2.08.2019, 17:37
Қараулар: 1665
ҚОС БИОЛОГ БАҚШАСЫ көпке үлгі

ҚОС БИОЛОГ БАҚШАСЫ көпке үлгі

 

Ұстаз да ұстаз бар. Тек мектепте емес, болмыс-бітімімен, ойдағы. Түздегі тірлігімен, кісілігімен көпке үлгі болатын. Бөкейлік жұртшылық Руслан Жахатов пен Нұргүл Елеусінованың жұбын дәл осылай таниды.

Бүгінгі мақаламызда бұл әулеттің ұстаздық қызметін, еңбек жолындағы табыстарын сараламай, қос ұстаздың күнделікті тірліктегі еңбекқорлығын айтпақпыз.

Әгәрәки, Руслан Каспиұлының үйіне бара қалсаңыз, кіре берістен-ақ, алма, алмұрт пен өріктің хош иісі мұрыныңды жарып, аулада жайқала өскен қызғалдақ, райхан гүлдері көз қуантады. Алақандай ғана жерге жеміс ағаштары да, қияр, қызанақ, қарбыз, болгар бұрышы, пияз, аскөгі, жүзім де жарыса орын алыпты.

– Жеміс ағаштарын 2006 жылы отырғызған едік. Жеміс беруі әр жылда әр қалай. Күтіп-баптамасаң, қаншалықты жауын-шашынды жылдың өзінде түйір жеміс бермеуі мүмкін. Бұлар да тірлік иесі, құдды бір адам сияқты ғой, бапты, күтімді қажет етеді. Ағаңның ермегі осы. Артық мұртша, қисық біткен бұтағын кесіп, күн ұзаққа осы бақшада жүргені. Қазір шүкіршілік, су келіп тұр. Ауылдық жер болған соң тыңайтқыш іздеп әуре болмайсың. Тыңайтқыш өз қораңнан шығады. Компос (қара шірінді) дайындайды. Қыстай қораның жанына көң төгіп, тамақтың қалдықтарын сорттап, сөгіп, органикалық тыңайтқышты ағаң өз қолымен дайындайды. Артық шығыны жоқ,-дейді Нұргүл жеңгеміз.

Мамандықтары жаратылыстану пәндерінің мұғалімдері болғандықтан  бақша баптаудың сан алуан әдісін біледі.

– Алақандай жерден айтарлықтай көп өнім алудың құпиясы неде? –деп сұрадық.

– Әнебір асып бара жатқан құпия жоқ. Қияр, қызанақ, көкөнісің жақсы өнім беру үшін бастысы, топырағың қара, борпылдақ болуы керек. Арнайы химиялық тыңайтқыш сатып алып, қолданбаймыз. Кәдімгі қара сабынды салқын суға езіп, суын сыпырғышпен бүркіп шығамыз. Тағы бір әдіс: көк пияздың сабағын пайдалану. Көк сабақты жинап, табаққа салып, үстінен ыссы су құйып, әбден суығанша күтеміз. Сосын осы сумен жүзімге тарттырып қойған жіптерді сүртіп, сабағын сол жіпке іле салсаңыз, еш зиянкес жақындамайды. Ал, жеміс ағаштарын сөндірілмеген әкпен әктеп шығу – бұлжымас заңдылық. Оны бәрі біледі ғой. Бау-бақша дегенің көз қуантып, көрік беріп, жемісін беріп, дастарханыңды толтырып қана қоймайды. Бау-бақшада жүрудің өзі – жанның рахаты ғой. Жасыл желекті бақшада жан демалады. Шаршағаныңды білмейсің, — дейді білікті биолог ағамыз.

Рәкең осылай десе, бау-бақша өнімдері Нұргүл жеңгеміз үшін үлкен пайда, таза табиғи өнім, әжептәуір үнем.

– Не бір натрий нитраты, химиялық тыңайтқышпен қоректенбеген табиғи өніммен қоректену үшін биолог, агроном болу шарт емес. Бастысы, ниет керек. Биыл өнім жақсы. Жертөлемді толтыруға қалдым. Бәрі де осы бақшаның өнімі, -дейді жеңгеміз.

Айтса, айтқандай, жертөле сөресі толуға қалыпты.

Қос биологтың желекті бақшасы осындай! Мақтануға, мақтан етуге тұрарлық. Ауырайын десе, ауруы жоқ, бағайын десе малы жоқ, селтең жүріспен аяқтарына, бос сөз, қысыр әңгімемен ауыздарына тыным бермей жүрген көп жалқау үлгі алса, кәнеки?!..

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ  

 

Замандас келбеті

Басқа да мақалалар