарды пайдаланып, әзірге оқылуға мүмкіндігі бар құлпытастардағы жазуларды хатқа түсіруіміз қажет-ақ. Күннің ыстығы мен суығы, қар мен жаңбыр, желдің әсері құлпытастарда таңбаланған деректерді танып-білуімізге жыл өткен сайын кедергі келтіруде. Құлаған құлпытастардың үстіне қой құмалағы түссе, жетіп жатыр. Қалың тасты да ойып жібереді.

Ата-бабасының өз уақытында, өз ортасында беделді болғандығын құлпытасында сақталған мәліметтерден ұққан ұрпақтары бүгінде мақтаныш етеді. Әрбір құлпытасқа кем дегенде үш атаның аты жазылған. Көбінесе әкесінің аты мен құлпытас иесінің өзінің есімі, тасты қоюшы баласының аты да жазылады. Кейде пәленше немересі, пәленше ұлы түгенше, тас қойған баласы деп жазған кезде төрт ата белгілі болады. Туған жылы мен қайтыс болған жылы, жасы анықталады. Мұндай дәлдікпен дерек алу — ата-тек шежірелеріне деген күмәнді ойдан арылтып, шынайы көзқарас қалыптастырады деп ойлаймын. Түсініксіз сөздерге кітабымның соңында түсініктеме бердім. Қаратөбе, Қазталов, Жәнібек, Бөкейорда, Тасқала, Бәйтерек аудандарынан суретке түсіріп жіберген құлпытастарды компьютермен оқып, тастағы жазуларды кириллицаға аударып шықтым. Ордадағы хан зиратына, Бөрлі ауданындағы, Тайпақ өңіріндегі, Теректі ауданындағы Жантөре хан зираттарындағы құлпытастарды оқуға да көмектесіп, Алматыдағы Шығыстану институтының ғалымдарымен бірге жүргізілген экспедицияларға қатысып келдім. Жәңгір хан, Есім хан, Жантөре, Айшуақ  хандардың қорымдарындағы өздері мен жанына жерленген адамдардың құлпытастары  зерттелді. Тайпақтан Сүгір жырау Мырзалыұлының құлпытасы да табылып, толық оқылды. Батыс Қазақстандағы мұндай үлкен зерттеу жұмыстарының жасалуына ұйытқы болып отырған ұлтжанды азамат «Тарих және археология орталығының» басшысы Жантас Сафуллин екенін айтып өтуіміз керек.

Және қазіргі уақытта бұлтартпас дәлелдермен тарихымызды түгендеу үшін пайдаланатын құралымыз құлпытаспен қатар мұрағат құжаттары екені даусыз. Уфа мұрағатынан Жантас Сафуллин бауырымызәкелген мешіт метірке кітаптарының көшірмесінен көптеген мағлұмат алып отырмыз. Дүниеге келген баланың туған күні, туған жері, руы, ата-анасы мен ата-әжелерінің есімдері анықталып, ауылдағы мешіт, ол мешіттегі діни қызметкерлер, мешітке келетін жамағат, айналасындағы ауылдар арақашықтық шақырымдарымен жазылған. Мешіттердің неше жылдан бері заңды тіркеумен қызмет атқарып тұрғандығын, мешіттің діни қызметкерлерінің неше жаста екендігі, қай жылдан бері қызмет атқарып келе жатырғандары, қай мектепте, кімнен білім алғандықтары жазылған. Некелескен жұптардың руы, аты-жөндері, жанашыр уәли өкілдер, куәгерлер, берген қалыңмалдары, неке қиған указной молданың аты-жөні, діни лауазымы жазылса, ажырасу талақ хақындағы жазбаларда да руы, ата-анасы, куәлердің аты-жөндері руларымен толық жазылған. Ажырасу себептері, хулғ талағында керісінше әйелдің күйеуіне қалыңмалды қанша мөлшерде қайтарып бергені куәлермен жазылған. Ажырасу себептері көпшілігінде «ерінің әміріне бағынбай, қарсылық білдіруі, жаман қылықты болып, арада махаббаттың жоқтығы себепті» деп келеді. Және 3 ай ғиддат мерзімі ішінде күйеуінің ашуы қайтпауы себепті ажырасты деп келеді. Қалыңмалдардың көбі 60 қой, 16 сиыр, 2-3 жылқы, 1-2 түйе, қалғаны несиеге берешек деп келсе, орташа қалыңмалдар 8 сиыр, 30 қой, жылқы мен түйе болып келеді. Осындай қалыңмалдар осы күні берілсе ажырасу азаймас па екен деген ой келеді. Қазіргі уақытта үйлену де ажырасу да оңай болып кетті ғой. Шариғи мәселелер қарапайым халыққа түсініксіз болмасын деп құлпытас пен метіркелердегі түсініксіз сөздерге, ай күнтізбесі (һижра), ескіше және қазіргіше 3 түрлі ай аттарына  арнайы түсіндірме сөздіктер жаздым. Қайтыс болған адамдар туралы жазбаларда руы, ата-анасы, ата-бабасы, неше жаста қай аурудан қайтыс болып, қай жерге жерленгендері толық жазылған. Құлпытастарды оқу кезіндегі анық көрінбеген, ойылған тастағы жазуларды архив құжаттарымен салыстырып қайта оқып, өзіміз топырағында аунап, күрке тігіп жатып зерттеген құлпытастардан оқыған бабалар есімдерін Уфа архивінің құжаттарынан көру еріксіз жан дүниені елжіретеді.

Барлық молданы ахунның орынбасарлары, яғни халпелер басқарған. Ахун болып діни саланы басқарған         Жаббар Хамадұлының құлпытасы Ордадағы Хан зиратында сақталған. Онда ахунның 1875 жылы 16 саратанда 93 жасында қайтыс болғаны, құлпытасты Қазан саудагері Насиболла Нығметоллаұлының қойғаны жазылған. Бұған қарағанда Бөкей орданың алғашқы ахуны 1782 жылы туғандығын көреміз. Есептесек, Меккеде білім алған жас молда Ордаға келіп, имам болып тағайындалған кезде 29 жаста екен. Бұл кезде Жәңгір 8 жаста ғана болатын…

Дегенмен, әр рудың яғни әр ауылдың (старшындықтың) өз мешіті ашылып, имамы тағайындалып, мұсылмандардың туғаны, дүниеден өткені неке қиғаны һәм ажырасқаны туралы деректер жүйелі түрде қағазға түсе бастағаны Жәңгір хан Бөкейханұлының тұсына келді. Әр ауылдың молдасын Жәңгір хан өз бұйрығымен бекітіп отырған. Бұған жоғарыда келтірілген кесте дәлел.

«Жәңгір хан» кітабында Тілекқабыл Боранғалиұлы былай деп жазады:

«… Руларға тағайындалған молдаларға ол өз мөрімен бекітілген бұйрық пен ережелер таратты. Ханның талабы бойынша молдалар Ордадағы рухани саланы қадағалады. Олар атқаратын істер мен ұстанатын ережелер ханның арнайы нұсқауымен бекітілді. Сол себепті де ел ішінде «нұсқаулы молда» (указной молда ) атанғандар (әкем Қаспидің әжесі Айша II Теңіз Жағалауы округі әлмембет-кете Шатан Аманов басқарған Ноғайбай деген 13 бөлім старшындығында указной молда болған сарыкемпір-кете Рахмет қажы Жұбатырұлын «Үкәз қайнаға» дейді екен) Жәңгір ханның жарлықтары негізінде жұмыс жасайды екен. Ол жарлықтар мешіт, мектептер салдыру, апталық және жылдық мерекелерді атап өту, жас балалардың сауатын ашу, жұртты дінді пір тұтып, күн сайын құлшылық етуге, ораза ұстауға дағдыландыру, жұма күндері және жыл бойындағы басқа да мерекелерде дұға намаз кезінде имамдық атқару, оны уағыз айтумен аяқтау болған.

Қара халыққа мұсылмандық парыздан хабары жоқтарға дініміздің қағидаларын түсіндіру, жаңа туған нәрестеге лайықты есім беру, ұл балаларды сүндетке отырғызу, құда түскендер мен айттырылғандардың некесін қию, өлгендерді барлық дәстүрмен арулап жерлеу, ұлды үйлендіріп, қызды ұзатарда қалың мал берудің басы-қасында болу, куәлардың көзінше бір ата-анадан «бердім», екіншісінен «алдым» деп айтуды талап ету, күйеуі өлген әйел тұрмысқа шығуды қаласа оның жүкті еместігін сұрап білу, онсыз өз заңымыз бойынша белгілі уақытқа дейін (ғидда мерзімі), жесірді әкесі мен анасының рұқсатынсыз басқаға қоспау, қайтыс болған адамдардан қалған мүлікті ағайын-туысқа өз заңымызбен бөліп беру, егер оған мүмкіндік болмаса ханға хабарлап, рұқсатын күту, ауқатты қазақтарға мал-мүлкінен зекет берудің шариғаттың заңдылығы екенін түсіндіру, көзін жеткізу, өзі молда қойылған ру адамдарының ұрлық-қарлықпен айналыспауын, заңға қарсы іс-әрекеттерін жасамауын бақылау ахунның басты міндеті саналған. Бұл міндеттерді орындауда молдаларға жәрдем көрсету жөнінде хан осы руларды басқарушы сұлтандарға, билер мен старшындарға жазбаша түрде тапсырма берді. Нұсқаулы молдалар өздері шығарған үкімдерді, жасаған ұйымдары туралы жыл сайын ханға жеткізіп тұрды…» (Боранғалиұлы Т., Жәңгір хан, Алматы, «Абзал-ай» баспасы, 2014,93-95 беттер).

(Жалғасы келесі санда).

Мұратбек ЖАХАТОВ,

Бәйтерек ауданы Асан ауылдық мешітінің бас имамы